28,54 °C: Жерорта теңізінің температурасы 90 жылдық тарихи рекордты жаңартты
АСТАНА. KAZINFORM – 13 тамызда Жерорта теңізінің бүкіл аумағындағы жерүсті суының орташа температурасы 28,54 градусқа жетіп, кемінде 1940 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш тіркелді. Бұл туралы Испанияның мемлекеттік метеорологиялық қызметі хабарлады, деп жазды Euronews.
Мамандардың айтуынша, тамыз айы бойы Жерорта теңізінің температурасы күн сайын дерлік рекорд жаңартып отырған. Бұған дейін Mercator Ocean International ұйымы шілде айының Жерорта теңізіндегі бақылау тарихындағы ең ыстық ай болғанын мәлімдеген. Сол кезде судың орташа температурасы 27,07 градусқа жетіп, 2025 жылғы шілдедегі 26,68 градустық рекордтан асып түсті.
Жерорта теңізіндегі аномальды жылыну бірнеше айдан бері жалғасып келеді. Маусым айының өзінде су температурасы нормадан 2,6 градус жоғары болған. Ол кезде теңіздегі температура әдетте тамыздың екінші жартысында ғана байқалатын деңгейге жеткен.
Бұл құбылыс тек Жерорта теңізіне тән емес. Биыл шілдеде әлемдік мұхит бетінің орташа температурасы 21 градусқа жетіп, бақылау тарихындағы ең жоғары көрсеткіш тіркелді. Жерорта теңізі аумағының 27 пайызында шілде 1993 жылдан бергі ең ыстық ай болды.
Мамандар теңіздегі рекордтық температураны құрлықтағы аптаптың тікелей себебі деп қарастыруға болмайтынын атап өтеді. Дегенмен жылы су жағалаудағы ауа температурасына әсер етеді: теңіз жылуды құрлыққа қарағанда баяу жоғалтатындықтан, түнгі салқындауды тежеп, ауа ылғалдылығын арттырады және жағалаудағы түндердің ыстық болуына ықпал етеді.
Теңіздегі ұзақ уақытқа созылған жылу экожүйелерге де қауіп төндіреді. Температураның жоғарылауы белгілі бір жағдайға бейімделген теңіз организмдеріне стресс түсіріп, кейбір түрлердің таралу аймағын өзгертіп, қырылуын арттыруы мүмкін.
13 тамыздағы жаңа көрсеткіш Жерорта теңізінің бірнеше апта бұрын ғана жаңартылған рекордын тағы да басып озғанын көрсетті.
Айта кетейік, жуырда БҰҰ аптап ыстық пен табиғи апаттар күшеюі мүмкін екенін ескертті.
Ал Франциядағы аптап ыстық пен құрғақшылықтың салдарынан 50 өңірде дабыл жарияланды.