28 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

28 желтоқсан. БЕЙСЕНБІ
Халықаралық кино күні
122 жыл бұрын (1895) Париждегі Капуцин гүлзарындағы «Үлкен кафеде» ағайынды Люмьерлер ойлап тапқан кинематографтың көмегімен алғаш рет «Жылжымалы фото» көрсетілді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1934 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театры ашылды. Бүгінде Павлодар облыстық музыкалық-драма театрына Ж.Аймауытовтың есімі берілген.
1972 жылы «Медеу» мұз айдыны пайдалануға берілді. Медеу - айдыны теңіз деңгейінен 1,691 метр биікте орналасқан, әлемдегі ең танымал мұз айдындарының бірі. «Медеу» 10500 шаршы метр жерді алып жатыр және оған 10500 көрермен сыяды. 120-дан астам әлем рекорды осы мұз айдынында тіркелген.
1992 жылы Алматыда Пәкістан Елшілігінің ашылу рәсімі өтті.
1998 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Түрік Республикасының 75 жылдығына орай, «Түркі әлемі халықтарының бірлігін нығайтуға қосқан үлесі үшін» сыйлығымен марапатталды.
2000 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Даму банкі құрылды.
2000 жылы Мәскеудің Халықаралық жазушылар қауымдастығының әдеби қоры Әбдіжәміл Нұрпейісовті «Таланттың тазалығы мен беделі үшін» сыйлығымен мараппаттады.
2004 жылы «Қазпошта» АҚ көрнекті қазақ жазушысы және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 110 жылдығына арналған жаңадан суреттелген «Мерейтойлық және елеулі күндер» атты серияның маркасын айналымға шығарды. Жаңа марканың бағасы - 35 теңге, таралымы 50 000 дана.
С.Сейфуллин (1894-1938) - көрнекті қазақ жазушысы және қоғам қайраткері. 1914 жылы Қазанда алғашқы «Өткен күндер» («Дни минувшие») атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Құттықтау, шаттанған өлеңдердің авторы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті қолдады. Оның қолынан «Бақыт жолына» пьесасы, «Тар жол тайғақ кешу» романы, қазақ әдебиетіндегі еңбектері мен халық фольклоры, басқа да шығармалары шыққан. Газет-журналдармен белсенді жұмыс жасаған. 1922 жылы Қазақ АКСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы, содан кейін халыққа білім беру комиссариаты ғылыми орталығының төрағасы, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы болып тағайындалған.
2005 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаев «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қойды.
2005 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы «Думан» ойын-сауық орталығының маңына салынған мұз қалашықтың ашылу рәсіміне қатысты. Елбасы қалашықта мұздан салынған әлем елдеріндегі бірегей сәулет нысандарын аралап көрді. Атап айтқанда, Мәскеудегі Кремль, Мысыр пирамидалары, Қытай қорғаны, Лондондағы Биг-Бен сағаты, Париждегі Эйфель мұнарасы бар. Қалашықтың ортасына Астананың бас рәмізі Бәйтерек кешені бой көтерген. Салтанатты шара театрландырылған думанмен басталып, жұртшылықтың назарына мәнерлеп сырғанаушылардың орындауындағы мұз ертегісі, концерттік нөмірлер ұсынылды. Театрландырылған қойылым мерекелік отшашумен аяқталды.
2005 жылы астаналық «Келешек-пресс» баспасы 85 жыл бұрын жарық көрген «Қазақша-орысша тілмаш» атты сөздікті жаңадан басып шығарды.
Бұл еңбек қазақ тілінде сирек кездесетін сөздердің тарихындағы көлемді еңбек. Кітаптың түпнұсқасы 1925 жылы Алаш қайраткері, жазушы-журналист Қошке Кемеңгерұлы бастаған Мұстафа Боралқайұлы, Абдолла Байтасұлы, Есім Байғасқаұлы, Шәкір Баймақанұлы, Ғаббас Дәулетбекұлы, Сұлтан Темірбекұлы және Төлеутай Сәрсенбайұлы сынды қаламгерлердің арқасында алғаш рет жарық көрді. Сөздікті Мағжан Жұмабаев тексеріп шыққан. Қайта басылған өнегелі еңбекте көнерген сөздер қазіргі орфографияға лайықталып, кітап авторлары енгізген түзетулер ескерілген.
2009 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Дағдарысқа қарсы қорын құру туралы шартты ратификациялау туралы» және «Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Дағдарысқа қарсы қорының қаражатын басқару туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойды.
2009 жылы Астанада Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары жазған «Менің жүрегімдегі Қазақстан» атты патриоттық шығармалар жинағының таныстырылымы болып өтті.
Жинақты құрастырған Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің депутаты Олег Дымов.
Аталған жинаққа қазақ әдебиетінің майталмандары Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Төлеген Мұхамеджанов, Людмила Хочиева, Әкім Ысқақ және Өтеген Оралбаев сынды халық қалаулыларының ел мен жер туралы шығармалары енді.
Жинақты шығарудың басты мақсаты - поэзияның патриоттық рухқа толы маңдайалды шығармалары арқылы бүгінгі жас ұрпақты Отанға деген адал қызмет пен шексіз сүйіспеншілік аясында тәрбиелеу.
2010 жылы Астана медицина университетінде Радиобиологиялық зерттеулер институтының салтанатты ашылуы өтті.
2010 жылы Жамбыл облысының Меркі ауданында ГЭС-3 гидростансасы іске қосылды. Ол электр энергиясының сапасын арттырып, қуат тапшылығын азайтып қана қоймай, атмосферадағы парникті газдардың қалдығын төмендетті. Меркі өзеніндегі ГЭС-3 құрылысы 257 млн теңгеге түсті - бұл «Ремкомстрой» ЖШС компаниясының өз қаржысы.
2010 жылы «Назарбаев университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектебі» және «Назарбаев қорының» мәртебесі туралы» Заң қабылданды.
2010 жылы қазақтың аса көрнекті ақыны және жазушысы Міржақып Дулатовтың туғанына 125 жыл толуына орай пошталық маркалар шықты. Марка «Еске алу және мерекелік күндер» аясында қолданысқа енгізілді.
2011 жылы Қазақстан халқының 100 пайызын цифрлық теле-радио хабарларымен қамтамасыз етуді көздейтін «Теле-радио хабарларын тарату туралы» ҚР Заңы қабылданды.
2011 жылы 100 теңге номиналымен «Коньки тебу спорты. Олимпиада ойындары 2014» күміс шақалары айналымға шықты.
2012 жылы ОҚО Қазығұрт ауданында он бір миллионыншы қазақ Мұхтар Абдрахим дүниеге келді. Сәбидің бойы 52 см, салмағы 3258 грамм болды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов 11 миллионныншы қазақтың ата-анасын құттықтап, балаға сәйгүлік сыйлады.
2013 жылы «СемАз» зауыты өзі құрастыратын автотехникалардың түрлерін кеңейтіп, DAEWOO автобустары мен SHACMAN жүк көліктерінің жаңа нұсқаларын шығара бастады.
2015 жылы америкалық блогерлер Торғай геоглифтерін 2015 жылдың ең таңғажайып жаңалықтарының ТОП-10-дығына қосты.
Ғарыштан түсірілген суреттер көрсеткендей, еліміздің солтүстүк аумағынаның жер бедерлерінен шаршы, шеңбер, жолақ түріндегі көлемі бірнеше футбол алаңымен тең келетін геометриялық кескіндер байқалған. Бұл шамамен 8000 жыл бұрынғы ескерткіштер деген болжам бар.
2016 жылы Қайырымдылық істерімен танымал болған қарағандылық Нияз Сүндетәлиев «Шын жүректен» аталымы бойынша «Қайнар» жастар сыйлығымен марапатталды.
2016 жылы Қазақстандағы АҚШ елшілігі Қазақстан азаматтарына он жылға дейінгі ұзақмерзімдік туристік және іскерлік визалары беріле бастағанын мәлімдеді.
ЕСІМДЕР
119 жыл бұрын (1898-1948) мемлекет және қоғам қайраткері, публицист ОРАЗБАЕВА Алма Дінмұхамедқызы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында туған. Ордадағы орыс-қазақ әйелдер училишесін, 2 сыныптық қыздар мектебін, педагогикалық курсты бітірген. 1919 жылы комсомол қатарына өтіп, сол жылдың маусымында қызыл әскердің Қазақстандағы тұңғыш саяси клубын ұйымдастырды. Сол жылы қараша айында Киров революциялық комитеті ақпараттық бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. 1920 жылы тамызда Орынбор губерниясы партия комитетінің жанынан құрылған қырғыз (қазақ) бөлімінің алқа мүшелігіне сайланды. 1920 жылы қазанда Бүкілодақтық Құрылтай съезіне делегат болып сайланып, оның атқару комитетінің құрамына енді. Бөкей ұйымынан Бүкілресейлік Шығыс әйелдерінің съезін өткізуге ат салысып, әйел теңдігі, оқу-ағарту мәселелерін шешуге, оларды қоғамдық жұмысқа тарту ісіне тікелей араласты. 1921 жылы мамырда өткен Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы Бүкілодақтық жұмысшы әйелдердің Орталық ұйымы мәжілісіне қатысып, әйелдер қозғалысының атынан сөз сөйледі. Коммунист әйелдердің Берлинде өткен 3-ші халықаралық конференциясына, Коминтерннің 5-ші конгресіне делегат болып қатысты. 1931 жылы ауыр дертке шалдығуына байланысты зейнетке шықты. Ол «Степная правда», «Советская степь», «Еңбекші қазақ», «Жас қазақ», «Дұрыстық жолы» газеттеріне қазақ әйелдерінің қоғам ісіне араласуы, әйелдер арасындағы мәдени-ағарту жұмыстарының жүргізілу барысы, қалыңмал мәселелеріне арнап «Қазақ әйелдері даңғыл жол үстінде», «Қазақ әйелдерінің қалыңмалдан құтылған күні», «Октябрь революциясы және қырғыз әйелі», «Әйелдер бостандығы» тағы басқа мақалаларын жариялаған. Кейбір мақалалары «Қазақ әйелі», «Сағида» сияқты бүркеншек атпен жазылған. Оразбаева қазақ әндері мен күйлерін жинаған А.В.Затаевичке өзінің орындауымен қазақтың «Жайық», «Қосай», «Танысу жыры», «Зейнешім», «Сарыжан», «Төрт пішін», «Айнамкөз», «Япырай», «Қыз ұзату» (Қоштасу) сияқты барлығы 18 әнінің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына енуіне мұрындық болды.
105 жыл бұрын (1912-1975) Ұлы Отан соғысына қатысушы, Орталық майданның 73-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 231-ші гвардиялық атқыштар полкінің автоматшысы, Кеңес Одағының Батыры АЙТҚҰЛОВ Сәлім Нығметұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы Мұқыр ауылында туған. 1930 жылы Оралда 9 сыныпты бтіріп, сонда зауытта еңбек етті. 1941 жылдың шілдесінде Қызыл Армия қатарына алынды. 1941 жылдан майданда. 1943 жылдан БКП(б)/КОКП мүшесі. Ефрейтор С.Айтқұлов Киевтің сол жағынан Днепрді кешіп өтуде ерлік көрсетті, Глебовка және Ясногородка селоларындағы плацдармды босатып, ұстап тұруда да қаһармандығымен көзге түсті. 1943 жылғы 17 қазанда оған Днепрден өтудегі батырлығы үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин ордені мен Алтын жұлдызды ержүрек жауынгерге Кремльде М.И.Калинин тапсырды. Госпитальдан шыққаннан кейін Одесса жаяу әскерлер училищесінде оқып, кіші лейтенант әскери атағына ие болды. Соғыстан кейін Қазақ КСР Орал облыстық тұтынушылар қоғамында ұйымдастыру бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді. 1975 жылы 24 сәуірде қайтыс болды. Орал қаласында (Батыс Қазақстан облысы) жерленді.
73 жыл бұрын (1944) ГУРСКИЙ Анатолий Степанович - Қазақстанның құрметті журналисі, Халықаралық журналистер одағының кандидаты. Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.
Жоғары экономикалық және филологиялық білімі бар. Еңбек жолын кеңшардың тракторлық бригадасынан бастады. Әскерден келгеннен кейін Қазақстанның ЛКСМ аудандық және облыстық комитетінде жұмыс жасады. 1969 жылдың қазан айынан бастап аудандық және облыстық газеттерде, ТАСС тілшісінің өкілеттігімен КазТАГ агенттігінде журналистік және басқарушылық қызметтерді атқарды. 1994 жылдан «Вести Казахстана» парламенттік газетінің бас редакторы болды. 1996 жылдың наурыз айының басында Қазақстан баспа және жалпы ақпарат ұлттық агенттігі төрағасының орынбасары болды. Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің БАҚ департаментін басқарды. 1999 жылдың наурызынан «Казахстанская правда» газетінің президенті қызметін атқарды. «Аграрный Казахстан» республикалық апталық басылымын шығарып әрі басшылық етті.
53 жыл бұрын (1964) Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары ӨТЕҒҰЛОВ Арман Кәрімұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысында туған. Саратов зоотехникалық-малдәрігерлік институтын, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетін бітірген. 1989-1998 жылдары - Фурманов ауданы «Ақкөл» кеңшарының бас мал дәрігері, Казталов ауданы «Талдыапан» ауыл шаруашылығы кәсіпорнының директоры. 1998-2002 жылдар аралығында Қазталов ауданы әкімдігінде және облыс әкімі аппаратында басшы және жауапты лауазымдар атқарған. Қаратөбе ауданының әкімі болған. 2010-2013 жылдары - Теректі ауданының әкімі. 2013-2014 жылдары - облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы. 2014-2015 жылдары - БҚО әкімінің орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2015 жылғы қаңтардан бері.
49 жыл бұрын (1968) белгілі қазақстандық хоккейші, қысқы Олимпида ойындары мен әлем чемпионаттарының қатысушысы КОРЕШКОВ Александр Геннадьевич дүниеге келді.
Өзінің туған жері Өскеменде «Торпедо» командасында ойнады, одан кейін магнитогорлық «Металлург» командасына ауысты. Осы кездері оның командасы екі рет Ресей чемпионатында жеңімпаз болды, екі рет күміс, үш рет қола жүлдеге ие болды. Еуролигада екі рет жеңіске жетті, Еуропа суперкубогының иегері.
Кейінірек өзінің алғашқы клубына қайта оралды (Қазцинк-Торпедо). 2007-2008 жылғы маусымда астаналық «Барысқа» ауысты. 2010 жылы Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының балалар мен жасөспірімдер хоккейін дамыту бөлімін басқарды. Қазақстан құрамасы сапында Александр әлем чемпионатына 7 рет, Олимпиада ойындарына 2 рет қатысты. 1998 жылы Наганодағы Олимпиадада Қазақстан құрамасы ширек финалға дейін жеткен болатын.