17:49, 22 Наурыз 2014 | GMT +5
250 мың әйел Ауғанстандағы қантөгісті тоқтату үшін БҰҰ-ға үндеу жолдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстандағы 250 мың әйел БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунға елдегі зорлық-зомбылыққа нүкте қою үшін үндеу жолдады.
Бас хатшы болса, бастамаға қолдау білдіре келе, осы үндеу Қауіпсіздік Кеңесі қарарының рухына сай келетінін, сондай-ақ Ауғанстан халқы өз жерінде бейбітшілікті талап етіп отырғандығын атап өтті. Айта кетейік, нәзік жандылардың үндеуі осы елдегі президенттік сайлауға дайындық аясында қауіпсіздік жағдайының күрделене түсуіне орай жолданып отыр. Бір аптада бұл мемлекетте лаңкестік әрекеттер салдарынан 50-ден астам адам ажал құшты. Оның ішінде Фарьяб провинциясы базарындағы жарылыстан 15 адамның өмірі қиылды. Сонымен қатар жақында Кабулдегі қонақүйге шабуыл жасалды, деп жазады ИТАР-ТАСС.