27 млн теңге шығын: Ұлытау облысында қаржылық пирамида ұйымдастырған азамат сотталды
ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Жезқазған қалалық соты қаржылық пирамида ұйымдастырып, 22 азаматқа жалпы сомасы 27 млн теңге шығын келтірген үшін қала тұрғынын кінәлі деп таныды. Бұл туралы Ұлытау облысы прокуратурасы мәлім етті.

— Өткен жылдың наурыз бен желтоқсан айлары аралығында ол компания кеңсесінде кездесулер өткізіп, жаңа қатысушыларды тіркеумен, компания жүйесінде аккаунттар құрумен және «Telegram» мессенджері арқылы үгіт материалдарын таратумен айналысқан, — делінген хабарламада.
Аталған қызмет азаматтарды электронды валютаға инвестиция салу арқылы сыйлыққа бонус аласың деген желеумен жүйеге тартып отырған.
Сот үкімімен кінәлі адамға 5 жыл бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Прокуратура азаматтарға қырағы болуды, компаниялардың қаржылық қызметін және олардың тиісті лицензияларының болуын тексеруді, сондай-ақ қаржылық пирамидаларының белгілері бар схемаларға қатыспауды ескертеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда «Matic Basket» қаржы пирамидасы 2 мың адамның 80 млн теңгесін қолды еткенін жазған едік.
Ал, Қаржылық мониторинг агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті «ҚазМұнайГаз Инвест» қаржы пирамидасының заңсыз қызметін тоқтатқан еді. «ҚазМұнайГаз» атауын жамылған пирамида 15 күнде 50% пайда уәде еткен болатын.