27 тамыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

27 тамыз, СӘРСЕНБІ Молдова Республикасының мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1991). Молдова - Еуропаның оңтүстік-шығысында орналасқан мемлекет. Солтүстігі, шығысы және оңтүстігі Украинамен, батысы Румыниямен шектеседі. Астанасы - Кишинев қаласы. Мемлекеттік тілі - молдован тілі. Ақша бірлігі - молдова лейі. Қазақстан Республикасы мен Молдова арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы шілденің 31-інде орнатылды. Ресей Федерациясының Кино күні. Ресейде алғашқы фильмнің премьерасы 1908 жылы 15 қазанда өтті. Ол режиссер Владимир Ромашковтың «Понизовая вольница» атты туындысы болатын. Алғашқы ресейлік фильм небәрі 7 минутқа созылды. Ал алғашқы толықметражды ресейлік көркем фильм «Броненосец Потомкин» болды. Эйзенштейннің бұл әйгілі фильмі экранға 1926 жылы шықты. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 95 жыл бұрын (1919) Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы шешімі қабылданды. Бұл шешімге қарсы Ахмет Байтұрсыновтың саяси наразылығы Қостанайды Қазақстанға қайтаруға негіз болды. 22 жыл бұрын (1992) Алматыдағы Кино үйінде А.Әшімовтың «Елім-ай» киностудиясы түсірген «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» фильмінің премьерасы болды. 22 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. 20 жыл бұрын (1994) Алматыда Неміс үйі ашылды. 13 жыл бұрын (2001) Елбасы Н.Назарбаев Алматы-Бішкек тас жолының бойында жоңғарлармен болған соғыстағы қазақ халқының жеңісіне арналған тарихи ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты. 7 жыл бұрын (2007) Ақтауда жоспарланып отырған Ақтау-Сити құрылысының аумағында сексеннен астам тарихи құнды ескерткіштері бар 28 тарихи-археологиялық кешен табылды. Энеолит және қола дәуіріндегі тұрақтар және қола, темір және орта ғасырлардағы қорымдар табылды. Олардың арасында Қазақстан аумағында мал шаруашылығының тараған дәуіріндегі Қосқұдық-1 және Қосқұдық -2 тұрақтары орналасқан. Археологиялық қазбалар кезінде Басқұдық-1 діни-қабірлеу орнының қалдықтары табылды. Қалдықтарды тазалау кезінде 11-12 ғасырға жататын қыпшақ бозбаласының қорымы, 12-13 ғасырға жататын мұсылмандардың қорымы табылды. 5 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңдегі Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды. 5 жыл бұрын (2009) Павлодардағы Бұхар жырау атындағы облыстық мұражайда тәуелсіз Қазақстанның Ата Заңы туралы әңгімелейтін көрме ашылды. Көрмеге байырғы қазақ қоғамының қажетін өтеуге толық лайықталған және араб жазуымен жазылған Әз-Тәуке ханның «Жеті Жарғысы», фотосуреттер мен Конституцияға арналған материалдарды, Ата заңның қабылдануына жетекшілік жасаған Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың суреттері, Елбасы жазған кітаптар, Қазақстанның жаңа тарихы туралы баяндайтын журналдар, құқықтанушы-ғалымдардың материалдары қойылған.
9 жыл бұрын республикалық қоғамдық-саяси «Президент және Халық» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев басылымның ашылуына орай жолдаған құттықтауында: « Мен Сіздердің газеттеріңіз әрдайым айтса - ақиқатты айтады. Жазса - тек шындықты жазады, қоғамдық құбылыстарға ұдайы әділ бағасын береді, әрі мұны өз қызметінің қатаң қағидатына айналдырады деген үміттемін», -деген болатын. Осы мерзімде басылым сол қағидаттарды басшылыққа ала жүріп ақпарат кеңістігінен өз орнын тапты.
Басылымға алғашқы күннен белгілі публицист, Қазақстан Педагогикалық Ғылым Академиясының академигі, профессор Марат Тоқашбаев жетекшілік етеді.
155 жыл бұрын (1859) полковник Эдвин Дрейктің Тайтасвилла қаласының (АҚШ-тың Пенсильвания штаты) маңына орналастырған алғашқы мұнай құбырынан мұнай шықты. Бұл күн американ мұнай өндірісі дамуының басы болып есептеледі.
59 жыл бұрын (1955) Ұлыбританияда «Гиннесстің рекордтар кітабының» алғашқы басылымы жарық көрді. 55 жыл бұрын (1959) КСРО-да мектепті үздік бітірген оқушыларды медальмен марапаттау туралы қаулы қабылданды. 30 жыл бұрын (1984) КСРО жер астында ядролық қару сынағын өткізді.
ЕСІМДЕР 111 жыл бұрын (1903-1993) режиссер, драматург, театр қайраткері, КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Ленин сыйлығының лауреаты, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының негізін салушы САЦ Наталья Ильинчина дүниеге келді. Ресейдің Иркутск қаласында туған. Мәскеу қаласындағы А.Скрябин атындағы музыкалық техникумды, А.Грибоедов атындағы драма театр студиясын, Мәскеудегі Театр өнері институтының театртану факультетін бітірген. 1937-1942 жылдары жазықсыз жала жабылып, қуғын-сүргінге ұшыраған. 1944-1950 жылдары Қазақстанда өзі ұйымдастырған Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының бас режиссері болып, осы театр сахнасында А.Толстойдың «Алтын кілтін», У.Шекспирдің «Он екінші түн», «Вероналық екі бозбаласын», сондай-ақ Қазақ академиялық опера және балет театрында Дж.Пуччинидің «Чио-Чио-Санын» қойған. Балаларға арналған опералардың либреттосын жазған. Балалар театрына арналған бірқатар пьесалардың, «Менің өмірімнің новеллалары» атты кітаптың авторы. Алматыдағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрына Сацтың есімі берілген. «Ленин» орденімен, басқа да ордендермен және медальдармен марапатталған. 86 жыл бұрын (1928-1978) ақын ЫДЫРЫСОВ Қабдыкәрім дүниеге келді. Павлодар облысында туған. Павлодар педагогикалық училищесін, Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1948-1952 жылдары - Павлодар облыстық атқару комитетінің нұсқаушысы, аға нұсқаушысы. 1952-1957 жылдары - «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің бөлім меңгерушісі. 1957-1961 жылдары - «Жазушы» баспасының аға редакторы. 1961-1965 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты хатшысы. 1965-1972 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы. 1972-1975 жылдары - Қазақстан кітап палатасының директоры. 1975-1978 жылдары «Жалын» баспасының директоры қызметін атқарған. Ақынның «Өмір гүлі», «Саяхатта», «Ол кезде он үште едік», «Үйелмелі-сүйелмелі», «Жасырынбақ», «Әрқашан күн сөнбесін», «Алшында балақай», «Әке жолы», «Шуақты күндер», «Адамның кейбір кездері», «Армысың, Арабстан», «Жарқын жағалау», «Ертіс-толқын», «Жолыққан жолдар», «Аршында, балақай» поэма мен өлең кітаптардың, «Ойлайық та ойнайық» пьесасының, «Ел жатса да енекем жатпайды» әңгімелерінің авторы. Ян Дрданың «Май күндерінде» повесін, О.Гончардың «Қоңырау» романын, Гарсиа Лорканың «Қасіретті қайыңдар», И.Куприяновтың «Вьетнам жұлдызы» пьесаларын, А.Пушкин, М.Лермонтов, К.Хетагуров, Н.Хикмет, М.Луконин өлеңдерін қазақ тіліне аударған. 75 жыл бұрын (1939) мемлекет қайраткері МҰҚАШЕВ Аманбек дүниеге келді. Жамбыл облысында туған. Мәскеу энергетика институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1981-1987 жылдары - Алматы қалалық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1987-1989 жылдары - Алматы ауыр машина жасау зауытының шебері, бөлім бастығы. 1989-1991 жылдары - «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы Атқару комитетінің директоры. 1991-1994 жылдары - «Еңбек» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, «СФПК-КРАМДС» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы. 1994-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының бөлім меңгерушісінің орынбасары, сектор меңгерушісі. 1996-2000 жылдары - Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшілігінің екінші, бірінші хатшысы, кеңесшісі. 2000-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің бас инспекторы, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөіндегі кеңестің хатшылық меңгерушісі. «Құрмет» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 55 жыл бұрын (1959) 3-ші сыныпты мемлекеттік кеңесші САРТАЕВ Дастан Шаймерденұлы дүниеге келді. Қызылорда облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Жамбыл облысының Свердлов ауданы прокурорының көмекшісі, Жамбыл облысы прокурорының аға көмекшісі қызметтерін атқарған. 1998-1999 жылдары - Алматы қаласының аудан прокуроры. 1999-2000 жылдары - Ақмола облысы прокурорының бірінші орынбасары. 2000-2004 жылдары - Маңғыстау облысының прокуроры. 2004-2008 жылдары - Ақтөбе облысының прокуроры. 2008-2009 жылдары - Атырау облысының прокуроры. Соңғы қызметі - Павлодар облысының прокуроры. Медальмен марапатталған. 89 жыл бұрын (1925-2009) мүсінші, ұлттық кәсіби мүсін өнерінің негізін салушылардың бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық суретшісі, Қазақстанның өнер қайраткері, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі НАУРЫЗБАЕВ Хакімжан Есімханұлы дүниеге келді. Қостанай облысының Меңдіқара ауданында туған. Харьков көркемсурет институтын бітірген. 1952-1954 жылдары - Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы. 1961-1965 жылдары - Лениндік сыйлық жөніндегі комитеттің мүшесі. 1959-1965 жылдары - КСРО Суретшілер одағы басқармасының мүшесі. 1952-1966 жылдары Алматы көркемөнер училищесінде оқытушы болған. Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаев, Мәншүк Мәметова, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов ескерткішінің авторы. «Амангелді Иманов», «Құрманғазы», «М.Хакімжанова», «Сәкен Сейфуллин», «Шоқан Уәлиханов» атты ескерткіштерінде пропорция, ритм заңдылықтарын, тиімді пайдалану арқылы образдарды шынайы кескіндеді әрі ұлттық колоритке жіті назар аударды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер мұражайында, сондай-ақ Қ.Сәтбаев, Ы.Жақаев, А.Жұбанов, Т.Тәжібаев, Ж.Саин, Д.Нұрпейісова, Т.Жароков, Х.Есенжанов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Жамбыл тұлғаларын жасады. «Парасат», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған. 56 жыл бұрын (1958) журналист, «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК президентінің кеңесшісі НҰРҒАЛИЕВА Сара Қабиқызы дүниеге келді. 1977-2007 жылдары Байқоңырда тұрып, еңбек етті. Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың ғарыш сапары жөнінде Байқоңырдан берілген тікелей репортаждардың, бейнефильмдердің авторы және жүргізушісі. Сондай-ақ қазақстандық және кеңестік ғарышкерлер жөніндегі фильмдердің авторы. Неміс деректі кино түсірушілерімен бірлесіп, қазақстандық ғарыш айлағы, қазақ халқының тұрмысы мен дәстүрлері туралы «Сырдария үстімен ұшудың жетінші күні» атты деректі фильм түсірді, оны Германия, Италия, Америка көрермендері тамашалады. 1992-200 жылдары Байқоңырда қазақстандық, кейіннен ресейлік қала әкімшілігінің баспасөз қызметін басқарды. ҚазАқпарат агенттігінің Байқоңырдағы өз тілшісі болды. Соңғы үш жылдан бері «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК президентінің кеңесшісі. 244 жыл бұрын (1770-1831) неміс философы, диалектиканң жүйелі теориясын жасаушы ГЕГЕЛЬ Георг Вильгельм Фридрих дүниеге келді. 158 жыл бұрын (1856-1916) украин жазушысы ақын ФРАНКО Иван дүниеге келді. 143 жыл бұрын (1871-1945) американдық жазушы, публицист, «Керри қарындас», «Америка трагедиясы» романдарының, «Қаржыгер», «Титан» трилогияларының авторы ДРАЙЗЕР Теодор дүниеге келді. 130 жыл бұрын (1884-1966) 1947-1954 жылдардағы Франция президенті ОРИОЛЬ Венсан дүниеге келді. Ол 1947 жылы 4-ші республика жарияланғаннан кейін президент болып сайланған. В.Ориоль билігі кезеңі өте ауыр болды, елде жұмысшылардың жаппай тәртіпсіздігі орыy алса, Үндіқытайда, Мадагаскарда, Солтүстік Африкада көтерлісшілермен соғыстар жүріп жатты. Ол мемлекет басқарған 7 жылда 18 үкімет ауысты. Президенттік мерзімі аяқталар уақытта В.Ориоль бұдан былай келесі сайлауға қатыспайтынын мәлімдеді. 1958 жылы Франция Конституциялық кеңесінің құрамына кірді. 73 жыл бұрын (1941-2012) кеңестік және украин кино және театр әртісі СТУПКА Богдан дүниеге келді. 56 жыл бұрын (1958) Ресей ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Ресей Батыры КРИКАЛЕВ Сергей дүниеге келді.