3 бірдей қақпашы пенальти қайтарды — «Қайрат» қақпашылар шеберханасына айналып келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Дастан Сәтбаевтың ойынын бүкіл Англия бақылап отырды. Бұл туралы футбол сарапшысы айтты.

Шерхан Қалмырза
Фото: instagram.com/kallmurza

«Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы кездесу кешелі бері күллі футболсүйер қауымның ортақ тақырыбына айналды. Бүкіл әлем алматылық клубтың жас ойыншылары туралы әңгіме етіп жатыр.

Ал Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болған Рымбек Ізғали «Қайрат» ойыншыларының ең басты қателігін атады.

Рымбек Ізғали
Фото: instagram.com/rymbek86

— Біздің жігіттер бірінші таймда жақсы ойнады. Екінші тайм, өкінішке қарай, сәтсіз болды. Бұл «Қайраттың» заңдылығы. Бұған дейін де «Спортингпен» болған ойындарда көп гол жіберіп қойып жүрді ғой. Алдағы уақытта «Қайратта» әлі де ойындар көп. Олар — Қазақстандағы демалмайтын жалғыз команда. Мысалы, қараша айында барлық қазақстандық клубтар демалысқа кетсе, тек «Қайрат» Чемпиондар лигасындағы ойынын қаңтар айына дейін жалғастыра береді. Осы екінші таймының мәселесін шешу үшін оларда әлі уақыт көп. Ол үшін бапкерлік штабты ауқымды жұмыс күтіп тұр деп айтуға болады, — дейді студия қонағы.

«Қайрат» — «Реал Мадрид» ойыны не берді?

«Қайрат» өз алаңында испаниялық клубқа едәуір айырмашылықпен есе жіберсе де, жанкүйерлердің көңілі көтеріңкі. Қолдаушылар еліміздің түпкір-түпкірінен ойыншыларға алғысын айтып, сәттілік тілеп жатыр. Көбі «Қайрат» жеңілсе де, «Қазақстан жеңілген жоқ» деп философиялық пікірлерін жазған.

п
Фото: Альберт Ахметов / Kazinform

Ал сарапшы бұл мәселеге қатысты мынадай пікір білдірді.

— Мен негізінен прагматик әрі перфекционист адаммын. Кез келген нәтижеде пәлсапалық әңгімелерді тоқтаусыз айта беруге болады. Бірақ мен оны сылтау деп қабылдаймын. Ал спортта бұл болмайды. Менің ойымша, Қазақстандағы футболға қатысы бар адамдар, оның ішінде бапкерлер, балалар бапкерлері, еліміздегі өзге клубтардың бапкерлері мен ойыншылар «Қайраттың» деңгейімен өздерін салыстырды деп ойлаймын. Себебі олар бұған дейін «Қайратпен» ойнады. Ұтып жүрген командалар да бар. Олар өздерін «Қайраттың» ойыншыларының орнына қояды. «Мен мына жерде не істер едім?», «Менің деңгейім қандай?» деген сияқты өздеріне баға бере алатындай сабақ болды деп ойлаймын, — дейді ол.

Рымбек Ізғали қазақстандық ойыншылар физикалық дайындықты күшейту керек дейді.

Қайрат Реал Мадри
Фото: instagram.com/f.c.kairat

— Жоғарыда екінші таймдағы әлсіз ойын туралы айттым ғой. Бұл — физика. Ойыншылар екінші таймда шаршап қалды. Ал физика дегеніміз — дұрыс тамақтану, уақытылы жату сынды тәртіптер. Енді бапкерлер кішкентай балаларға дейін физикалық дайындықты күшейтеді деген үміттемін. Бұл, әрине, өздеріңіз айтпақшы, Қазақстан футболы үшін қосар үлесі көп тәжірибе, — деді маман.

Сарапшының пікірінше, осы ойыннан кейін Қазақстанда футбол мәдениеті жаңа деңгейге көтерілуі керек.

— Футболда ұсақ-түйек деген нәрсе жоқ. Мысалы, кеше «Реал Мадрид» келіп, бір қонақ үйді түгелдей жалдап алды. Бұл клубтың өз ойыншыларына құрмет көрсетіп, қалай жағдай жасайтынын көрсетеді. Бұл — біз үшін үлкен сабақ болу керек. Біз «Реал Мадридтің» Англияда басқа клубтармен ойнап жатқанын естісек те, ондағы жаңалықтарды оқысақ та, елемейміз. Ал біздің үйімізге, елімізге келіп, көрсетіп кетсе, тәжірибе аларлықтай үлгі болады, — дейді Рымбек Ізғали.

«Қайрат» — «Реал Мадрид»: Орталық стадион маңында жағдай қалай
Фото: Александр Павский/Kazinform

Студия қонағы кеше өткен баспасөз жиынына да тоқталды.

— Одан бөлек, баспасөз конференциясын ұйымдастырғанда да журналистермен көп жұмыс жасалды. Өйткені, кеше көргендеріңіздей, баспасөз жиынында Президент кездесулеріндегідей автоматты аудармамен жұмыс істеді. Ал бізде әдетте мұндай процесс ұзақ болады. Ол кісінің қойған сұрағын алдымен ағылшыншаға, кейін қайтадан қазақшаға аударып отыратын. Бұл — менің байқағаным. Ал барған әріптестеріміз де біраз нәрсе айтатын болар деп ойлаймын, — дейді сарапшы.

Демек, Қазақстанға мадридтік «Реалдың» келуі тек футболға әсерін тигізген жоқ. Бұл, ең алдымен, қазақстандық клубтар үшін ауқымды тәжірибе. Ел экономикасына тигізген пайдасын есепке алмағанда, сервис, БАҚ және футболшылардың дайындығына да серпіліс берері анық.

Бақ пен бап: Ойыншылар туралы

Қақпашы Шерхан Қалмұрза кеше 7 рет сейв жасап, жұлдызға айналды. 18 жасар ойыншының Instagram парақшасына 1 күнде 150 мыңнан аса оқырман жазылған. «Қайрат» клубының 3-ші қақпашысын «Реал Мадрид» голкипері Тибо Куртуа өз парақшасында белгіледі.

Шерхан Қалмырза
Фото: instagram.com/kallmurza

— Қайраттың соңғы уақыттары жиі бағы жанып жүр. Мысалы, «Селтикпен» ойында Заруцкий жарақат алып қалды да, орнына Анарбеков шықты. Темірлан келесі матчқа шығып, 4 пенальти қайтарды. Бұл пенальтилерді Заруцкий қайтара алар ма еді? Бұл — үлкен сұрақ. Өйткені, Анарбеков — «Қайраттың» түлегі. «Спортингке» қарсы матчта Шерхан Қалмұрза да пенальти қайтарды. Оған қоса, жасөспірімдер арасында да чемпионат бар. Кеше «Қайрат» пен «Реал Мадрид» жасөспірімдері ойнаған матчта «Қайраттың» қақпашысы тағы бір пенальти қайтарды. Демек, бұл — олардың мектебі, академиясы жақсы жұмыс істейді деген сөз, — дейді Рымбек Ізғали.

л
Фото: anarbekov_temirlan77 / instagram

Сарапшы Шерхан Қалмұрзаның ойынына баға берді.

— Еуропада 18 жасар футболшы жас болып есептелмейді. Онда 20 жасар ойыншылар — толықтай қалыптасқан футболшылар. Қалмұрзаның кешегі ойынынан әлі де тәжірибе жетпейтіні көрініп тұрды. Кейбір жерлерде сасқалақтап қалғаны да байқалды. Қақпашы үшін бой да керек. Егер біз Қазақстан деңгейінде алар болсақ, 7 сейв — өзінің жасы мен Қазақстандағы біздің деңгейіміз үшін өте жоғары. Бірақ, бізде қазір чемпионаттың аяғы. «Қайрат» клубы чемпионаттың басынан бастап кез келген сценарийге дайын болу керек еді. Яғни, кей ойындарда Шерхан Қалмұрзаны тәуекелге барып, шамалап шығарып тұру керек еді. Бұл да — тәжірибе ғой, — дейді ол.

Қалмырза
Фото: instagram.com/kallmurza

Ал Дастан Сәтбаев бұл бәсекеде өзінің жақсы ойыншы екенін тағы бір рет көрсете алды.

— Дастан Сәтбаев өте жақсы ойнады. Соққылар жасады. Оған қосымша жауапкершілік бар. Өйткені, оны «Челсидің» скауттары қарап отыр ғой. Оның ойынын бақылап, баға береді. Англиядағы БАҚ өкілдері де міндетті түрде жазады. Жалпы, өте жақсы ойнады. Бірақ футбол — командалық ойын. Бір ойыншының жарқылдап көзге түсуі ештеңені шешпейді, — дейді маман.

Дастан
Фото: instagram.com/d.satpayev

Рымбек Ізғали кешегі ойындағы тағы бір ерекшелікке тоқталды.

— Менің ойымша, әлемдік сарапшылардың бәрі Сәтбаев, Қалмұрза сынды жас ойыншыларды көбірек айтуы мүмкін. Одан бөлек, кеше байқасаңыздар, «Қайрат» академиясының түлектері көп ойнады. Еуропадағы кез келген клубты алып қарасаңыз, тіпті «Реал Мадридтің» өзі «Біздің 5 бірдей түлегіміз ойнап жатыр» деп мақтана алмайды. Жалғыз мақтанатын клуб — «Атлетик Бильбао» мен «Селтик» шығар. Бірақ көп клуб легионерлерден құралған, — дейді сарапшы.

Реал Мадрид
Фото: instagram.com/realmadrid

Ал әлеуметтік желіде қазақстандықтар алаңда отырып, ойын тамашалаған жанкүйерлерге наразылығын білдіріп жатыр. Айтуларынша, олар жеткілікті деңгейде қолдау көрсете алған жоқ.

— Жанкүйерлердің қолдауы — уақытпен келетін нәрсе. Мұндай үлкен футбол матчтары жиі болып тұрса, мәдениет те қалыптасады. Адамдарды ұйымдастырудың өзі оңай дүние емес. Мен жоғары футбол мәдениеті қалыптасатынына сенемін. Өйткені, «Қайрат» неше жылдан бері бірінші рет чемпион болып тұр. Чемпион бола сала Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығып тұр. Бұл — клубтың ішкі жұмысы дұрыс бағытта деген сөз. Енді екінші бағыты — жанкүйерлермен жұмыс. Бұл жағынан жанкүйерлер де сабақ алып жатқан шығар деп ойлаймын, — деп түйіндеді Рымбек Ізғали.

Айта кетейік, әлеуметтік желілерде Алматыдағы «Қайрат» пен мадридтік «Реал» арасындағы Чемпиондар лигасының екінші тур ойынына байланысты пікір көбейді. Матч аяқталғанымен, оған қатысты дау-дамай басылмай тұр: ондаған жанкүйер билеті болса да, стадионға кіре алмағанын айтты.

Соңғы жаңалықтар