Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

25 шілде. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 25 шілде күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

25 шілде. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

75 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Сыртқы саяси зерттеулер институты» АҚ Басқарма төрағасы Болат Қабдылхамитұлы НҰРҒАЛИЕВ дүниеге келді.

Болат Қабдылхамитұлы НҰРҒАЛИЕВ
Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

Ақмола облысында туған. 1972 жылы С.Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық институтын, 1975 жылы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Ю.В. Андропов атындағы институтын бітірген.

1980 жылы Совет Одағының Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа орналасты. Совет Одағының Оңтүстік Азиядағы елшіліктерінде – Пәкістан Ислам Республикасы (1981-1985 жылдары) және Үндістан Республикасында (1990-1992 жылдары) екі шетелдік іссапардан кейін 1992 жылы тәуелсіздік алған Қазақстан Республикасына оралып, Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа кірді. Онда халықаралық қауіпсіздік және қару-жарақты бақылау басқармасының бастығы, сондай-ақ кейіннен Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметтерін атқарды.

Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы (1996-2000 жылдары), Корея Республикасындағы (2001-2003 жылдары), Жапониядағы (2004-2006 жылдары) және Израиль Мемлекетіндегі (2012-2014 жылдары) Елшісі болды. 2007-2009 жылдары Қытай Халық Республикасының Пекин қаласында орналасқан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы еді. Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету кезеңінде бұл ұйымның әрекет етуші төрағасының ұзаққа созылған қақтығыстар жөніндегі арнайы өкілі қызметін атқарып жүрді. 2014 жылы еліміздің дипломатиялық қызметіндегі жұмысын аяқтағаннан кейін «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы президентінің кеңесшісі ретінде жұмыс істеді. 2019 жылғы желтоқсаннан бастап, ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Сыртқы саяси зерттеулер институты» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болып, 2021 жылғы сәуірде осы мекеменің Басқарма төрағасының лауазымына тағайындалды.

«Құрмет» ордені (2010 жыл), «Достық» ордені (2020 жыл) және медальдармен марапатталған. 1996 жылы Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі дипломатиялық дәрежесін алған.

64 жыл бұрын (1962) «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Бекен Канелұлы СЕЙДАХМЕТОВ дүниеге келді.

Бекен Канелұлы СЕЙДАХМЕТОВ
Фото: Агибай Аяпбергенов/Kazinform

Рига азаматтық авиация инженерлері институтын, Алматы менеджмент мектебін бітірген.

Еңбек өтілі: 1984 жылы «Правда» газетінде маман, 1990-1994 жылдары «Қазақкумулятор» өндірістік-диспетчерлік бөлімінің инженер-диспетчері, экономисі, қаржыгері, 1994-1998 жылдары Алматы әуежайы қаржы тобының бухгалтері, «Қазақстан әуе жолы» ҰАК қаржы жұмысы бойынша бастығының орынбасары, Алматы әуежайының бас бухгалтері, 1998-2011 жылдары мемлекеттік органдарда түрлі басшылық лауазымдарда қызмет атқарған. 2011-2014 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы, 2014-2017 жылдары ҚР Инвестиция және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы, 2017-2019 жылдары Қазақстан Республикасындағы ТРАСЕКА үкіметаралық комиссиясының тұрақты өкілдігінің басшысы лауазымын атқарды. 2019-2025 жылдары Азаматтық авиация академиясының ректоры қызметінде болды.

Қазіргі қызметін 2025 жылғы желтоқсаннан бері атқарып келеді.

54 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаментінің директоры Венера Қамысбайқызы КАЛИМОВА дүниеге келді.

Венера Қамысбайқызы КАЛИМОВА
Фото: ҚР Үкіметі

Қазақстан мемлекеттік заң академиясын бітірген.

Еңбек жолы: 1995-2001 жылдары Ақтөбе облысы Әділет басқармасының жетекші, бас маманы, 2001-2015 жылдары ҚР Әділет министірлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетінің бас маманы, бөлім бастығы, Төраға орынбасары, 2015-2019 жылдары ҚР Әділет министірлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департамент директорының орынбасары, директоры, 2017-2023 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес ұйымы басқармасы аппаратының Жылжымайтын мүлік департаментінің директоры, Астана қаласы бойынша филиалының директоры, Тіркеу қызметі департаментінің директоры, 2023-2024 жылдары Әділет министірлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаментінің директоры лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметін 2024 жылғы қазан айынан бері атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

45 жыл бұрын (1981) Орал қаласы әкімі аппаратының басшысы Ержан Рысжанұлы ТҰРМАҒАМБЕТОВ дүниеге келді.

Ержан Рысжанұлы ТҰРМАҒАМБЕТОВ
Фото: Орал қаласының әкімдігі

Батыс Қазақстан облысында туған. Қазақ-орыс халықаралық университетін «құқықтану» мамандығы бойынша, сондай-ақ Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін «стандарттау, метрология және сертификаттау» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын Шыңғырлау ауданы әкімі аппаратының құқық мәселесі жөніндегі бас маманы болып бастаған.

Әр жылдары Шыңғырлау ауданы әкімі аппаратының бөлімдерінің меңгерушісі. Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің бас маманы, Шыңғырлау ауданы әкімі аппаратының басшысы, Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары, Шыңғырлау ауданының әкімі, Тасқала ауданы әкімі аппаратының басшысы., Батыс Қазақстан облысы Заң консультанттары палатасының мүшесі қызметтерін атқарды.
Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының жалпы бөлімінің басшысы қызметінде болды.

Қазіргі лауазымын 2025 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келеді.

33 жыл бұрын (1993) қазақстандық ауыр атлет, үш дүркін әлем чемпионы, Токио-2020 жазғы Олимпиадасының қола жүлдегері Зульфия Салахарқызы ЧИНШАНЛО дүниеге келді.

ЧИНШАНЛО Зульфия Салахаровна
Фото: confederation.kz

Қытайдың Дао округінде дүниеге келген.

Жастар тобында ол 2009 жылы Чиангмайда (Таиланд) өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері және 2010 жылы Сингапурде өткен жасөспірімдер арасындағы бірінші Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері (санаты 58 келіге дейін) атанды. Ересектер тобында 53 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Ол 2009, 2011 және 2014 жылдардағы әлем чемпионы, 2010 және 2014 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері, 2009, 2010, 2011 және 2012 жылдардағы Қазақстан чемпионы.

Ол Алматы облысын жақтайды. 2012 жылдың шілдесінде Зүлфия Лондон Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алды, бірақ 2016 жылы допинг қолданғаны үшін жүлдеден айырылған. Чиншанло серпе көтеруде тұрақты түрде бірнеше әлемдік рекордтар орнатты – 130 кг (Әлем чемпионаты, Париж, 2011 ж.); 131 кг (OI, Лондон, 2012), 132 кг (Әлем чемпионаты, Инчхон, 2014), 133 кг және 134 кг (Әлем чемпионаты, Алма-Ата, 2014 ж.). Қазіргі рекорд 134 келі. 2016 жылы маусымда Халықаралық ауыр атлетика федерациясының шешімімен 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында спортшыдан алынған допинг сынамасының қолайсыз нәтижесіне байланысты ол спортпен шұғылданудан уақытша шеттетілді. Спортшының сынамасынан анаболикалық стероидты препараттар Stanozolol және Oxandrolone табылды.

2021 жылы шілдеде Токиода өткен 2020 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарында 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Зүлфия Чиншанло қоссайыс бойынша 213 (90+123) келі көтеріп, үшінші орын алды.