2,7 млн гектар алқаптағы астық қайта көктеп кеткен

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров күз басындағы толассыз жауыннан диқандарға келген зардаптың көлемін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

2,7 млн гектар алқаптағы астық қайта көктеп кеткен
Фото: ҚазАқпарат

«Негізгі астық егетін аймақтарда 3 аптадан астам уақытқа созылған ұзақ жауын-шашын өзінің кесірін көрсетті. Бұл жаңа түсімнің сапасының нашарлауына, астықтың өніп кетуіне, жоғары ылғалдылық пен рефакцияға және дәнді дақылдардың төмен өнімділігіне әкелді», - деді ол Үкімет отырысында.

Сондай-ақ, министр ауа райынан зардап шеккен өңірлерде шығынның ауқымын айқындау үшін жұмыс комиссиялары құрылғанын атап өтті.

«Жұмыс комиссиялары еліміздің зардап шеккен аймақтарына барып, егін жинау жұмыстарының барысына талдау жүргізді. Әкімдіктердің деректері бойынша 2,7 млн гектарда немесе 15% алаңда дәннің өніп жатқаны байқалады. Орташа өнімділік өткен жылғы деңгейден гектарынан 2,7 центнерге төмен екендігін айта кету керек. Қазіргі таңда облыстарда барлық егін жинау техникасы жаппай егістіктерге шықты, егін жинау жұмыстары жалғасуда», - деді Айдарбек Сапаров.

Соңғы жаңалықтар