276 жағдай: Алматыда туберкулез сырқатының саны 20 пайызға азайған

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова қалада туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін айтты.

рентген врачи
Фото: freepik

Оның сөзінше, 2025 жылдың 8 айында туберкулезбен сырқаттанудың деректері 23,02%-ға төмендеген. Биыл туберкулез алғаш анықталған 276 науқас тіркелді, 2024 жылдың ұқсас кезеңінде — 350 жағдай болды.

— Сырқат жұқтырғандар арасында тыныс алу органдарының туберкулезі басым болып келеді — 86,23% (238 жағдай). Сонымен қатар жасөспірімдер арасында туберкулез жұқтырудың 3,2 есе өсуі байқалды. Инфекцияның негізгі жұғу жолы — ауа арқылы. Науқас адам жөтелген кезінде көзге көрінбейтін, 2 метрге дейінгі қашықтыққа таралатын ерекше «аэрозольдер» пайда болады. Диагностикалық тұрғыдан аурудың аса маңызды белгілерінің бірі — 3 апта бойы қайтпайтын жөтел, қақырық тастау, дене салмағын жоғалту, — деді Әсел Қалықова.

Маман аурудың алдын алудың басты шарттарын атап өтті:

— әр адамның өз денсаулығына немқұрайды қарамауы;

— денсаулығына шағымдары болған жағдайда дер кезінде дәрігерге қаралуы;

— жылына 1 рет флюорографиялық тексеруден өтуі;

— толыққанды, сапалы тамақтануы;

— ауру адаммен қарым-қатынаста болған жағдайда, алдыңғы флюорографиялық тексеруден өткеніне 6 ай немесе оданда көп уақыт өтсе, қайта тексерілуі керек;

— бөлмелерді жиі желдету;

— тәуекел тобындағы 14 жасқа дейінгі балаларда, сондай-ақ 15-17 жастағы жасөспірімдер де туберкулезді ерте анықтау үшін манту сынамасымен міндетті тексеру;

— жаңа туған нәрестелерге БЦЖ вакцинациясы нәрестенің туылғаннан кейінгі алғашқы төрт күн ішінде егу кабинетінде жүргізу.

Еске салайық, Қазақстанда туберкулезді емдеу мерзімі қысқарды.

Соңғы жаңалықтар