Елорда әуе кеңістігінде жойғыш ұшақтар ұшады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада 28 мамыр күні Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің жоспарлы іс-шаралары аясында қала аспанында жойғыш ұшақтардың көрсетілімдік ұшуы өтеді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлім етті.

28 мамыр күні елорда әуе кеңістігінде жойғыш ұшақтар ұшады
Фото: Қорғаныс министрлігі

— Іс-шараға дайындыққа байланысты 24 мамырдан бастап елорда әуе кеңістігінде әскери авиацияның оқу-жаттығу ұшулары басталады. Жойғыш ұшақтардың ұшуы мен жаттығу шаралары қауіпсіз биіктікте жүргізіліп, қала тұрғындарының қалыпты тыныс-тіршілігіне кедергі келтірмейді. Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жаттығулар мен көрсетілімдік ұшу кезеңінде туындауы мүмкін қысқа мерзімді шу деңгейінің жоғарылауына түсіністікпен қарауды сұраймыз, — делінген хабарламада.

Министрлік тарапынан мұндай ұшулардың еш қаупі жоқ екенін ескертті.

— барлық ұшулар қауіпсіздік талаптарына қатаң сәйкес ұйымдастырылған және халыққа ешқандай қауіп төндірмейді; 

— түрлі түсті түтіндерді қолдану тек көрсетілімдік сипатқа ие және қоршаған ортаға зиян келтірмейді.