3 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 3 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

3 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

3 қазан. ЖҰМА

Герман Федеративтік Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Германия бірлігі күні (1990). Германия - Орталық Еуропада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Даниямен, шығысында Польша, Чех Республикасымен, оңтүстігінде Австрия, Швейцариямен, батысында Франция, Люксембург, Бельгия және Нидерландымен шектеседі. Астанасы - Берлин қаласы. Мемлекеттік тілі - неміс тілі. Мемлекеттік құрылысы - Федеративтік Республика. Мемлекет басшысы - Президент. Үкімет басшысы - канцлер.

Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы ақпанның 12-інде орнатылды.

Халықаралық жануарларды қорғау күні.

Бұл мереке 1931 жылдан бері табиғат қорғау қозғалысы жақтастары тарапынан Халықаралық конгресте қабылданды. Содан бері жануарларды қорғау қоғамы бұл атаулы күнді тойлап келеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1 31 жыл бұрын (1883) Семей облыстық кітапханасы ашылды. Бұл мекеме Семейге патша үкіметі жер аударған революционер демократтардың бастамасымен құрылды. Кітапхананың қорында алғашқы кезде мың дана баспа өнімі болды. Ол заманда осынша қор өте бай қазына болатын. Кітапханада орыс классиктерінің шығармаларымен қатар шет ел классиктерінің, әлемнің ең ірі ғалымдарының да тіршілік, табиғат, қоғам өміріне байланысты мәселелерді қарастырған еңбектерін табуға болатын еді. Аталмыш кітапхана Семей зиялыларының орталығына айналған. Тұрақты оқырмандары қатарында Е.Михаэлис, Н.Долгополов, Абай Құнанбаев болды. Американдық журналист, публицист Джордж Кеннан, поляк революционері А.Янушкевич, орыстың әйгілі саяхатшысы П.Семенов Тянь-Шанский сияқты ірі тұлғалар да кітапханаға бас сұққан.

6 8 жыл бұрын (1946) Өскемен қаласында 600 абонентке арналған жартылай автоматты телефон стансасының бірінші кезеңі пайдалануға берілді.

1 7 жыл бұрын (1997) Алматыда Қазақстанның халық жазушысы Қалижан Бекхожин тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

1 7 жыл бұрын (1997) Алматыда академик Мұхамеджан Қаратаев тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

9 жыл бұрын (2005) Қазақстанның батыс аумағында күннің тұтылуы байқалды. Бұл құбылыстың ерекшелігі - күннің толық тұтылмауы. Күннің сақина тәрізді тұтылуына, Айдың Жерден ең қашық нүктеде орналасып, оның диаметрі Күнді толық жабуға жетпеуі себеп, яғни, Айды айнала Күннің отты шеңбері көрінеді.

8 6 жыл бұрын (1928) Түркия латын әлібиіне көшті.

5 7 жыл бұрын (1957) КСРО-да алғаш рет әлемдегі жердің жасанды серігі «Спутник-І» ұшырылды. Содан бері 4-10 қазан аралығында Дүниежүзілік космос күні аталып өтіледі.

2 4 жыл бұрын (1990) екі ел - ГДР мен ФРГ әлемдік картадан алынып тасталып, орнына Германия мемлекеті пайда болды. Берлинде бұл күні ГДР-дің байрағы түсіріліп, сол күннен бастап бұл мемлекеттің аты жойылды.

9 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Грузияға ресми сапары барысында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Грузия Үкіметі арасындағы 2006-2010 жылдарға арналған Сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына, сонымен бірге Әуе қатынасы жөніндегі, және үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы сәйкес Хаттамаға қол қойылды.

7 жыл бұрын (2007) Қазақстан мен Ресей Үкіметтерінің басшылары екі ел жағалауларын жалғастыратын Қиғаш өзені арқылы көпірді ашты.

5 жыл бұрын (2009) Семейде «Оралмандарды бейімдеу және әлеуметтік ықпалдастыру орталығы» ашылды. Орталықтың негізгі жұмысы - оралмандарды бейімдеу жөніндегі қызмет көрсету, оларды кәсіптік оқыту және қайта мамандандыру болып табылады.

5 жыл бұрын (2009) Петропавлда Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагері Петр Захарович Телюкке арналған мемориалдық тақта ашылды.

Петр Захарович 17 жасында майданға аттанып, ауыр жараланды. Соғыстан кейінгі жылдары ұжымшарда жұмыс істеді, қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласты. Жоғары партия мектебін бітіріп, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қызылжар аудандық партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарған. 1975 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болған. І дәрежелі Отан соғысы, Ленин, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және 13 медальдармен марапатталған.

108 жыл бұрын (1906) SOS халықаралық апат дабылы болып бекітілді.

ЕСІМДЕР

81 жыл бұрын (1933) химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі СЕМБАЕВ Дәурен Хамитұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Д.Менделеев атындағы Мәскеу химия-технологиялық институтын бітірген. 1956 жылдан А.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтында ғылыми қызметте болды. Қазір аталмыш институттың бөлімше меңгерушісі. 1994-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы төралқасының мүшесі және химия-тенология бөлімшесінің академик хатшысы болған. Негізгі ғылыми еңбектері органикалық қосылыстардың арасындағы өзара құрылымдық байланыстардың ерекшеліктерін, олардың оксидті катализатор қатысында катализдік тотығу және тотықтыру аммонолизін анықтау, органикалық заттардағы әр түрлі орталықтардың реакцияға қабілеттілігі мен олардың катализдік реакцияларға қатысу мүмкіндіктерін зерттеуге арналған. Сембаев зертханасында ванадий-титанды катализаторлар жасалып, өндіріске енгізілді. Осы катализаторлар негізінде никотин қышқылын шығаратын тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіріс құрылды (Украина, Умань қаласы). Ғалым 300-дан астам ғылыми еңбектің, 34 авторлық куәлік, 45 патенттің авторы.

Бірнеше медальмен марапатталған.

5 6 жыл бұрын (1958) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі БАЛИЕВА Зағипа Яхиянқызы дүниеге келді.

Алматы облысы Кеген ауданының Жалаңаш ауылында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген, экономист-халықаралық маман. 1975-1976 ж.ж. СКТУ-де лаборант болып жұмыс істеген. 1981-1982 ж.ж. - Жамбыл облыстық құрылыс банкінде заңгер кеңесші. 1982-1986 ж.ж. - Жамбыл қалалық атқару комитетінде заңгер. 1986-1992 ж.ж. - Алматы қалалық атқару комитетінің тұрғын үйді есепке алу және бөлу басқармасының инспекторы, бөлім меңгерушісі. 1992-1994 ж.ж. - Алматы қаласы әкімшілігінің басшысы аппаратының Заң бөлімінің меңгерушісі. 1994-1995 ж.ж. - XIII сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Экономикалық реформа жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары. 1995-1996 ж.ж. -Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы, төрайымы. 2005-2009 ж.ж. - Қазақстан Республикасының Әділет министрі. 2009-2011 ж.ж. - IV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі. 2012 жылғы 20 қаңтардан бастап - V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. «Нұр Отан» партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. «Құрмет», «Парасат», «Күміс алқа», ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

14 4 жыл бұрын (1870-1916) 1916 жылғы Қарқаралы ұлт-азаттық күресін ұйымдастырушылардың бірі ҚАНАЙҰЛЫ Серікбай дүниеге келді.

Алматы облысының Райымбек ауданында туған. 1916 жылы патша үкіметінің «маусым жарлығына» қарсы көтерілген Қарқаралы тұрғындарының Ереуілтөбедегі жиынында алғашқы 400 адамнан құралған отрядты Ұзақ, Жәмеңке батырлармен бірге басқарған. Шілденің 28-інде Қарқаралыға келген жазалаушы отряд ереуілшілерден бірнеше адамды тұтқынға алған. Солардың бірі - Серікбай. Жазалаушылар оларды Жаркент абақтысына айдап бара жатқан жолда атып өлтіреді. Серікбай - М.Әуезовтың «Қилы заман» повесінің, Бөлтірік ақынның «Ел жарыла көшкенде» толғауының басты кейіпкерінің бірі.

11 4 жыл бұрын (1900-1940) қазақтың халық ақыны, әнші, әртіс, домбырашы, композитор. БАЙЗАҚОВ Иса дүниеге келді.

Павлодар облысының Ертіс ауданында туған. Орынбор қаласындағы Қазақ халық ағарту институтын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген.

Жастайынан суырып салма ақындық, әншілік, домбырашылық өнерімен көзге түседі. 1919-1920 жылдары ел ішінде Бағит, Құдайберген деген ақындармен айтысып, жеңеді. Алғашқы өлеңдері 1924 жылы жарияланды. 1926 жылы Қызылордада қазақтың тұңғыш театры ашылғанда, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» мен «Бәйбіше-тоқалында» басты рөлдерде ойнады. 40-тан астам халық әндерінің сөзін жаңа заманға, өмір салтына сәйкес қайта жазды. Репертуарындағы халық әндерінің көпшілігі «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Ер Тарғын» операларына енді. 1931-1940 жылдары Алматы, Қарағанды, Семей қалаларында радиода, Жазушылар одағында қызмет етті. Оңтүстік Қазақстан облысында тұрып ауыл-ауылды аралап жалынды өлеңімен, асқақ өнерімен үгітшілік қызмет атқарды. Оның атақты «Желдірмелері» (бес желдірме) халық арасына кеңінен таралды. Шығармалары бірнеше рет жеке кітап болып басылып, орыс тілінде де жарияланды. Жазушы Н.Анов «Ән қанаты» романында, осы аттас кинофильмде әнші-ақынның көркем бейнесін жасады. Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.

1980 жылы республикалық деңгейде алғашқы рет қазақтың халық ақыны Иса Байзақовтың туған күні атап өтілді. И.Байзақовтың 80 - жылдық мерейтойында «Беловодский» ұжымшарының атауы Иса Байзақов атындағы ауыл болып өзгертілді. Ертіс ауданындағы Мәдениет үйінің алдында Иса Байзақовтың бюст ескерткіші орнатылды. Оның есімі аудан орталығының көшелеріне берілді. Иса Байзақовтың 100 жылдық мерейтойы салтанатты жағдайда Астана, Павлодар қалаларында және Ертіс ауданы мен оның туған жерінде атап өтілді. 2010 жылдың тамыз айында Павлодар облысында Иса Байзақовтың 110 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шаралар өтті.

10 9 жыл бұрын (1905-1985) геолог-барлаушы, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген геолог-барлаушысы СЕЙФУЛЛИН Саид Шағимерденұлы дүниеге келді. Ақмола облысының Атбасар қаласында туған. Мәскеудің геология-барлау институтын бітірген.

Еңбек жолын 1929 жылы Жезқазған кенішінде бастап, 1956 жылға дейін Жезқазғанда рудниктің бас геологы, геология-барлау экспедициясының бас инженері. 1956-1978 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясының Геологиялық ғылымдар институтында зертхана меңгерушісі, 1978-1985 жылдары ғылыми кеңесші қызметтерін атқарған. Оның басшылығымен жер қыртысындағы мыс кенінің орналасу заңдылықтарын ашу және өндіріске геологиялық-барлау, кен пайдалану жұмыстарын жоспарлау мен тиімді бағыттауға көмек көрсету мақсатымен бірқатар мыс кен орындарының қалыптасуының геологиялық-құрылымдық, минералдық геохимия жағдайларын одан әрі зерттеу жөнінде ғылыми жұмыстар атқарылды. Жезқазған өңірінде жаңа мыс кендерін ашты. Орталық Қазақстан жерінде құмды тақтатастарды табу жөніндегі жұмыстарға басшылық етті. «Геолого-структурные условия формирования месторождения Жезказгана» (бірлесіп шығарған), «Стратиформные месторождения меди западной части Центрального Казахстана» атты кітаптарының авторы.

Екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.

5 9 жыл бұрын (1955) Қостанай облысы Ішкі істер департаментінің бастығы, заң ғылымдарының кандидаты, милиция генерал-майоры БАЙЖАСАРОВ Болат Зейноллаұлы дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Қарағанды жоғары милиция мектебін, КСРО Ішкі істер министрлігінің академиясын бітірген.

1978-1982 жылдары - Қарағанды облысы Балқаш қаласының ішкі істер бөлімінің тергеушісі. 1983-1993 жылдары - Алматы қаласы Алатау ауданының ішкі істер бөлімінің тергеу бөлімшесінің бастығы, Алматы қаласы Ішкі істер басқармасының тергеу басқармасы бастығының орынбасары, Ішкі істер бас басқармасы бастығының орынбасары. 1993-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісінің көмекшісі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1995-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары. 2001-2005 жылдары - Маңғыстау, Ақмола облыстары Ішкі істер басқармаларының, Көліктегі Оңтүстік-Шығыс Ішкі істер басқармасының жетекшісі. 2005-2007 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің бастығы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдан бастап.

«Ерлігі үшін», «Астана», ІІ-ші және ІІІ-ші дәрежелі «Үздік қызметі үшін», «Kұқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» медальдарымен, «Милиция үздігі», «ІІМ үздік қызметі үшін», «ҚР ІІМ Еңбек сіңірген қызметкер», І-ші дәрежелі «Қайсар» төс белгілерімен марапатталған.

7 3 жыл бұрын (1941) жазушы, аудармашы МОМЫШҰЛЫ Бақытжан дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы шет тілдер педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын Жамбыл облысының Жуалы аудандық газетінде тілші болып бастап, Жамбыл облыстық газетінде, «Ленинская смена» газетінде еңбек етті. Шығармашылық жолын аудармашылықтан бастап, Ш.Мұртазаның «Табылған теңіз», «Бұлтсыз күнгі найзағай» повестерін, Ж.Молдағалиевтің, Д.Досжановтың, О.Бөкеевтің, Қ.Найманбаевтың, Б.Бодаубаевтың, Б.Тоғысбаевтың, М.Айымбетовтың, К.Тоқаевтың, т.б. жазушылардың туындыларын аударған. Өзінің «Жанымның жарық жұлдызы», «Қасымда сен барда», «Әкеге құрмет», т.б. кітаптары жарық көрген.

6 8 жыл бұрын (1946) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері СМАЙЫЛ Алдан дүниеге келді.

Қарағандыда туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстан Журналистер одағының лауреаты. Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты. 1970-75 жылдары - Республикалық Қазақ радиосының редакторы. 1975-90 жылдары - Целиноград (қазіргі Ақмола) облыстық «Коммунизм нұры» газетінің бөлім меңгерушісі. 1990-95 жылдары - облыстық «Тіл және мәдениет» қоғамының төрағасы, облыстық «Қараөткел» газетінің бас редакторы. 1995-97 жылдары - Ақмола облыстық телерадиокомпаниясы төрағасының орынбасары. 1997-2002 жылдары - Қазақстан телерадиокорпорациясы Астана студиясының бас директоры. 2002-2007 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры. 2007-2011 жылдары - ІV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012 жылдан бастап - V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі. «Астананың 10 жылдығы» (2007 ж.), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011ж.) медальдарымен марапатталған.

11 9 жыл бұрын (1895-1925) ХХ ғасырдағы орыстың белгілі ақыны ЕСЕНИН Сергей Александрович дүниеге келді.

11 4 жыл бұрын (1900-1938) американ жазушысы Томас Клейтон ВУЛФ дүниеге келді.

7 9 жыл бұрын (1935) кеңестік және ресей театр және кино актері, педагог, КСРО халық әртісі ДЖИГАРХАНЯН Армен Борисович дүниеге келді.