27 ШІЛДЕ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 27 шілде. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 27 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

27 шілде, ЖҰМА

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Жүйелік әкімші күні. Жыл сайын шілденің соңғы жұмасында корпоративті және үй ішілік желілердің, мәліметтер базаларының, пошталық жүйелердің, бағдарламалық кешендердің әкімшілері мен көзге көрінбейтін «майданның өзге де  сарбаздары» өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Америкалық нұсқада ол Жүйе әкімшісіне алғыс күні деп аталады.

Нью Джерсиде әуе шарларының күні. Бұл Солтүстік Америкадағы әуеде қалқу фестивальдарының ең ірісі, сондай-ақ өте қызықты әрі танымал іс-шара. Мереке жыл сайын шілденің соңғы демалыстарында (АҚШ, Нью-Джерси) редингтон қаласының Солберг әуежайында атап өтіледі. Оның тарихы 1983 жылдан бастау алады.

Вьетнам тәуелсіздігі үшін құрбан болғандарды еске алу күні. Бұл күнге бүтін Вьетнам дайындалады. Жастар, еңбек адамдары, әскерлер жаппай әскери зираттарды абаттандыруға кіріседі. Батырлардың отбастарына сыйлықтар, соның ішінде ақшалай төлемақылар беріледі.

АҚШ-тың басқару ортасы америкалық қарулы күштерді елге кіргізу арқылы 1964-1965 жылдары Вьетнамда жүргізген әскери іс-қимылдар, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ауқымы бойынша ең ірі қарулы шиеленіс саналды. Бұл соғыс жүздеген мың вьетнамдық әкелер мен ұлдардың өмірін қиды, көптеген әскери-адамды мүгедек етті.

 

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

40 жыл бұрын (1972) Қазақ КСР-нің Су кодексі қабылданды.

20 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Молдова Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

198 жыл бұрын (1814) Қазан университеті ашылды.

178 жыл бұрын (1834) Киев университетінің негізі қаланды (қазіргі Т.Шевченко атындағы Киев ұлттық университеті).

93 жыл бұрын (1919) тұңғыш реактивті жолаушылар ұшағы - «Комет» (Ұлыбритания) әуеге көтерілді.

102 жыл бұрын (1910) Орынборда «Багбустан ханым» атты әйелдер медресесі ашылды.

13 жыл бұрын (1999) елімізде қорғансыз балаларға арналған тұңғыш отбасылық жаңа үлгідегі «СОС Алматы балалар қалашығы» ашылды.

7 жыл бұрын (2005) Батыс Қазақстан облысының Казталовка ауданында белгілі күйші Науша Бөкейхановтың 135-жылдық мерейтойына арналған домбырашылардың облыстық байқауы болып өтті.

Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені Оралдан келген Дәурен Тәшпенов алды. Конкурсқа жалпы 18 жас музыканттар қатысты.

Науша Мырзагерейұлы (1870-1944) қазіргі Бөкейорда ауданының Шонай ауылында дүниеге келген. Халық композиторы Дәулеткерейдің күйшілік дәстүрін біздің заманға жеткізген. Ол Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестріне 30 күй берген. Дәулеткерейдің 50 шақты күйін тартқан.

5 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамытуға бағытталған «Агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

5 жыл бұрын (2007) Алматыда «Өмір аллеясы» салтанатты түрде ашылды.

Аллеяда өмірді бейнелейтін, тұмсығымен баланы алып ұшып бара жатқан құтанның мүсіні тұрғызылған. Бұл бейнелеу өмірде үлкен ауыртпалық көріп, тағдырдың тәлкегіне түскен жандарға арналған.

Ұйымдастырушылары - «ЛП-13 Қазақстан» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен Алматы қалалық және Алмалы ауданы әкімдіктері.

318 жыл бұрын (1694) шотландиялық пысықай көпес Уильям Патерсон Англия Банкін құрды.

1946 жылы Англия банкі туралы заң қабылданғаннан кейін ол ұлттандырылып, мемлекеттік банк ретінде жұмыс істей бастады. 1997 жылдың 6 мамырында тәуелсіздігін алғаннан кейін, Банк Ұлыбританияның барлық ақша және қаржылық жүйесін тұрақты деңгейде ұстап тұруға және оны дамытуға ықпал етуге құзырлы.

426 жыл бұрын (1586) ағылшын теңіз саяхатшысы Уолтер Рэли Британияға алғаш рет темекіні алып келді.

185 жыл бұрын (1827) Ресейде алғашқы сақтандыру қоғамы құрылды.

146 жыл бұрын (1866) Британия мен АҚШ-тың арасына су асты кабелі өткізілді.

69 жыл бұрын (1943) Италияда фашистік партия тарқатылды.

65 жыл бұрын (1947) ТУ-12 реактивті бомбалаушы ұшақ алғашқы ұшырылымын жасады.

59 жыл бұрын (1953) корей соғысы Бітімге келу келісіміне қол қоюмен және КХДР мен Оңтүстік Корея арасында қарусыздандырылған аймақты құрумен аяқталды.

59 жыл бұрын (1953) Ватикан қасиетті мерекелік күндері фабрикаларда жұмыс істеуге тыйым салды.

47 жыл бұрын (1965) АҚШ президенті Джонсон темекіні өндірушілерден қораптардың сыртына шылым шегудің денсаулыққа зияндығы туралы жазуды талап ететін заң жобасына қол қойды.

22 жыл бұрын (1990) Молдавия Парламенті Гагаузияның автономиясын жойды.

18 жыл бұрын (1994) Үндістан Парламенті елде болашақ нәрестенің жынысын анықтау бойынша тестілерді жасауға тыйым салды. Себебі, елде тестілер дүниеге қыз бала келетіндігін анықтаған жағдайда жасалатын жасанды түсіктер көбейіп кеткен еді.

2012 жылдың 27 шілдесі күні Лондонда ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылуы болады.

  

ЕСІМДЕР

99 жыл бұрын (1913-1988) театр суретшісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі БАЛЬХОЗИН Игорь Борисович дүниеге келді.

Ресейдің Вятка қаласында туған. 1931-1934 жылдары Вятка, Вологда қалаларының театрларында суретші-көшірмеші қызметін атқарған. 1934-1957 жылдары Алматыдағы Орыс академиялық драма театрында суретші-орындаушы, 1958-1973 жылдары театрдың бас суретшісі, 1974-1987 жылдары қоюшы-суретшісі болған. Осы театрда А.Грибоедовтың «Ақылдан қайғы», А.Толстойдың «Федор Иоаннович патша», К.Симоновтың «Біздің қаланың жігіті», А.Чеховтың «Ваня ағай», М.Горькийдің «Күн балалары», Н.Ановтың «Мұрагерлер», М.Әуезовтың «Түңгі сарын», У.Шекспирдің «Король Лир» (Т.Афанасьевамен бірге) спектакльдерін көркемдеген. Қазақ академиялық драма театрында Горькийдің «Шыңырау түбінде», Ә.Әбішевтің «Достық пен махаббат», «Бір семья», «Кім менің әкем», М.Иманжановтың «Менің махаббатым», Қ.Бекхожиннің «Ұлан асу», Республикалық корей музыкалық комедия театрында Әуезовтың «Қара қыпшақ Қобыланды» сияқты спектакльдердің декорациясын жасаған.

74 жыл бұрын (1938-2008) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының, Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қарағанды қаласының құрметті азаматы АҚЫЛБАЕВ Жамбыл Сәулебекұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. Қарағанды педагогикалық институтын бітіріп, аға оқытушы, деканның орынбасары болған. 1972-1986 жылдары - Қарағанды мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, деканы, проректоры. 1986-1991 жылдары - Атырау педагогикалық институтының ректоры. 1991-2004 жылдары - Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры. 2004 жылдан бастап «Болашақ» актуалды білім беру институтының президенті болған. 80-нен астам ғылыми жарияланымның авторы.

«Парасат», «Құрмет Жұлдызы» (Моңғолия) ордендерімен, медальдармен марапатталған. 

64 жыл бұрын (1948) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, композитор, өнертану профессоры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты МҰХАМЕДЖАНОВ Төлеген дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Семей педагогикалық институтын, Алматы консерваториясын  (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы), П.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясын бітірген.  1982-1986 жылдары - Алматы консерваториясының оқытушысы. 1987-1988 жылдары - Қазақ академиялық опера және балет театрының директоры. 1990-1992 жылдары - «Азия дауысы» халықаралық байқауының бас директоры. 1992-1996 жылдары - «Мәдениет арқылы бейбітшілік» халықаралық қауымдастығы Қазақстан бөлімшесінің төрағасы. 1996-1998 жылдары - «Рухани келісім конгресі» халықаралық қоғамдық қорының президенті. 1998-2004 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары. 2004-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болған. Композитордың хорға арналған күй мен симфониялық оркестрге арналған «Күй толғау», 2 ішекті аспаптар квартеті, «Махамбет» симфониялық поэмасы, «Алдар Көсе» операсы мен «Ғажайыптар елі» зонг-операсы, 2 симфониясы, аспаптық пьесалар, кинофильм («Полигон») мен спектакльдерге арналған музыкалары және көптеген әндері бар. Оның әндері Р.Бағланованың («Іңкәрім»), Р.Рымбаеваның («Заман-ай»), Н.Үсенбаеваның («Ақжелкен») және Г.Сиқымбаеваның («Мен деп ойла») репертуарларынан орын алған.

«Парасат» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

113 жыл бұрын (1899-1970) опера әншісі (тенор), Қазақстанның және Өзбекстанның халық әртісі ОВЧИННИКОВ Анатолий Иванович дүниеге келді.

Ресейде туған. Екатеринбор музыкалық техникумын бітірген. Ол 1936-1940 және 1943-1946 жылдары - Қазақ академиялық опера және балет театрының жетекші әншісі болды. Осы театр сахнасында қазақ, орыс және шет ел композиторларының шығармаларын орындады.

«Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

73 жыл бұрын (1939) суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі ЖҰМАҒАЛИЕВ Әмір Шәкуұлы дүниеге келді.

Ресейдің Астрахан қаласында туған. В.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтын бітірген. Қылқалам шеберінің «Тың астығы», «Спорт», «Қазақ», «Суретші және уақыт», т.б. туындылары бар.

33 жыл бұрын (1979) армрестлингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері ГЕТАЛО Евгений Владимирович дүниеге келді.

Алматы облысының Талғар қаласында туған. Қазақ спорт және туризм академиясын бітірген. Алғашқы жаттықтырушысы - С.Михайлов. Ол жасөспрімдер және ересектер арасындағы республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Әлем чемпионы атанған.

108 жыл бұрын (1904-1986) шахматшы, шахмат тарихындағы екінші, кеңес шахматшылары арасындағы бірінші әлем чемпионы РУДЕНКО Людмила Владимировна дүниеге келді.

Ресейде туған. 1926 жылдан бастап алғашқы әйелдер турнирлеріне қатысқан. 1928 жылы Мәскеу чемпионы атанған. Шахмат саласындағы жетістіктері үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

66 жыл бұрын (1946) Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының ұшқыш-ғарышкері, Кеңес Одағының еңбек сіңірген ұшқыш-сынақшысы, авиация генерал-майоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы ӘУБӘКІРОВ Тоқтар Оңғарбайұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін, Мәскеу ұшқыш-сынақшылар мектебін, Мәскеу авиация институтын бітірген. 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындаған. 1989 жылы 1-ші болып авиатасушы крейсердің алаңқайшысына «МиГ-29г» реактивті ұшағын шеберлікпен дәл қондырған. Сондай-ақ ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізген. 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынып, 1991 жылы сәуірдің 2-сінде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы қазанның 2-сінде Байқоңырдан «СоюзТМ-13» кемесімен ұшқан. Ғарышта ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынған. Сонымен қатар Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды, аспанды астрофизикалық бақылау жұмыстары да ойдағыдай өткен. Ол Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери партриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты. 1992-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары. 1993-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық Аэроғарыштық агенттігінің бас директоры, Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы. 1996-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, кеңесшісі. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары. 2002-2003 жылдары - «Испат-Қармет» ААҚ-ының корпоративтік істер жөніндегі орынбасары. 2004-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық іс, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.

«Құрмет белгісі», Ленин, Қазан революциясы, «Алтын крест» ордендерімен марапатталған.

61 жыл бұрын (1951) мемлекет қайраткері ТЕМІРБАЕВ Алик Ыдырысұлы дүниеге келді.

Қарақалпақстан АКСР Иуйнак ауданында туған. Мәскеу сәулет институтын бітірген. Алматы қалалық атқару комитеті Сәулеттік жоспарлау басқармасының бас сәулетшісі болып жұмыс істеген. 1979-1989 жылдары - «Алматыгипрогор» мемлекеттік жобалау институтының бас сәулетшісі, жобалардың бас сәулетшісі. 1989-1994 жылдары - «Алматы басжоспар» мемлекеттік жобалау институтының жобалар бас сәулетшісі. 1994-2003 жылдары - Алматы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім бастығы. 2003-2004 жылдары - Алматы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы бастығының міндетін атқарушы. 2005-2006 жылдары - Алматы облыстық сәулет, қала құрылысы және құрылыс басқармасы бастығының орынбасары - бас сәулетшісі. 2006 жылдың қарашасынан - Алматы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы бастығының міндетін атқарушы, бастығы.

43 жыл бұрын (1969) Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының әкімі ЕЛУБАЕВ Рүстем Мұқашұлы дүниеге келді.

Р. М. Елубаев 1969 жылы Көкшетау облысы Қызылту ауданы Майское селосында туған. Көкшетау ауыл шаруашылығы университетін тәмамдады. Еңбек қызметін 1992 жылы Көкшетау облысы Ленин ауданы «Майский» совхозында оқыған-тұқымшы ретінде бастады.

2005 жылы - Орал қ. «Азық-түлік корпорациясы» АҚ Батыс Қазақстан облыстық өкілеттігінің директоры. 2005-2006 жылдары СҚО әкімінің кеңесшісі.2006 жылы СҚО Уәлихан ауданының әкімі болып тағайындалды.2007-2009 жылдары СҚО жер қатынастары басқармасының бастығы болып қызмет етті.2009 жылы мамырынан Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданының әкімі болып тағайындалды.61 жыл бұрын (1951) ҚР Парламенті Мәжілісінің 5 сайланымдағы депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі КИКОЛЕНКО Ольга Андреевна дүниеге келді. 1951 жылы 27 шілдеде Қостанай облысы Обаған ауданы Лихачевка кентінде туған. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогика институтын бітірген. Тарих ғылымының кандидаты. 1967-1976 жылдары - неміс тілінің мұғалімі, Қостанай облысы Урицкий ауданы, Лихачевка мектебінің директоры. 1976-1983 жылдары - Селолық кеңес төрайымы, Қостанай облысы Урицкий ауданы, Лермонтов атындағы кеңшардың партком хатшысы. 1983-1992 жылдары - аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Компартиясы, Урицкий аудандық комитетінің хатшысы. 1993-1997 жылдары - Қостанай ауданы әкімінің орынбасары. 1997-2008 жылдары - Қостанай облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы. 2008-2011 жылдары - төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

2012 жылғы ақпаннан бастап бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы депутаттық фракциясының мүшесі.

«Құрмет Белгісі» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдерімен және сегіз мерекелік медальмен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар