26 желтоқсан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 26 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
64 жыл бұрын (1959) қазақстандық қаржыгер, экономист, Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасының кеңесшісі Григорий Александрович МАРЧЕНКО дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. КСРО Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу Мемлекеттік Халықаралық қатынастар институтын (ММХҚИ) бітірген, халықаралық экономист.
Еңбек жолы: 1984-1986 жылдары конструкторлық-технологиялық бюроның үшінші санатты инженер-конструкторы, ҚазКСР түсті металлургия министрлігі басшы кадрлар бөлімі бастығының орынбасары, 1986-1988 жылдары Қазақ ғылыми-зерттеу ғылыми-экономикалық және техникалық-экономикалық зерттеулер институтының аудармашысы, редакторы, аға редакторы және маркетингтік ақпараттық тобының жетекшісі болып еңбек етті. 1988-1990 жылдары жартылай өткізгішті машина жасау конструкторлық бюро секторының атқарушы директоры, «Алоэ» ғылыми-өндірістік кооперативтік орталығының төрағасы, 1991-1992 жылдары «Еуразия» өңіраралық мемлекеттік экологиялық консорциумының Сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі бас сарапшысы, 1992-1994 жылдары Қазақстан Республикасы Вице-президентінің көмекшісі, 1994-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары, 1996-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы, 1998-1999 жылдары «Deutsche Bank-Securities» OAO Президенті (Kazakhstan) қызметтерін атқарды. 1999-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы, 2004 жылы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, 2004 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, 2005-2009 жылдары «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Басқарма төрағасы, 2009-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы болды.
Қазіргі қызметін 2020 жылғы қазан айынан атқарып келеді.
58 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасы Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы аппаратының жетекшісі Магомед Магомедзапирович АКАЕВ дүниеге келген.
Дағыстан АКСР Бунайак ауданы Нижнее Казанище ауылында туған. Р.А. Руденко атындағы Свердловск заң университетін бітірген.
Еңбек жолын 1990 жылы Маңғыстау облысының прокуратура органдарында, Ақтау қаласы прокуратурасының тергеушісі қызметінен бастаған. 1990-1991 жылдары Гурьев облыстық прокуратурасында, 1991-2000 жылдары Ақтау қаласы прокурорының көмекшісінен бастап Маңғыстау облысы прокуратурасының жалпы қадағалау бөлімінің бастығына дейін түрлі лауазымдарда қызмет еткен. 2000-2001 жылдары Бас әскери прокуратураның басқарма бастығы, 2001-2002 жылдары Алматы қаласы прокуратурасында мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылықты қадағалау жөніндегі басқарманың аға прокуроры, бастығы болған. 2002-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының, Мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылықты қадағалау жөніндегі департаменттің аға прокуроры, департамент бастығы, 2009-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры Аппараты басшысының орынбасары болып қызмет еткен. 2016-2018 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы 3-Институтының директоры, 2018-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының Кәсіптік оқыту институтының (1-Институт) директоры болған.
Қазіргі қызметін 2023 жылғы мамыр айынан атқарып келеді.
47 жыл бұрын (1976) жылы ҚСЗИ директорының орынбасары Асқар Қуандықұлы НҰРША дүниеге келген.
Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетін, Халықаралық қатынастар және Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты кафедрасы бітірген. Тарих ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолы: 2001-2005 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің ҚР халықаралық қатынастар және сыртқы саясат кафедрасының оқытушысы, 2005-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сыртқы саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі, 2007-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының халықаралық зерттеулер орталығының басшысы, 2012-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) жетекші сарапшысы, 2013 жылы халықаралық зерттеулер орталығының басшысы қызметтерін атқарған. 2013-2017 жылдары сыртқы саясат жөніндегі жобалардың үйлестірушісі, 2017-2018 жылдары ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) Алматы Кеңсесінің Басшысы, 2018-2020 жылдары Almaty Management University мемлекеттік және қоғамдық саясат және құқық мектебінің деканы, 2022-2023 жылдары директордың кеңесшісі болды.
Қазіргі қызметін 2023 жылғы тамыз айынан атқарып келеді.
129 жыл бұрын (1894-1938) мемлекет және қоғам қайраткері,Түркістан Республикасы Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы, Түрксіб құрылысының негізін салушылардың бірі Тұрар РЫСҚҰЛОВ дүниеге келген.
1907-1910 жылдары Тұрар Меркідегі орыс-қазақ бастауыш мектебінде, 1910-1914 жылдары Бішкектегі ауыл шаруашылық училищесінде оқып, бау-бақша мамандығын алады. 1914-1916 жылдары Меркіде және Ташкент түбіндегі бау-бақша ісімен айналысады. 1916 жылдың жазында Әулиеата оязында отаршылдыққа қарсы қарулы көтерілісті ұйымдастырғаны үшін қамауға алынады. Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы жас интеллигенттердің саяси сауаттану мектебі болды және олардың тағдырын айқындап берген ұлы қозғалыс еді. 1917 жылғы революция кезінде патшаның тақтан құлағанын естіген Т. Рысқұлов Ташкенттегі оқуын тастап, Әулиеата оязындағы Меркі ауданына келеді. Онда еркіндік пен тәуелсіздік үшін күресу мақсатында 1917 жылдың басында «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады.
1918 жылы Әулиеата оязы Совдепі төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Қазан айында Кеңестердің VІ съезінде ТүркОАК құрамына кіреді. Одан кейін Түркістан Республикасының денсаулық сақтау халкомы болып тағайындалады. Түрлі қызмет атқарып, 1920 жылы Түркістан Компартиясы ОК-нің мүшесі, Түркістан АКСР ОАК төрағасы болып сайланды. Рысқұловтың саяси, мемлекеттік қызметкер ретіндегі есімі Мұсылман бюросындағы қызметімен байланысты кеңінен белгілі болды. Оның басшылығымен Мұсбюро Орталықтың қысымы мен диктатына қарсы үнемі күрес жүргізді. Түркі Республикасы мен Түркі компартиясын құру жөніндегі Рысқұлов көзқарастары Мұсбюроның ІІ конференциясында қолдау тапты. Бірақ орталық араласып, түркістандықтардың ұлттық бағдарлануға деген еркіндігін басып тастады. Тұрарға пантюркизм мен ұлттық ауытқу жөнінде айып тағылып, өмірінің соңына дейін қамалды. Т. Рысқұлов 1920 жылы Бакудегі Шығыс халықтарының І съезінің жұмысына қатысты.
1920 жылы желтоқсанда РСФСР Ұлттар ісі жөніндегі халкомының орынбасары, 1922 жылы Түркістан Республикасы Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалды. 1924 жылы Монғолияға Коминтерннің өкілі ретінде жіберілді. 1925 жылы Қазрайком БКП (б) баспасөз бөлімінің меңгерушісі және «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы, 1926-1937 жылдары мақта жөніндегі тұрақты мәжіліс төрағасының орынбасары. Оның қаламынан ондаған кітап, кітапша, 100-ден астам мақала шықты. 1937 жылдың мамыр айында Мәскеуде қамауға алынған. 1934 жылы құрылған «Бүкілодақтық біріккен орталықты» ұйымдастырушы деген айып тағылған. 1938 жылдың 10 ақпанында ату жазасына ұшырады.