29 күдікті ұсталды: 10 өңірдегі ұйымдасқан қылмысқа қарсы операция

АСТАНА. KAZINFORM — ҰҚК, ІІМ және прокуратураның бірлескен операциясы барысында 10 өңірде 29 адам ұсталып, заңсыз айналымнан қару-жарақ пен оқ-дәрілер тәркіленді. Бұл туралы ҰҚК—нің баспасөз қызметі мәлімдеді.

29 күдікті ұсталды: 10 өңірде ұйымдасқан қылмысқа қарсы операция
Фото: ҰҚК

— Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесе және прокуратураның үйлестіруімен еліміздің 10 өңірінде ұйымдасқан қылмыстық топ қатысушыларының, шекара маңындағы, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі қылмыстық схемалардың заңсыз әрекетінің жолын кесу бойынша бір мезгілде арнайы операция жүргізді, — делінген хабарламада.

Ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деген күдікпен 29 адам ұсталып, жеткізілді, оның 9-ы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

қару
Фото: ҰҚК

Операция барысында заңсыз айналымнан 25 бірлік қару, 2 граната және 236 бірлік оқ-дәрі тәркіленді.

Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізіліп жатыр.

қару
Фото: ҰҚК

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. 

Бұған дейін ҰҚК 24 қылмыстық топтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойған болатын.