29 тамыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 29 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

29 тамыз, ЖҰМА

Ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні. 2009 жылғы 30 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші комитетіне Қазақстан 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынды. Қазақстан ұсынған қарардың бірлескен авторлары 26 мемлекет болды, оның ішінде Армения, Беларусь, Бразилия, Катар, Қырғызстан, Моңғолия, Араб Әмірлігі, Тәжікстан, Түрікменстан, Жапония және басқа елдер бар. Семей ядролық полигонының жабылған күні. ҚР Президентінің 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. 2008 жылғы тамыздың 29-ынан 30-ына қараған түн - 1429 хижра жылының 26-27-ші ережебі. Миғраж түні. Пайғамбар жеті көкке көтерілген түн. Словакия Республикасының Ұлттық мейрамы. 1993 жылы 1 қаңтарда Қазақстан Республкасы мен Словак Республикасы арасында дипломатиялық қатынас орнатылды. Италиядағы өнім мейрамы - «Томатина». Бұл мерекені жыл сайын тамыз айының соңғы сәрсенбісінде атап өтеді. Осы күні Валенсияға таяу орналасқан Буньол қалашығы шайқас алаңына айналып, көшеге мыңдаған адам шығып, қызанақпен атысады. Дәстүрге айналған қызанақ атысы 60 жылдан астам уақыт жалғасын табуда. 1959 жылы қызанақ атысына ресми түрде тыйым салынды. Бірақ қала тұрғындарының өтініші бойынша үкімет органдары рұқсат беруге мәжбүр болды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 294 жыл бұрын (1720) Өскемен қаласының негізі қаланды. Өскемен қаласы ұлы мәртебелі І Петр патшалық құрып тұрғанда қамал-бекініс ретінде салынған еді. 1868 жылы Өскеменге қала мәртебесі берілді. Қалада сауда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс орындары дами бастады, айлақ құрылысы басталды. Кейіннен жеңілөнеркәсіп, теміржол құрылысы салына бастады. Ұлы Отан соғысы жылдары ауыр өнеркәсіп дамыды. Өскемен Қазақстанның батыс-шығыс бөлігінде Ертіс пен Үлбі өзендерінің сағасында орналасқан; көлемі 54,4 мың га жерді алып жатыр. Қазіргі Өскемен Қазақстандағы түсті металдар орталығының бірінен саналады. Аймақтың жетекші салалары - түсті металдар өндіру, машинажасау. Шағын және орта бизнес қамтылған. 65 жыл бұрын (1949) Семей полигонында Кеңес Одағындағы тұңғыш ядролық қару сынақтан өткізілді. 23 жыл бұрын (1991) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды. Полигон жабылғаннан кейін ондағы барлық нысандар және үш ядролық реактор Қазақстан Республикасының меншігіне өтті. 20 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебін құру туралы» (қазіргі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекет қызмет академиясы) Жарлығы жарияланды. 14 жыл бұрын (2000) Қостанай қаласындағы № 9 мектепке ақын Ғафу Қайырбековтың есімі берілді. 12 жыл бұрын (2002) Н.Назарбаев «Бәйтерек» монументінің ашылу салтанатына қатысты. Ел еңсесiнiң биiктiгi «Бәйтерек» мұнарасымен бейнеленедi. Құрылысты тұрғызу идеясының авторы - еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев. Архитектуралық авторлар тобының жетекшісі - А.Рүстембеков. Қазақ аңыздары бойынша Бәйтерек - өмір мен өркендеудің символы. Құрылыс биіктігі - 97 метр. Бұл ұлы көштің жаңа астанаға ат басын тiреген жылын білдіреді. Жалпы бұл айбынды асқақ ғимарат-мұнараны салу барысында 2812 текшеметр құйма темiрбетон, 999 тонна металл конструкциялары және прокаттары, 251 тонна өзектемiр арматура қолданылған. Төбесіндегі шардың диаметрі 22 метр. Мұнда демалушыларға арналған дәмхана, аквариум, т.б. қосалқы қызмет көрсететін бөлмелер бар. 11 жыл бұрын (2003) Алматыда «Балтика-Транзит» жүрдек контейнерлік пойызының таныстырылымы өтті. Бұл пойыз Еуропа елдерінен Орталық Азия мемлекеттеріне қысқа мерзімде Балтық порттары арқылы жүк тасымалдайды. Сібіраралық тасымалдаулар Халықаралық Басқарушы кеңесі және Темір жол көлігі кеңесі дирекциясы «Балтика-Транзит» жүрдек контейнер пойызын құрастырып Латвияның, Литваның, Эстонияның, Ресейдің, Қазақстанның және Өзбекістанның темір жолдарында енгізген. 11 жыл бұрын (2003) Алматыда қалалық Жастар үйі ашылды. 9 жыл бұрын (2005) Алматыда «Президент және халық» жаңа апталық газетінің алғашқы саны жарық көрді. Республикалық қоғамдық-саяси газет қазақ және орыс тілдерінде шықты. Газеттің бас редакторы - белгілі журналист Марат Тоқашбаев. Газетке Елбасы қабылдаған шешімдер, еліміздің және шетелдердің негізгі оқиғалары, билік органдары қызметінің материалдары басып шығарылды. Көлемі сегіз беттен тұратын газеттің алғашқы санының тиражы 10 мың дананы құрады. 8 жыл бұрын (2006) Астанада «Астана полиграфия» акционерлік қоғамының жаңа ғимараты ашылды. Жаңа ғимараттың өндірістік алаңы 4 мың шаршы метрді құрайды. Құрал-жабдығы жаңарған бұл жерде 40-тан астам газет түрі басылады. 7 жыл бұрын (2007) Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер бетіндегі бейбітшілікті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін АҚШ-тың «Нова» университеті бекіткен Халықаралық бейбітшілік сыйлығының тұңғыш лауреаты атанды. Сыйлықты АҚШ-тың Таяу Шығыс және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі ұйымының хатшысы, аталған университеттің профессоры Сэм Барони табыс етті. 7 жыл бұрын (2007) Шымкентте «Абай» жаңа мәдени газетінің алғашқы саны жарық көрді. Республикалық тарихи-танымдық, әдеби-көркем газет жұма сайын шығады, онда ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған мақалалар, оның және басқа да атақты қазақ авторларының шығармалары жарияланды. 5 жыл бұрын (2009) Өскеменде Абай мен Пушкинге ескерткіштері салтанатты түрде ашылды. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлына ескерткіш Республика алаңында, ал Александр Сергеевич Пушкинге оның есімімен аталатын облыстық кітапхана ғимаратының алдында ескерткіш мүсіні орнатылды. ЕСІМДЕР 153 жыл бұрын (1861-1933) қазақтың халық композиторы, күйші, қазақ домбыра мектебінің негізін салушылардың бірі ОРАЗАЛЫҰЛЫ Сейтек дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысында туған. Бала күнінен музыкаға қабілетін байқатты. Домбыра тартуды өз ағасы Сұлтанғалидан үйренді, күй орындауды Дәулеткерейдің шәкірттерінен үйренді. «Арпалыс», «Орғытпа», «Шәрипа», «Бес қыз», «Жантаза», «Қарашаш», «Қанатым», «Көкала ат» т.б. күйлері бар. Еркіндік идеялары үшін қуғынға ұшырады. Орда, Иркутск, Қарабайлы, Астрахан, Мәскеу түрмелеріне қамалды. Революцияшыл орыс жұмысшылармен байланысы бар деген айыппен саяси сенімсіз адам ретінде Сібірге айдалды. Осы кезде «Айдау», «Түңілдім», «Арман» күйлері туды. 1905 жылы елге оралды. «Жоқтау», «Ғазиз», «Мең-зең» «Сары дала» күйлері осы кезде туды. 1905 жылғы револобюцияға арналған «Жігер», 1916 жыл оқиғаларына үн қосқан «16 жыл» күйлері бар. Сейтек шығармаларының шыңы «Заман-ай» күйі, Октябрь революциясы оны «17 жыл», «Еркіндік», «Партсъезд» күйлерін шығаруға жігерлендірді. А.Затаевич Сейтек күйлерін «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына енгізді. Тәкен Әлімқұловтың «Сейтек сарыны» повесі Сейтектің өмірі мен шығармашылығына арналған. Сейтектің көптеген күйлері Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің репертуарында. 104 жыл бұрын (1910-1985) Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, КСРО-ның халық сәулетшісі, сәулет докторы, КСРО Көркемсурет Академиясының мүшесі РУБАНЕНКО Борис Рафаилович дүниеге келді. Самара қаласында туған. Санкт-Петербор қаласындағы коммуналдық құрылыс инженерлері институтын, Көркемсурет академиясын бітірген. Алматыдағы бұрынғы қала әкімшілігі ғимаратының жобасын жасауға қатысқан. 1954 жылдан педагогикалық қызметпен (1968 жылдан - профессор) айналысты. КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері. Ленин орденімен, Қазан төңкерісі, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған. 76 жыл бұрын (1938-1999) аудармашы ТӨЛЕУПОВ Нұрахмет дүниеге келді. Қарағанды облысының Балқаш қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Балқаш теледидарының редакторы, «Жазушы» баспасы аударма редакциясының кіші редакторы, редакторы, аға редакторы, редакция меңгерушісі болып қызмет істеген. Л.Кокышевтың «Арина» романын, С.Ұлық-Заденің «Өзгерген өңір» романын, А.Ананьевтің «Тойтарыс» романын, И.Друцэның «Ақ көңілміз жүк ауыр» роман, повестер жинағын, Б.Худайназаровтың «Құмдағы ел» роман, повестер жинағын, Т.Пулатовтың «Қайыптың қайта оралуы» повестін, Т.Сыдықбековтың «Әйелдер» романын аударған. «Армян жазушыларының әңгімелері», «Моңғол жазушыларының әңгімелері», «Украин жас жазушыларының әңгімелері», «Хиросима қасіреті» атты жалпы жинақтарды тәржімалауға қатысқан. 68 жыл бұрын (1946) суретші ЗӘУІРБЕКОВА Бәтима Есмұратқызы дүниеге келді. Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Фурманов ауылында туған. Гобеленші, сәндік-қолданбалы өнер иесі. Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі. Алматы көркемсурет училищесін, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген. «Астық жинау», «Мелодия» сияқты алғашқы туындылары өткен ғасырдың 70-ші жылдары Мәскеудегі көрмеде көрсетіліп, жоғары бағаға ие болды. Бұл туындыларынан тіршілік тынысы айшық бояулар арқылы көрсетіліп, күнделікті тұрмыс көрінісі, дүниенің жарасымдылығы жан-жақты байқалыс танытты. Гобелен кілемдердің бояуларының қанықтығы мен тазалығы автордың жан-дүниесінің нәзіктігін, өмірге деген шыншыл көзқарасы мен махаббатын білдіріп тұрады. Сан түрлі құбылыстарды әсерлеуге құрылған гобелендерді тоқумен қатар сурет өнерін жете меңгерген Зәуірбекова «Әйгерім» атты еңбегінде түр-түстерді мейлінше құбылтып көрсетсе, «Құнарлылық» деп аталатын суретінде өмірдің сәнін келтіретін әйел-ананы аса жоғары дәріптейді. Шығармашылық ой-қиялын шарықтау шегіне жеткізе отырып дүниеге келтірген «Дала мадоннасы» атты еңбегінде көркемдік көріністерді жинақтап көрсетудің ең жоғары үлгісін байқатады. Зәуірбекова көптеген отандық, халықаралық көрмелерге үзбей қатысып аталған еңбектерінен тыс «Көктем», «Жер-ана», «Кешкі Алматы», «Қазақстан кемпірқосағы», «Астық мерекесі», «Береке», «Жас Абай», «Бақыт құстары», «Күй», «Сазгер» сияқты аса ірі, кең ауқымды шығармалары арқылы жоғары бағаланып, сыйлықтар мен лауреаттық атақтарды иеленіп келеді. Оның суреткерлік өнері, тамаша туындылары жайлы шығарылған альбом-кітапта (авт. Ш.Тоқтабаева), Түркияда шығарылған каталогта (1999), «Мелодия» атты деректі фильмде кеңінен сөз болған. Зәуірбекова қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін өзі таңдаған сара өнер гобелен арқылы кеңінен танытып келе жатқан жаңашыл суреткер, шеберлік пен шынайы талант иесі. Оның жұмыстары АҚШ-та, Канадада, Ресейде, Түркияда, Францияда, Швейцарияда, Қазақстанда және басқа елдерде мұражайлар мен жеке коллекцияларда сақтаулы. Ш.Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 51 жыл бұрын (1963) Ақмола облысының әкімі АЙТМҰХАМЕТОВ Қосман Қайыртайұлы дүниеге келді. Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Бестөбе ауылында дүниеге келген. 1986 жылы инженер-құрылысшы мамандығы бойынша Ақмола инженерлік-құрылыс институтын, 2006 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін бітірді, юриспруденция бакалавры санатына ие болды. Еңбек жолын 1983 жылы Ақмола облысының «Изобильный» кеңшарында бастады. 1986-1987 жылдары - Ақмола облысы Қорғалжын ауылының АКТУ-21 оқытушы, «Бестөбе» кеніші Бестөбе АТК-да жабдықтау бойынша инженері болып жұмыс істеді. 1987-1991 жылдары - Целиноград жүктеу автобасқармасының материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімінің инженері, техникалық жағдайды бақылаушы болып жұмыс істеді (Астана қ.). 1991 жылдан бастап - «АПС» ШЖК директоры (Астана қ.). 1994 жылдан бастап - байланыс автобазасының директоры (Астана қ.). 2001 жылдан бастап - «Горкоммунхоз» МКК директорының орынбасары (Астана қ.). 2003 жылдан бастап - «Горкоммунхоз» МКК директоры (Астана қ.). 2006 жылдан бастап - «Астана Горкоммунхоз» АҚ басқармасының төрағасы, «Кредит Құрылыс НС» ЖШС директорының орынбасары (Астана қ.). 2008 жылдан бастап - «Астана Горкоммунхоз» АҚ басқармасының төрағасы (Астана қ.). 2009 жылдан бастап - Ақмола облысы әкімінің орынбасары. 2012 жылдың ақпаннан бастап - Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары. 2013 жылдың қаңтардан бастап - Ақмола облысының әкімі. «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалімен (2008 ж.), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен (2011 ж.), «Құрмет» орденімен (2012 ж.) марапатталды. 395 жыл бұрын (1619-1683) белгілі француздық мемлекет қайраткері, Франция академиясының мүшесі КОЛЬБЕР Жан-Батист дүниеге келді. Ол Людовик XIV-нің министрі болды. 1665 жылдан қаржыгердің бас интенданты болып, мемлекет билігін түгелге жуық (сыртқы саясат пен әскери ведомстводан басқасын) өз қолына алды. Кольбердің экономикалық саясаты - меркантилизмнің бір түрі болды. Ол ең алдымен сауда балансын жандандыру, француз өнеркәсібін өркендету, өнеркәсіп бұйымдарын сыртқа көбірек шығару және шетел өнеркәсіп бұйымдарын әкелуді қысқарту есебінен мемлекеттік кірісті көбейтуге күш салды. Француз саудасы мен жол қатынасын дамытуға, сауда және әскери флоттың жандануына, отарлар жаулап алуға (Канада, Луизиана, Гвиана т.б.) ықпал етті. Дегенмен оның саясаты елде бірнеше мәрте шаруалар көтерілісінің орын алуына түрткі болды. Кольбер француз мәдениетінің дамуына зор ықпал етіп, Жазба академиясының, Ғылым академиясының, Сәулет академиясының негізін қалады. 211 жыл бұрын (1803-1857) поляк халқының көрнекті демократ-революционері, көсемсөзші ЯНУШКЕВИЧ Адольф дүниеге келді. Ақсүйектер отбасында туған. Вильно университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, ақын А.Мицкевичтің басқаруымен құрылған студенттердің «Жасылдар» атты ұлт-азаттық қозғалысын жақтайтын жасырын ұйымға мүше болған. 1930 жылы поляктардың ұлт-азаттық көтерілісіне белсене араласқан. Сол көтерілістердің бірінде жеті рет жараланып, тұтқынға түскен. 1932 жылы наурызда әскери сот үкімімен ақсүйек атағынан айырылып, 25 жылға Сібірге жер аударылған. Ол айдаудың алғашқы 12 жылын Сібірде өткізген. Кейіннен Тобылда, Есілде тұрған. Мұнда ол өзі секілді айдауда жүрген отандасы, белгілі ақын Г.Зелинскиймен кездесіп, жақын араласқан. 1841 жылы Омбыдағы шекаралық басқармаға ауысуға рұқсат алған. 1843 жылдан бастап қазақ даласына дүркін-дүркін сапарға шығатын экспедициялар құрамына енген. Осы сапарларда көргендері мен білгендерін күнделігіне түсіріп, Польшадағы туыстарына хат арқылы жолдап отырған. Оны, әсіресе, қазақ елінің меймандостығы, әдет-ғұрпы, тілі, салт-санасы, ақындық, шешендік өнерлері қатты қызықтырған. Қазақтың сол кездегі тұлғалары үйсін Мәуке би, аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы, сұлтан Барақ, ақындар Жанақ пен Орынбай жөніндегі естелік, пікірлері аса құнды. Астана, Семей және Аягөз қалаларында Янушкевич атындағы көше бар. 152 жыл бұрын (1862-1949) бельгия жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты МЕТЕРЛИНК Морис дүниеге келді. 99 жыл бұрын (1915-1982) швед киноактрисасы БЕРГМАН Ингрид дүниеге келді. 56 жыл бұрын (1958-2009) американ әншісі, биші және әндер авторы МАЙКЛ ДЖЕКСОН дүниеге келді. Тарихтағы ең табысты орындаушылардың бірі, 15 мәрте Грэмми сыйлығын және жүздеген басқа да сыйлықтарға ие болған. 13 рет Гиннесстің рекордтар кітабына енген, әлемде миллиардқа тарта альбомдарының көшірмесі таратылған. 2009 жылы 25 маусымда қайтыс болды.

Соңғы жаңалықтар