29 СӘУІР . ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

29 СӘУІР, ДҮЙСЕНБІ
Халықаралық би күні. Бұл мереке ЮНЕСКО-ның шешімімен 1982 жылдан бастап, француздық балетмейстер, би өнерінің реформаторы әрі теоретигі Жан Жорж Новердің (1727-1810) туған күніне орай атап өтіледі.
Түрікмен жүйрік аттарының күні. Түрікменстан Президентінің Жарлығымен 1992 жылдан бастап жыл сайын сәуірдің соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Осы күні Ашғабадта жүйрік аттар тарихына арналған халықаралық конгрестер, конференциялар, сондай-ақ аттар үшін жаттығулары мен емдеу және күтіп-баптау шаралары өтеді. 1991 жылы сәуір айында Сапармұрат Ниязовтың Жарлығымен ақалтеке тұқымының жойылу қаупінің алдын алу мақсатында «Түрікмен аттары» мемлекеттік бірлестігі құрылған. Сонымен қатар оның ұйымдастыруымен Халықаралық ақалтеке ат зауыты қауымдастығы құрылған.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
189 жыл бұрын (1824) «Сібір қазақтары туралы жарғы» шыққаннан кейін, Орта жүзде хандық билік жойылып, Көкшетау сыртқы округі құрылды. Аға сұлтандыққа Уәлидің үлкен ұлы Ғұбайдолла тағайындалды.
73 жыл бұрын (1940) Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» пьесасының премьерасы қойылды.
22 жыл бұрын (1991) Халықаралық хореография қайраткерлері қауымдастығы «Балеттік Бенуа» сыйлығын бекітті. Бұл сыйлық жыл сайын сәуірдің 29-дағы Халықаралық би күнінде табыс етіледі.
11 жыл бұрын (2002) «Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық кеңес құру туралы» Жарлық жарық көрді.
21 жыл бұрын (1992) Алматыда түрік елшілігі салтанатпен ашылды.
4 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында белгілі ақын Дүйсенбек Нақыповтың «Ре уақыты» атты поэмалар жинағы мен «Желдің көлеңкесі» атты романының таныстырылымы өтті.
Ақынның «Ре уақыты» атты жинағына 2001-2008 жылдары жазылған он жеті поэмасы мен екі эсселер топтамасы кірген. Ал «Желдің көлеңкесі» романында Алматы қаласындағы адамдардың тағдыры баяндалады.
4 жыл бұрын (2009) Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс 34-ші сессиясында «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын беру жобасы бекітілді.
Құрметті атақ елорданың әлеуметтік саласын, ғылым және білім, экономикасын дамытудағы ерекше еңбегі үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға да беріледі. Аталмыш дәрежені беру мәслихат сессиясының шешімімен жүзеге асырылады. Астана қаласының әкімі құрмет атағын беру туралы ұсынымды сессия мәслихатының қарауына жібереді. Осындай атаққа, құрметке ие болған тұлғаға елорда әкімі мен мәслихат хатшысы қол қойған «Құрмет дипломы» және арнайы куәлік тапсырылады.
7 жыл бұрын (2006) Алматыда Ахмет Жұбанов мұрасын зерттеуге арналған мемориалдық мұражай ашылды. Академик Ахмет Жұбанов кәсіби қазақ музыкасының негізін салған, аса көрнекті композитор, дирижер, музыкатанушы, этнограф, ұстаз және қоғам қайраткері.
5 жыл бұрын (2008) Алматыда www.irq.kaznpu.kz Қазақ тілінің тарихи-мәдени қорының жазба және этноархеологиялық деректемелер бойынша веб-сайтының таныстырылымы болды.
Оны Қазақтың Абай атындағы ұлтық педагогикалық университеті Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитетімен бірігіп жасап отыр. «Сайттың атауы» түркі бітік жазуы. Бұл - қазақ тілінің тарихи-мәдени қорының жазба және этноархеологиялық деректемелер қоры. Ондағы негізгі деректеменің бірі түркі бітік жазуы. Бүгінгі таңда Еуразиялық кеңістікте 500-ден астам түркі бітік жазба ескерткіштері тіркелген.
3 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құқық бұзушылықтардың алдын алудың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін белгілеуге бағытталған «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Заңға қол қойды.
3 жыл бұрын (2010) Қазақстанның астанасында «Балам-ай» атты мүмкіндігі шектеулі балалардың даму орталығы ашылды. Үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес сектордың табысты әріптестігінің арқасында Астанада балалар бір-бірімен жақсы араласып ойнайтын, оқып-білім алатын арнайы орталық дүниеге келді. «Балам-ай» орталығында тәжірибелі мамандар психолог, дефектолог және әлеуметтік педагогтар балаларға тек өз кемшіліктерін жеңіп қана қоймай тіпті мамандық та ала алады. Астаналық қоғам мүгедек балалар орталығының жоспарында - әр жасөспірім өзінің жанына жақын болашақ мамандығын таңдай алатын арнайы курстар ұйымдастыру көзделген.
Орталық құрылуын «Agіp Karachaganak», «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоғамы, «Rіxos» қонақ үйі, Қазақстан БиДжи сияқты және басқа да компаниялар қолдады. «Бота» қоғамдық қорының қатысуымен орталықта ерекше мұқтаж балаларға берілу және кеңейту сапасын жақсарту әлеуметтік қызмет жобасы іске асырылады.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1938-2004) виолончель, педагог, Қазақстанның халық артисі БАСПАЕВ Жамбыл Күзембайұлы дүниеге келді.
Мәскеу консерваториясының виолончель бөлімін бітірген. 1965 жылы Алматы қаласындағы мектептердің оқытушылары күшімен оркестр құрып, өзі оған жетекшілік жасаған. Ансамбль мен өзінің жеке репертуарында қазақ халқының (Ақан сері, Дәулеткерей, Құрманғазы, Тәттімбеттің ән-күйлері, А.Жұбанов, Ғ.Жұбанова, К.Күмісбеков, С.Мұхамеджанов, А.Затаевич, Қ.Қожамияровтың музыкалық туындылары), шет ел композиторларының (Д.Шостакович, П.Чайковский, Л.Бетховен, Ф.Гайдн, т.б.) музыкалық шығармалары орын алды. Ресейде, Арменияда, Грузияда, Украинада, т.б. өткен Қазақстанның мәдени күндеріне қатысқан. 1982 жылы «Ж.Баспаевтың концерті» атты телефильм түсірілген. 1983 жылы «Мелодия» фирмасы Баспаев пен виолончельшілер ансамблінің орындауындағы концерттік грампластиканы шығарған. 1965 жылдан Алматы консерваториясының (Қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) ішекті аспаптар кафедрасының аға оқытушысы, профессоры болған. Оның ғылыми-әдістемелік оқу құралдары мен музыкалық шығармалар жинақтары жарық көрген.
59 жыл бұрын (1954) ақын, Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының және Қазақстан Журналистер одағының М.Жұмабаев атындағы сыйлығының лауреаты ЕСДӘУЛЕТ Ұлықбек Оразбайұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, А.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курсты бітірген. «Қазақстан пионері» газетінде, «Жазушы» баспасының поэзия редакциясында редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1988-1991 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы. 1991-1993 жылдары - «Жас қазақ» газетінің бас редакторы. 1993-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бас маманы. 1997-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Тілдерді дамыту департаментінің бөлім меңгерушісі. 2001-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің сектор меңгерушісі. 2002 жылдан бастап «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып істейді. Ақынның «Қанат қақты», «Жаратылыс», «Көздеріңе ғашықпын», «Жұлдыз жарығы», «Алтайдың алтын тамыры», «Заман-ай», «Киіз кітап», т.б. жыр жинақтары жарық көрген. Оның өлеңдеріне белгілі сазгерлер ән жазған. Бірқатар өлеңдері шет ел тілдеріне аударылған. Өзі де көркем аударма саласында М.Лермонтов, А.Блок, Н.Рубцов туындыларын қазақ тіліне тәржімалаған.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
88 жыл бұрын (1925-1995) жазушы САРҒАСҚАЕВ Сансызбай дүниеге келді.
Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Жамбыл облысының Қордай ауданында туған.
«Қазақстан пионері» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, редакторы, «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы қызметтерін атқарған.
«Достар» атты әңгімелер мен повестер жинағының, «Бір отрядта», «Сәуленің жаңа достары», «Көңілді балалар», «Біз бір көшеденбіз», «Биіктен биікке» кітаптарының, «Мұғалима», «Сұлутөр» балалар романының авторы. Бірнеше шығармасы орыс тіліне аударылған.
48 жыл бұрын (1965) Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы ТОҚЖАНОВ Марат Лұқпанұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін, Қарағанды мемлекеттік заң академиясын бітірген.
Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы әкімінің орынбасары, Шыңғырлау ауданының әкімі, Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының бастығы қызметтерін атқарған.
107 жыл бұрын (1906-1968) композитор, дирижер, музыкатанушы, этнограф, Қазақстанның халық әртісі, өнертану ғылымының докторы, профессор, академик, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың және Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты ЖҰБАНОВ Ахмет Қуанұлы дүниеге келді.
Ақтөбе облысының Темір ауданында туған. 1929-1932 жылдары - Ленинградтағы М.Глинка атындағы музыка техникумының скрипка сыныбына оқуға қабылданып, кейін Римский-Корсаков атындағы консерваторияда гобой сыныбы бойынша және Ленинград консерваториясының тарихи-теориялық факультетінде қосымша білім алады. 1932-1933 жылдары Ленинград өнертану кадемиясының аспиранты. 1933 жылы Алматы музыка-драма техникумында сабақ беріп, қазақ тілінде алғашқы «музыка әліппесін» құрастырады. А.Жұбановтың жетекшілігімен 20 ғасырдың 30-жылдары қазақ музыкасын зерттейтін ғылыми кабинет, музыка-тәжірибелік шеберхана, КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы төралқасы жанынан өнертану секторы (қазіргі Әдебиет және өнер институтының музыка бөлімі) ашылды. 1934 жылы А.Жұбанов алғаш 11 адамнан құралған домбырашылар ансамблі негізінде Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрін ұйымдастырды.
1935-1945 жылдары Қазақ филармониясының көркемдік жетекшісі әрі дирижері болды. 1945-1951 жылдары - Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) ректоры, 1954-1961 жылдары осы консерваториядағы өзі ашқан халық аспаптар кафедрасының меңгерушісі болып, қазақ халық музыкасының тарихынан, дирижерлік өнер мен аспаптанудан сабақ берді. 1961-1968 жылдары А.Жұбанов Әдебиет және өнер институтының музыка бөлімін басқарды.
А.Жұбанов - қазақ халқының қазіргі заманғы кәсіби музыкасының негізін қалаған аға буын композиторлардың бірі. Ол қазақ музыкасын күрделі аспаптық симфониялық шығармалармен байытты. Олар: «Тәжік биі», «Қазақ билері», «Төлеген Тоқтаров», «Ария», «Абай сюитасы», т.б. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы оның «Серт», «Қалғанынша қасық қан», «Москва», «Майданнан хат», «Қарлығаш» сияқты вокалдық туындылары қазақ халқының ұлттық музыка мәдениетіне соны өрнек қосты. Бұдан соң ол Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», М.Ақынжановтың «Исатай-Махамбет» (М.Иванов-Сокольскиймен бірге) пьесасына, «Аманкелді» фильміне музыка жазды, «Отаным», «Ақ шолпан», «Біздің ел», «Жылқышы», «Лирикалық ән», т.б. әндер шығарды.
Ленин орденімен, т.б. ордендермен, медальдермен марапатталған. Алматы қаласы көшелерінің біріне, Республикалық музыка мектеп-интернатқа А.Жұбанов есімі берілген.
67 жыл бұрын (1946) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайратекері, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының, Халықаралық шығармашылық Академиясының, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Алматы облысының құрметті азаматы ҚОЖАМҚҰЛОВ Төлеген Әбдісағиұлы дүниеге келген.
Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) және Ленинград қаласындағы (қазіргі Санкт-Петербург) А.Ф.Иоффе атындағы физика-техникалық институтының аспирантурасын бітірген. 1970-1998 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, деканы, университет жанынан алғаш құрылған Тәжірибелік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтын ұйымдастырушы және оның тұңғыш директоры. 1998-2001 жылдары Жетісу мемлекеттік университетінің, 2001 жылдан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері атом ядросы мен элементар бөлшектер теориясына, кванттық хромодинамикаға арналған. Ол жарық физикасы саласында «Торланған калибрлік өрісті стохастикалық кванттау» атты жаңа ғылыми бағытты қалыптастырды.
100-ден аса ғылыми еңбектің авторы.
«Парасат» ордеімен, медальдермен марапатталған.
52 жыл бұрын (1961) саяси-қоғамдық «Айқын» газетінің бас редакторы, журнаист, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылым академиясының, Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі, БАҚ саласындағы Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының және Қазақстан Журналистер одағының Б.Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты ЖҮСІП Нұртөре Байтілесұлы дүниеге келді.
Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. Қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің тілшісі, көлік және коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі, бас редакторының орынбасары қызметін атқарған. 1990-1996 жылдары - «Егемен Қазақстан» газеті экономика бөлімінің меңгерушісі, бас редакторының орынбасары. 1996-2002 жылдары - «Жас алаш» газетінің бас редакторы. Н.Жүсіп басшылық жасаған жылдары аталмыш газет «Алтын Жұлдыз - 2000» сыйлығына ие болды. 2002-2005 жылдары - «Ақ Жол Қазақстан» газетінің бас редакторы. 2005-2006 жылдары - «Егемен Қазақстан» газетінің бас директоры. 2006-2008 жылдары - «Астана хабары» газетінің бас редакторы. 2008 жылдың ақпанынан бастап - қазіргі қызметінде.
Оның «Біз кімнен кембіз», «Қазақтың қызы», «Елес пен белес» атты публицистикалық жинақтары жарық көрген.
«Құрмет» орденімен, екі медальмен марапатталған.
52 жыл бұрын (1961) ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясының төрағасы НӨКИН Патрис Кеңесұлы дүниеге келді.
КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін бітірген.
Мемлекеттік тергеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасы бастығының орынбасары, Ақтөбе ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары, Ақтөбе облысы бойынша қаржы полициясы департаменті бастығының орынбасары, Ақтөбе облысы ішкі істер департаментінің бастығы қызметін атқарған. 2011 жылғы қыркүйектен қазіргі қызметінде.
57 жыл бұрын (1956) Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығының президенті СӘРСЕМБАЕВА Раушан Біргебайқызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туылған.
Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты, әлеуметтану ғлымдарның докторы.
Гендерлік теңдік мәселелеріне арналған монография мен оқу құралының, сондай-ақ 50-ден астам мақаланың авторы.
«Нұр Отан» ХДП саяси кеңесінің мүшесі.
47 жыл бұрын (1966) «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ президенті ҚҰРМАНОВ Алмас Мұхаметкәрімұлы дүниеге келді.
М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.
1995-2000 жылдары қаржы органдарында жауапты қызметтер атқарды.
2000-2007 жылдары - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығы» РМКК бас директоры.
2007-2008 жылдары - ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.
41 жыл бұрын (1972) Астана қала мемлекеттік филармониясының «Тілеп» қобызшылар квартетінің көркемдік жетекшісі ҚАЗАҚБАЕВ Әлқуат Дотайұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. Қазақ ұлттық музыка академиясының дәстүрлі музыка өнері факультетін бітірген.
«Даналар ой маржанын жіпке тізген» кітабының, «Қобызшы Тілеп Аспантайұлын білеміз бе?» мақаласының авторы. ҚР Президенті сыйлығының лауреаты.
26 жыл бұрын (1987) 2004 жылдан бері халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүрген қазақстандық шаңғышы ПОЛТОРАНИН Алексей Юрьевич дүниеге келді.
Туриндегі және Ванкувердегі Олимпиадалық ойындарға қатысты. 2011 жылы Азия ойындарында Алексей Полторанин шаңғы жарысында төрт алтын және бір қола медальді иеленді.
138 жыл бұрын (1875 -1950) ағылшын жазушысы, шытрман оқиғалы романдардың авторы Рафаэль САБАТИНИ - дүниеге келді.
58 жыл бұрын (1955) кеңестік және ресейлік театр және кино актрисасы, Ресей халық әртісі Лариса УДОВИЧЕНКО дүниеге келді.