3 қараша. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 3 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь
Фото: Kazinform

71 жыл бұрын (1952) ҚР Парламенті Мәжілісінің V шақырылым депутаты НЕСТЕРОВА Надежда Дмитриевна дүниеге келді.

Шымкент қаласында туған. 1971 жылы Ферғана жеңіл өнеркәсіп техникумын, 1976 жылы Қазақ химия-технология институтын инженер-технолог мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы:1969-1974 жылдары Шымкент мақта комбинатының бақылаушысы, диспетчері, 1974-1981 жылдары Жамбыл қант комбинатының операторы, тауартанушы, жұмысты реттеуші, кадр бөлімінің бастығы, 1981-1986 жылдары Жамбыл қалалық партия комитетінің нұсқаушысы, 1986-1988 жылдары Жамбыл облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып еңбек етті. 1988-1990 жылдары Жамбыл қалалық партия комитетінің хатшысы, 1990-1991 жылдары Жамбыл облыстық партия комитетінің лекторы, 1991-1994 жылдары Жамбыл қалалық АХАЖ меңгерушісінің орынбасары, аға маман, 1994-2003 жылдары Жамбыл (Тараз) қалалық мәслихат хатшысы болды. 2003-2005 жылдары Жамбыл облысы әкімі аппарат басшысының орынбасары, 2005-2007 жылдары Тараз қаласы әкімі аппаратының басшысы, 2007-2012 жылдары Жамбыл облысы Қазақстан халқы кіші ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі қызметтерін атқарды.

V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және Өңірлік даму комитетінің мүшесі (18.01.2012-20.01.2016).

«Құрмет» орденімен (2011), медальдармен, Алғыс хаттармен марапатталған. Қазақстан Республикасы Білім саласының үздігі.

65 жыл бұрын (1958) ҚР Қарулы Күштері жоғарғы қолбасшылығының өкілі, генерал-лейтенант Болат Қаскенұлы СЕМБИНОВ дүниеге келген.

Шымкент (қазіргі Түркістан) облысында туған. 1980 жылы Киев жоғары әскери-теңіз саяси училищесін, 1988 жылы Мәскеудегі Әскери-саяси академияны бітірген.

Еңбек жолы: 1980-1988 жылдары Каспий флотилиясының күзет кемелерінде лауазымды қызметтерде болды. 1988-1994 жылдары Тынық мұхит флотының күзет кемелері бригадасының әскери-саяси бөлімінің бастығының орынбасары, Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесінің оқытушысы, аға оқытушысы, бастығының көмекшісі болып еңбек етті. 1994-1996 жылдары ҚР Қорғаныс министрлігінің келісім және сыртқы байланыстарды басқару мәселелері жөніндегі бөлімінің бастығы, 1996-1997 жылдары ҚР Қорғаныс министрлігі іс басқармасының бастығы – әскери коллегияның хатшысы, 1997-2003 жылдары Қорғаныс министрінің көмекшісі, министр аппаратының бастығы, 2003-2010 жылдары ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары болды.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен (1998), ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен (2006); «Жауынгерлік еңбектері үшін», «Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 10 жыл» медальдарымен және басқа да мемлекеттік және шетелдік наградалармен марапатталды.

55 жыл бұрын (1968) Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Берген ЕРЖАППАР дүниеге келді.

Шымкент қаласында туған. 1994 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірді.

Еңбек жолы: 1994-1998 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасында түрлі қызметтер атқарды. 2000-2005 жылдары атқарушылық іс-жүргізу және сот қаулыларының заңдылығын қадағалау бөлімінің прокуроры, одан әрі басқарма бастығының орынбасары, облыс прокурорының көмекшісі және аға көмекшісі болды. 2005-2009 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласының прокуроры, 2009-2014 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданының прокуроры қызметтерін атқарған. 2014-2018 жылдары ҚР Бас көлік прокуратурасының Арыс көлік прокуроры болған.

Қазіргі қызметін 2018 жылдан атқарып келеді.

47 жыл бұрын (1976) Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Жаңбыршыұлы НҰРКЕНОВ дүниеге келген.

1999 жылы С. Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін, есепші-экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. 2011 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік саясат ұлттық мектебін бітіріп, әлеуметтік ғылымдар магистрі дәрежесін алған. 2012 жылы Қазтұтыну одағы Қарағанды экономикалық университетін заң бакалавры мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1995-2003 жылдары Ақмола қаласындағы «Шамшырақ» ХЖҚ менеджері, 2003-2006 жылдары Астана қаласының әкімдігі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыстар бөлімінің бас маманы, өндіріс саласы бөлімінің меңгерушісі, 2006-2010 жылдары ҚР Президентінің Іс басқармасының күрделі құрылыс және техникалық қадағалау, ресми іс-шаралар және сыртқы байланыстар, ведомствоға қарасты ұйымдарды басқару бөлімдерінің меңгерушісі және орынбасары болып жұмыс істеген. 2010-2013 жылдары Астанадағы «Мөлдір су» ЖШС басшысы, 2013-2014 жылдары Бурабай ауданының әкімі, 2014-2017 жылдары Ақмола облысы әкімінің өндіріс саласы мәселелері жөніндегі орынбасары, 2017-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болған.

Қазіргі қызметін 2019 жылдың наурызынан атқарып келеді.

«Астананың 10 жылдығы», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.

40 жыл бұрын (1983) «Қоғамдық келісім» РММ директоры Қазбек Өмірзақұлы МАЙГЕЛДИНОВ дүниеге келді.

Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «Тарих» мамандығы, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Құқықтану: экономика саласындағы құқықтық реттеу» мамандығы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Археология және этнология» мамандығы бойынша бітірген, магистр. 2021 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Саясаттану» мамандығы бойынша докторантураны тәмамдады, PhD докторы.

Еңбек жолы: 2007 жылы «Парасат» Қазақстандық көпсалалы институтының «Престиж Академиясының» оқытушысы болып бастап, «Ә.Х. Марғұлан атындағы «Археология институты» РМҚК жалпы археология бөлімінің ғылыми қызметкері болып жұмыс істеген. ҚР Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері мен басқа да қызметтерді атқарған. 2019-2021 жылдары Еуразиялық интеграция институтының ғылыми зерттеулер және талдау орталығының басшысы қызметін атқарды. 2021-2022 жылдары «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының» басшысы болып жұмыс істеді. 2022 жылы «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы болды.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың ақпан айынан атқарып келеді.

188 жыл бұрын (1835-1865) қазақтың тұңғыш ғалымы, ағартушы, тарихшы, этнограф, саяхатшы әрі дипломат Шоқан (Мұхамедханафия) Шыңғысұлы УӘЛИХАНОВ дүниеге келген (негізінен туған күні нақты белгісіз, көбінесе «қараша айы» деп қана жазылады).

Ол Қостанай облысы қазіргі Әулиекөл ауданындағы Құсмұрын бекетінде Абылайханның немересі Шыңғыстың отбасында дүниеге келді.

Төрт жасында хат танып, Құсмұрындағы әкесі салған мектепте ортағасырлық қыпшақ-шағатай тілін меңгереді, парсыша, арабша тіл сындырады. Оған тәрбие беруде сұлтан әулетінен шыққан әжесі Айғанымның ықпалы күшті болды. Ол жас Шоқанға ежелгі қазақ аңыздарын, аңыз-әңгімелерін, мақал-мәтелдері мен даналық сөздерін жиі айтып отыратын. 12 жасына дейін Құсмұрындағы мектепте оқып, мұсылман діні ілімімен танысты. Ауылдық бастауыш мектепте оқып жүріп-ақ араб, парсы, шағатай тілдерінің негізін үйреніп алды.

1847 жылы 12 жасар Шоқанды әкесі сол кездегі ең таңдаулы оқу орны болып есептелген Сібір кадеті корпусына оқуға орналастырады. Шоқанның бүкіл келешегі мен ғылым, өнер жолындағы талантын ашуда бұл оқу орнының маңызы ерекше болды. Мұнда жабық әскери оқу орны болғанымен, көптеген пәндер әскери сабақтарға қоса орыс, батыс әдебиеті, географиясы мен тарихы, философия, физика, математика негіздері, шетел тілдері оқытылып, орыстың озық ойлы интеллигенттерінің өкілдері сабақ берген. Сібір кадеті корпусында оқудың соңғы жылдарында-ақ, Шоқан саналы, терең ойлы, жан-жақты білімді, өзіндік көзқарасы қалыптасқан, туған халқының қажет-мұқтаждарын пайымдап, түсіне алатын, оған барынша пайдалы қызмет етуге әзір екендігін танытты. Ол, әсіресе, жазғы демалыс кездерінде ел ішіндегі халық жырлары мен дастандарын жазып алып, аңыз-әңгімелерді жинауға қызықты. Мысалы, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу жыры Шоқанның алғашқы жазған шығармаларының бірі болды. Шоқан жинаған қазақтың ауыз әдебиеті үлгілері нұсқаларын, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын көрнекті шығыс зерттеушісі, Петербург университетінің профессоры И.И. Березин бұл зерттеулерге назар аударып, жазып алған. Шоқанның зерттеушілік қабілетін байқаған ғалым оны өз тарапынан ескі жазу ескерткіштерін зерттеу ісіне тартқан.

Кадет корпусын 1853 жылы 17 жасында бітірген Шоқан Батыс Сібір генерал губернаторының кеңсесінде қызметке қалдырылады. Бір жылдан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік шығыс аудандарын басқаратын генерал губернатор Гасфорттың адьютанты болып тағайындалады. Осы қызметті атқара жүріп, ол Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясы мен жағрафиясын зерттеуге белсене араласады.

1854 жылы кадет корпусындағы ұстазы Костылецкийдің өтініші бойынша көрнекті шығыстанушы, Қазан университетінің профессоры Н.И. Березиннің тапсырмаларын орындайды. 1855 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторымен бірге Семей, Аягөз, Қапал арқылы Алматыға дейін келіп қайтады. Осы сапарында қазақ, қырғыз, ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясының материалдарын жинай жүреді. Бұл материалдар негізінде кейін ол «Тәңірі (құдай)», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбектер жазады. Сол сапардан кейін оның әскери лауазымы бір саты жоғарылап, поручик шенін алады.

1856 жылы полковник М.М. Хоментовский басқарған әскери-ғылыми Ыстықкөл экспедициясына қатысып, қырғыз елін жете зерттейді. Қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы жайлы мәліметтер жинайды, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жазып алады. Әлем ғалымдары арасында тұңғыш рет «Манас» эпосының ең шұрайлы бөлігі «Көкетай ханның ертегісі» жырын жазып алады.

Ш. Уәлиханов 1856 жылы аса көрнекті ғалым, белгілі географ П.С. Семенов-Тян-Шанскиймен танысты. 1857 жылы П.С. Семенов-Тян-Шанскийдің ұсынуымен Ш. Уәлиханов Орыс географиялық қоғамының толық мүшелігіне қабылданды. 1858-1859 жылдары Шоқан атақты Қашқария сапарына барып қайтты. 1860 жылы Санкт-Петербургте ол орденмен марапатталып, әскери шені де жоғарылатылды. Оны орыс патшасы II Александрдің өзі қабылдады. Осы кездесу кезінде Шоқан патшаға орыс шенеуніктерінің қазақ халқына жақсы қарауы жайлы өз өтінішін батыл жеткізді. Петербургте болған кезінде (1859-1861 жылдары) Шоқан Уәлиханов әр түрлі әскери және ғылыми мекемелерде жұмыс істеді. Денсаулығының нашарлауына байланысты Отанына оралуға мәжбүр болды. Ол Омбыға барып, даладағы жергілікті басқару ісін қайта ұйымдастыру жөніндегі шараларға қатысты. Оның негізгі ойлары «Қырдағы мұсылманшылық туралы», «Қырғыздардың көші-қоны туралы», «Сот реформасы туралы жазбаларда» баяндалады.

1864 жылы Шоқан генерал Черняевтың Оңтүстік Қазақстанға жасаған әскери экспедициясына қатысады. Бірақ әскери қызметі ұзаққа созылмады, генералдың жергілікті халыққа шектен тыс қатыгездік жасауы салдарынан әскер қатарынан өз еркімен кетті.

Шоқан 1865 жылдың сәуірінде қайтыс болды. Оның сүйегі Алтынемел тауының баурайындағы Көшентоған деген жерге қойылған.