28 тамыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

28 тамыз, БЕЙСЕНБІ
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 25 жыл бұрын (1989) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен «Әзірет Сұлтан мемлекеттік қорық-мұражайы» ұйымдастырылды. Қорық мұражай Түркістан қаласында көне Жібек Жолы бойында қазіргі Шымкент-Қызылорда автожолының бойында, Тәуке хан даңғылы мен Алматы алаңының қиылысында орналасқан. Қорық мұражайдың құрамында 100-ден астам тарихи-мәдени және археологиялық ескерткіш бар. Олардың жалпы қорғау аймағы 529,4 гектарды алып жатыр. Ал кесене орналасқан қаланың тарихи орталығының қорғау аймағы 88,7 гектар. Осы аймақта орналасқан сегіз тарихи ескерткіш мұражайландырылып халыққа қызмет көрсетуде. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық мұражайы Қазақстандағы ерекше маңызы бар рухани орталық болып табылады. 22 жыл бұрын (1992) ҚР Президенті Жарлығымен қазақ әдебиетінің дамуына қосқан ерен еңбектері үшін және қоғамдық қызметтерге белсенді араласқандары үшін бір топ жазушы мен ақынға «Қазақстан Республикасының Халық жазушысы» атағы берілді. Олардың қатарында Әнуар Әлімжанов, Тахауи Ахтанов, Ғафу Қайырбеков, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Қалтай Мұхамеджанов, Олжас Сүлейменов, Сафуан Шаймерденов, Иван Щеголихин бар. 18 жыл бұрын (1996) Венгрияда Қазақ мәдениетінің күндері өтті. 16 жыл бұрын (1998) Қазақстанда түсіріліп жатқан 250 сериялы «Тоғысқан тағдырлар» телесериалы ТМД және Балтық жағалауы елдері арасында өткен фестивальде жүлделі бірінші орынды иеленді. 13 жыл бұрын (2001) Елбасы Н.Назарбаевтың «Бейбітшілік кіндігі» кітабының тұсаукесері өткізілді. 8 жыл бұрын (2006) Қостанай облысының Сарыкөл ауданында Аққозы қажы атындағы мешіт ашылды. Аққозы қажы Абайдың серіктестерінің бірі болған. Ол осыдан 100 жылдан астам бұрын қазіргі Сарыкөл ауданы аумағында уағыз және тәрбие жұмыстарын жүргізген тұлға. 5 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы көп бейінді «Әбу Даби Плаза» кешені құрылысының іргетасына капсула қалады. 2009 жылғы шілденің 7-де Қазақстан Республикасының Заңымен еліміздің Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында аталған кешеннің құрылысы бойынша келісім бекітілген болатын. Жобаны «Алдар ЕуроАзия» ЖШС-і жүзеге асырады. Оның жұмысына Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайы жобасының авторы британдық сәулетші Норман Фостердің бюросы тартылып отыр. «Әбу Даби Плаза» жобасы бойынша нысанның биіктігі 382 метр болатын 88 қабатты құрайды. Аталған кешенде жоғары және орта сыныптағы 450 пәтер мен 2 қонақ үй салынатын болады. Жалпы ауданы 80 мың шаршы метрден тұратын кеңселік орын-жайлардың құрылысы қарастырылған. Оның аумағында 4,5 мың автокөлікке арналған тұрақ орналасады. Жобаның құны 1 млрд. АҚШ долларынан астам қаржыға бағаланып отыр. Нысанның бірінші кезеңінің құрылысын 2013 жылдың қыркүйегінде тапсыру жоспарланған. Ал екінші кезегі 2014 жылдың аяғына қарай пайдалануға берілмек. 5 жыл бұрын (2009) тамыздың 28-і мен 30-ы аралығында Солтүстік Қазақстан облысының аудандарында Конституция күніне орай 1600 шақырымдық қашықтыққа алаумен жүгіру шаралары өтті. Петропавлдық «Үміт» желаяқтар клубының мүшелері қатысқан бұл жорықтың бағыты облыстың барлық аудандарын қамтыды. Олар Солтүстік Қазақстан облысында алғаш өткен «Ақбидай» IV республикалық ауыл ойындарында тамыздың 15-інде жағылған алаумен жүгіруде. Қатысушылардың ең үлкені Алик Әзмұхаметов - 69 жаста, ең жасы - 18 жаста. Жүгіру Конституция күні Петропавлда мәреге жетті. 50 жыл бұрын (1964) АҚШ Невада ядролық қару сынағын өткізді. ЕСІМДЕР 125 жыл бұрын (1889-1941) Алаш қозғалысының қайраткері АМАНЖОЛОВ Садық Аюкеұлы дүниеге келді. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында туған. Верный ер балалар гимназиясын, Қазан императорлық университетінің заң факультетін бітірген. 1917 жылдың Ақпан революциясына дейін Жетісу облысының Аягөз, Үржар заң орындарында қызметтер атқарып, Үржар уезі қазақ комитетінің төрағасы болды. 1-ші жалпықазақ съезі Аманжоловты Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы депутаттығына бекіткен. Съезден кейін ол «Алаш» партиясының Жетісу өңіріндегі жергілікті ұйымдарын құруға белсене араласты. 1917 жылы 2-ші жалпықазақ съезі Аманжоловты Алашорда үкіметіне - Халық Кеңесіне мүше етіп сайлады. 1918 жылы Лепсі қаласында өткен Жетісу облыстық 2-ші қазақ съезінде облыстық кеңес мүшелігіне сайланып, Жетісуде және Шыңжаңның Шәушек қаласында Алашорда жасақтарын құруға басшылық жасаған. Кеңес әскерлерімен болған шайқастарға қатысып, ауыр жарақаттанды. 1923-1930 жылдары Қазақ АКСР Заң халық комиссариаты жүйесінде қызмет атқарды. 1930 жылы Қазақстаннан кетуге мәжібүр болып, Мәскеуде, Бішкекте, Ташкентте жұмыс істеген. 110 жыл бұрын (1904-1977) атақты әнші, Қазақ КСР-інің халық артисі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЕЛЕБЕКОВ Жүсіпбек дүниеге келді. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Мәди ауылында туған. Бес-алты жасынан әншілік өнерге ден қойған. Ән өнерін әкесінің інісі Жақыпбек Балғабайұлынан үйренген. Әншілер Ғ.Айтбаев, Қ.Байжанов, Ә.Қашаубаев шығармашылығымен танысқан. 1920-1930 жылдары Семейдегі "Ес аймақ" труппасының спектакльдері мен бірнеше концерттеріне қатысқан. 1931-1935 жылдары Қазақ мемлекеттік драма театрында (қазіргі М.Әуезов атындағы драма театры), 1935-1960 жылдары Қазақ Мемлекеттік филармониясында қызмет етті. 1960 жылдан «Қазақконцерттің» әнші - солисі болды. Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрының спектакльдеріне қатысып, «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясынан Әлібектің, «Қыз Жібек» пен «Айман-Шолпан» операсынан Төлеген мен Арыстанның партиясын айтып, көптеген драмалық спектакльдерде ойнаған. Ұлы Отан соғысы жылдары концерттік бригаданың құрамында болып, Калинин майданы жауынгерлеріне мәдени қызмет көрсетті. Осы сапарында жауынгер-композитор Р.Елебаевтың «Жас қазақ» әнін тұңғыш рет орындап, кейін халық арасында кең түрде насихаттады. 1967 жылдан Қазақ эстрадалық студиясында педагогтық қызметпен айналысқан. Ж.Елебеков репертуары негізінен халықтың және халық композиторларының музыкалық құрылысы мен тілі күрделі, сыршыл әндері «Ардақ», «Ағаш аяқ», «Айтбай», «Жамбас сипар», «Жиырма бес», «Қанатталды», «Құлагер», «Сегіз аяқ», «Сұржекей», тағы басқалардан тұрады. Қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндіктерінде, сондай-ақ концерттік сапармен барлық республикаларда, Қытай Халық Республикасында, Моңғол Халық Республикасында, Үндістанда болды. Ж.Елебековтың құрметіне Егіндібұлақ селосындағы музыкалық мектепке, көшеге оның есімі берілген. Ленин ордені, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған. 94 жыл бұрын (1920-1985) қоғам және мемлекет қайраткері, экономика ғылымының кандидаты, Ұлы Отан соғысына қатысқан ҚАШАҒАНОВ Екейбай дүниеге келді. Жамбыл облысының Қордай ауданында туған. Алматы педагогикалық техникумын. Қазақстан КП ОК жанындағы жоғары партия мектебін, КОКП ОК жоғары партия мектебін бітірген. Луговой ауданы партия комитетінің бөлім меңгерушісі, 2- және 1-хатшы, Жамбыл облысының партия комитетінде бөлім меңгерушісі, хатшы, Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшысы, Семей обкомының 2-хатшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері. 3 рет Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі, Халықтар Достығы, І- және ІІ-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз ордендерімен, 6 рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. 93 жыл бұрын (1921-2008) белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлы Отан соғысына қатысушы ТӨРЕҚҰЛ Нысанбек дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Алматы жоғары партия мектебін бітірді. Бухгалтер, халық судьясы болды, «Оңтүстік Қазақстан», «Егемен Қазақстан» газеттерінде қызмет етті. 1961 жылдан ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет етті. 1970 жылдан «Қазақ кеңес энциклопедиясына үлес қосты. «Қазақтың қанатты сөздері», «Жүз жасаған бәйтерек», «Алатау асқарынан жыр асырған», «Қазақтың жүз шешені», «Алтын адам» және басқа да кітаптардың авторы. ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы және «Қызыл жұлдыз» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. 83 жыл бұрын (1931-1998) қазақ өнерінің жанашыры, тарих ғылымдарының кандидаты, көрнекті мемлекет қайраткері ЖӘНІБЕКОВ Өзбекәлі дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1952-1962 жылдары - мұғалім, орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі, Келес аудандық партия комитетінің штаттан тыс насихатшысы, Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Оңтүстік Қазақстан облыстық комсомол комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің хатшысы-бөлім меңгерушісі. 1962-1975 жылдары - Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы. 1975-1977 жылдары - Қазақстан КП Орталық Комитетінің шетелдермен байланыс бөлімінің мегерушісі. 1977-1987 жылдары - Қазақ КСР мәдениет министрінің орынбасары, Алматы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1987-1988 жылдары Қазақ КСР мәдениет министрі, 1988-1991 жылдары - Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы. 1991 жылдан зейнет днемалысында, «Арқас» қазақ тілі мен әдебиетін түлету қорының президенті болды. Үш мәрте Еңбек Қызыл ту орденімен, медальдармен марапатталған. 76 жыл бұрын (1938) ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі ЕГОРОВ Николай Петрович дүниеге келді. Ресейде туған. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген. 1961-1969 жылдары Саркент, Қаскелең аудандарының шаруашылықтарында жұмыс істеген. 1969-1992 жылдары - Қазақ құс шаруашылығы жөніндегі аймақтық тәжірибелік стансасының бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары, директоры. 1992-2000 жылдары Қазақ құс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры болған. 2000 жылдан Қазақ құс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері Қазақстанның оңтүстік аймағы мен Орта Азия республикаларының ыстық климатында құстарды дұрыс қоректендіруге, сыртқы орта ықпалы мен құстар генотипінің өзара байланысын зерттеуге арналған. Бірқатар ғылыми еңбектердің авторы. 70 жыл бұрын (1944) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі БАҚТЫГЕРЕЕВА Ақұштап дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында туған. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітірген. 1966-1971 жылдары - Орал облысы «Орал өңірі», Талдықорған облысы «Октябрь туы», республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінің әдеби қызметкері. 1971-1972 жылдары - «Қазахфильм» киностудиясының редакторы. 1972-1975 жылдары - «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері. 1975-1981 жылдары «Жазушы» баспасының аударма редакциясының редакторы қызметтерін атқарған. 1981 жылдан шығармашылық жұмыста. 1967 жылы тұңғыш «Өрімтал» өлеңдер жинағы жарық көрген. «Наз», «Қанышым - іңкәрім», «Сені ойлаймын», «Ақ қанат», «Бақыт әні», «Жайық қызы», «Белокрылая», «Ақжелең», «Сүмбіле» атты кітаптарының авторы. 2001 жылы «Ақ шағала» атты таңдамалы жыр жинағы жарық көрді. С.Капутян, В.Тушнова, А.Ахматова өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Көптеген ән мәтіндерінің авторы. «Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған. 64 жыл бұрын (1950) футболшы, Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті БАЙШАҚОВ Сейділда Икрамұлы дүниеге келді. Тараз қаласында туған. Қазақ дене шынықтыру және спорт институтын бітірген. «Қайрат» футбол командасында және КСРО ұлттық құрама командасында ойнады. «Қайрат» Футбол клубы» АҚ вице-президенті, Қазақстан Республикасының шағын футбол қауымдастығының президенті, Дене шынықтыру және спорт клубы төрағалық комитетінің төрағасы, Дене шынықтыру және спорт клубының вице-президенті, Қазақстан футбол федерациясының балалар мен жасөспірімдерге арналған футболының жетекші маманы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдың тамыз айынан. 63 жыл бұрын (1951) заң ғылымдарының докторы профессор, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі УДАРЦЕВ Сергей Федорович дүниеге келді. Новосібір облысында туған. Қазақстанда 1960 жылдан бері тұрады. Қазақ мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген. 1976-1988 жылдары - ҚазМУ-де ассистент, аға оқытушы, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасының доценті, деканның орынбасары, заң факультетінің деканы. 1988-1992 жылдары - АЖПМ, АМПУ доценті, ғылыми хатшысы, аға ғылыми қызметкері. 1992 жылы - КИПЭП ұлттық қатынастар және мемлекеттік құрылыс кафедрасының доценті. 1992-1995 жылдары - ҚР Конституциялық сотының судьясы. 1995-1998 жылдары - ҚазМЗУ мемлекет және құқық теориясы кафедрасының меңгерушісі. 1998-1999 жылдары «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы заң қызметінің жетекшісі. 1999 жылғы ақпаннан - «Әділет» Жоғарғы құқық мектебі заң академиясының оқу жұмыстары жөніндегі проректоры және ҚазМЗУ профессоры. ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия жанындағы сарапшылық кеңестің мүшесі, «Сорос-Қазақстан» қорының сарапшысы болды. Әртүрлі заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге және сараптауға қатысты. 2006 жылғы наурыздан - ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық сарапшылар палатасының мүшесі. Саяси және құқықтық ілімдер тарихы, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы проблемалары, конституциялық және азаматтық құқық жөніндегі 220 жарияланған жұмыстардың авторы. «Заң саласындағы жыл профессоры» медалімен, А.Байтұрсынов атындағы медальмен марапатталған. 62 жыл бұрын (1952) Астананың бас дизайнері, Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты ДЕМБАЙ Салауат Маханбетұлы дүниеге келді. Жамбыл облысында туған. Қазақ политехникалық институтын бітірген. Ғылыми-зерттеу институттарында, Жамбыл облысының құрылыс саласында басшылық қызметтерде болды. Жамбыл облысындағы Бауыржан Момышұлына, Бәйдібек Қарашаұлына, Көшек батырға арналған көптеген ескерткіштердің авторы. 2009 жылғы қыркүйектен - ҚР Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің жауапты хатшысы. Екі медальмен марапатталған. 53 жыл бұрын (1961) ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының орынбасары - Бас мемлекеттік еңбек инспекторы ОСПАНҚҰЛОВ Төлеген Қапақұлы дүниеге келді. Алматы облысының Қарасай ауданындағы Жамбыл ауылында туған. 1983 жылы Алматы мал дәрігерлік институтын бітірді. 2006 жылы Қызылорда академиялық экономика, экология және құқық университетін бітіріп, юриспруденция мамандығына ие болды. Еңбек жолын 1983 жылы «Алматы облысының ТШ Қаскелең ҚЕИ-ның тәжірибелік шаурашылығының» мал дәрігері қызметінен бастады. 1986 жылдан 1988 жылдар аралығында ХХІІІ Партсъезі атындағы совхоздың бас дәрігері, сүт кешенінің бастығы қызметтерін атқарып, 1994 пен 1997 жылдар аралығында ҚЕИ ТШ-да бас мал дәрігері болып жұмыс істеді. 1998-2001 жылдары Алматы облысы Әкімінің Еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жанындағы еңбек инспекциясының жетекші маманы, бас маманы, сектор меңгерушісі, бөлім бастығы - Алматы облысы бойынша Бас мемлекеттік еңбек инспекторы болып жұмыс атқарды. 2001 жылдан бастап 2008 жылға дейін ҚР Еңбекминнің Алматы облысы бойынша департаменті директорының орынбасары - облыстың Бас мемлекеттік еңбек инспекторы. 2008 жылдың мамыр айынан бастап - Алматы облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары - облыстың Бас мемлекеттік еңбек инспекторы. 2009 жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР Еңбекминінің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының орынбасары - Бас мемлекеттік еңбек инспекторы лауазымына тағайындалды. 120 жыл бұрын (1894-1981) австриялық дирижер, классицизм және романтазим кезеңіндегі неміс және австрия музыкасын шебер орындаушы БЕМ Карл дүниеге келді. Ол дирижерлік мансабын 1917 жылы Граце қаласында бастаған. 1921-1933 жылдары Мюнхен, Дармштадт, Гамбург қалаларында жұмыс істеген. 1933 жылы Венада алғаш рет Вагнердің «Тристан мен Изольда» операсына дирижерлік еткен. 1934-1941 жылдары Дрезден опера театрында басшылық қызмет атқарған. 1943-1945 және 1954-1956 жылдары Вена операсының директоры болған. Дирижер Зальцбург, Байройт фестивальдарына қатысқан. Италия, Франция, Буэнос-айрес, Токио, Мәскеуде гастрольдік сапармен болып Моцарт, Штраус, Вагнет, Брукнер, Бетховен шығармаларын орындаған. Вена филармониялық оркестрмен тығыс жұмыс істеп, көптеген жазбалар жасаған. 1967 жылы осы оркестрдің құрметті дирижері атанған. Ол «Грэмми» музыкалық сыйлығын иеленген. 119 жыл бұрын (1895-1960) геолог, КСРО ҒА мүше-корреспонденті ШАТСКИЙ Николай Сергеевич дүниеге келді. 106 жыл бұрын (1908-1976) жазушы ТАНХИМОВИЧ Залман дүниеге келді. Иркутск құрылыс институтын бітірген. Отыз жылға жуық ірі құрылыс трестерінде жұмыс істеген. Жазушының «Забайкалье даласында», «Баргузин», «Ертіс үстінде», «Қашуға әрекет» романдары, «Қатерлі тапсырма», «Іздеу» деректі повестері, «Тізе бүгуші», «Жомарттық» очерктері жарық көрген. Көркем аударма саласында А.Лекеровтың «Ақ қайың туралы жыр», А.Сәрсенбаевтың, С.Омаровтың әңгімелерін орыс тіліне тәржімалаған. 89 жыл бұрын (1925-1991) фантаст-жазушы СТРУГАЦКИЙ Аркадий Натанович дүниеге келді. 89 жыл бұрын (1925-1981) жазушы ТРИФОНОВ Юрий Владимирович дүниеге келді. 66 жыл бұрын (1948-2005) Ресей актрисасы Наталья ГУНДАРЕВА дүниеге келді. 65 жыл бұрын (1749 - 1832) неміс ақыны Иоганн Вольфганг ГЕТЕ дүниеге келді.