25 тамыздан бастап алименттер арнайы банктік шоттарға аударылады
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 25 тамыздан бастап Қазақстанда алимент төлеудің жаңа тәртібі күшіне енеді, деп хабарлайды Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.
Енді атқарушылық іс жүргізу аясында өндірілетін алимент арнайы банктік шотқа ғана аударылады.
Бұл өзгеріс 2026 жылғы 24 маусымда қабылданған заңға сәйкес енгізіліп отыр. Оның мақсаты — алиментке арналған ақшаның толық сақталуын қамтамасыз етіп, оны тек балаға немесе еңбекке қабілетсіз адамды асырауға пайдалану.
— Жаңа тәртіп бойынша алимент алушы арнайы банктік шот ашып, оның деректемелерін сот орындаушысына ұсынуы қажет. Сот орындаушысы өндірілген алимент қаражатын тек осы шотқа аударады. Арнайы шоттағы қаражатқа арест салынбайды және ол алимент алушының басқа қарыздарын өтеуге пайдаланылмайды. Осылайша, алимент қаражаты басқа міндеттемелерді өтеуге жұмсалмай, толық көлемде өзінің мақсатына пайдаланылады, — делінген хабарламада.
Әділет министрлігі арнайы шоттың болмауы алимент төлеушіні міндетінен босатпайтынын ескертті. Алайда алимент алушы арнайы шоттың деректемелерін ұсынғанға дейін өндірілген қаражатты аудару мүмкін болмайды. Мұндай жағдайда сот орындаушысы алимент алушыға арнайы шот ашып, оның деректемелерін беру қажеттігін хабарлайды. Деректемелер ұсынылғаннан кейін жиналған қаражат белгіленген тәртіппен аударылады. Бұл аралықта алимент бойынша берешек сақталады және жойылмайды.
Министрлік сондай-ақ алиментке арналған арнайы шот ашатын банктердің тізімін немесе ашылған мұндай шоттардың санын жүргізбейтінін хабарлады. Бұл ақпарат Қазақстан Ұлттық банкінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және екінші деңгейлі банктердің құзыретіне жатады.
Жаңа норма алимент алушылардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, балалар мен еңбекке қабілетсіз адамдарға арналған қаражаттың сақталуына қосымша кепілдік беруге бағытталған.
Бұдан бұрын Маңғыстау облысында алимент бойынша 95 млн теңгеден аса берешек өндірілгенін жаздық.