26,7 миллион теңге жалақы прокуратураның араласуымен төленді
ҚЫЗЫЛОРДА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Қызылорда табиғат қорғау прокуратурасы уәкілетті орган мамандарымен бірігіп "Ұлы қабырға Қызылорда" бұрғылау компаниясы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек заңнамаларының сақталуына байланысты тексеру жүргізгенде бірқатар заң бұзушылықтар анықталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Биылғы жылдың қаңтарында серіктестіктің 454 жұмысшысының 26 млн.701 мың 510 теңге кешіктірілген жалақысы тек прокуратура араласқан соң төленді. Сонымен бірге осы мекеменің еден жуушылары Ж.Бексейітова мен С.Бекежанованың жыл сайынғы ақылы қосымша демалыстары берілмей келген. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде ешбір кемсітушілікке жол берілмейтіндігі айқын көрсетілсе де қазақстандық маманның шетелдіктермен бірдей жұмыс атқаратындығына қарамастан, олардан жалақыны едәуір төмен алатындығы анықталды. Мысалы, қазақстандық азамат Б.Құрамысовтың еңбек жалақысы 43 мың теңгені құраса, дәл осы лауазымдағы шетелдік қызметкерлер Тао Мэнцзяо мен Тэн Лицянге 48 мың теңге еңбекақы төленіп келген. Бұған қоса, шетелдік қызметкерлерге қосымша түрде шетелде жұмыс атқарғаны үшін 38 мың 879 теңге ай сайын үстем ақы төленген. Елімізде ең төменгі жалақы 12 025 теңгені құрайтын болса серіктестіктің техникалық қызметкерлеріне 11 мың теңге ғана айлық бекітілген."Ұлы қабырға Қызылорда" серіктестігін тексеру кезінде мұнан өзге толып жатқан еңбек заңдылығы бұзылғандығы анықталды. Қазіргі таңда осы заң бұзушылықтарға байланысты Қызылорда табиғат қорғау прокуратурасы тарапынан компанияға ескерту жасалды.