3 мамыр. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 3 мамыр. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 3 мамырға арналған күнтізбесін ұсынады.

3 мамыр. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

3 мамыр, СЕНБІ Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні. 1991 жылы Намибия Республикасының астанасында қол қойылған, барлық елдің үкіметін баспасөз бостандығы мен оның жариялылығын қамтамасыз етуге шақырған «Виндхук декларациясының» құрметіне орай 1993 жылғы желтоқсанның 21-індегі БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен атап өтіледі. Жапония Монархиясының Мемлекеттік мейрамы - Конституция күні (1947). Алғаш рет 1948 жылы Конституцияның қабылданғанына 1 жыл толу салтанатына орай атап өтілді. Жапония - Шығыс Азия жағалауларына таяу маңдағы Тынық мұхит аралдарында орналасқан мемлекет. Ел 4 мыңға жуық аралдарда орналасқан. Олардың ең үлкендері -Хоккайдо, Хонсю, Сикоку, Кюсю, т.б. аралдары. Астанасы - Токио қаласы. Ресми тілі - жапон тілі. Ақша бірлігі - иен. Әкімшілік жағынан 47 префектураға бөлінеді. Жапония -коституциялық монархиялы ел. Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 26-да орнатылды. Польша Республикасының Ұлттық мейрамы - Конституция күні. Польша - Еуропаның орталығында орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Ресеймен, шығысында Литва, Беларус, Украинамен, оңтүстігінде Чехия, Словакиямен, батысында Германиямен шектесіп жатыр. Астанасы - Варшава қаласы. Ресми тілі - поляк тілі. Ақша бірлігі - злотый. Әкімшілік жағынан 16-ы воеводстваға, 373 повятқа және 2468 гминге бөлінеді. Елді 5 жылға сайланған Президент басқарады. Жоғары заң шығарушы органы екі палаталы парламент - Сейм және Сенат. Жоғары атқарушы органы - Үкімет. Қазақстан Республикасы мен Польша арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы сәуір айында орнатылды. Күн күні. 1994 жылдан бастап Күн энергиясы халықаралық қоғамынының Еуропалық бөлімі жаңартылған энергия көзін пайдалану мүмкіндігіне назар аудару үшін еркінділік негізінде жыл сайын Күн күнін ұйымдастырады. Энтузиасттар мен кәсіпқой мамандар, қоғамдық ұйымдар мен бүкіл еуропаның фирмалары әр түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырады және күн энергиясын пайдалану мүмкіндігі туралы демонстрация өткізеді. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 20 жыл бұрын (1994) Алматыда «Түркі халықтары музыкасының» бірінші халықаралық симпозиумы басталды. 19 жыл бұрын (1995) «Батыс Қазақстан - Құмкөл» мұнай құбыры іске қосылды. 17 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық орналасуын одан әрі жетілдіру шаралары туралы» Жарлығына сәйкес Жезқазған, Көкшетау, Семей облыстары таратылды. Сонымен қатар басқа облыстардың шекарасы өзгертілді. Жезқазған Қарағандыға, Көкшетау Солтүстік Қазақстанға, ал Семей облысы Шығыс Қазақстан облысына қосылды. Ал Алматы облысының құрамына бұдан бұрынырақ таратылған Талдықорған облысы қосылса, Ақмола облысына Торғай облысының Державин, Жақсы, Жаңадала, Есіл аудандарының, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының Еңбекшілдер, Зеренді, Щучье аудандары мен Көкшетау қаласының аумағы, Қостанай облысына Торғай облысының Арқалық қаласы және Арқалық, Амантоғай, Амангелді, Жангелдин, Октябрь аудандары қосылды. 13 жыл бұрын (2001) Алматы қаласы көшелерінің біріне ҚР Таэквондо федерациясының негізін қалаушы және бірінші президенті, таэквондо бойынша әлемнің 6 мәрте чемпионы Мұстафа Өзтүріктің есімі берілді. 9 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі туралы» Жарлыққа қол қойды. 7 жыл бұрын (2007) Тараздың шығыс ауданында, қасиетті Тектұрмас тауының етегіндегі Талас өзенінің биік жағалауында мұсылманша неке қиятын Неке сарайы тұрғызылды. Тектұрмас тауы - Әулие Тектұрмастың кесенесіне мінәжатқа келушілер тұрақтайтын қасиетті орын, қалыптасқан дәстүр бойынша жас жұбайлар да осында келіп кетеді екен. Неке сарайының ғимараты тарихи орында - көне Тараздың шығыс көпірінің жанында орналасқан. Кезінде Ұлы Жібек жолының керуендері Талас арнасынан тасыған кезде, тараздық билеушілерге салық төлеп, дәл осы көпірден өтеді екен. 520 жыл бұрын (1494) әйгілі саяхатшы Христофор Колумб Ямайка аралын ашты. 110 жыл бұрын (1904) американдық өнертапқыш Джордж Паркер қаламсап ойлап тауып, патент алды. ЕСІМДЕР 98 жыл бұрын (1916-1964) әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі АРТЫҚОВА Бибі Сәрсенбайқызы дүниеге келді. Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Ол Қазақтың опера және балет театры сахнасында Жібек, Қадиша, Тана (Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр» және «Ер Тарғын» операларында) партияларын орындаған. Сонымен қатар қазақтың халық әндерін де жұртшылыққа кеңінен насихаттаған. 78 жыл бұрын (1936) Республика бастауыш мектептеріндегі оқыту әдістемесін зерттеуші белгілі ғалым, педагогика ғылымының докторы, профессор, Халық ағарту ісінің үздігі АЙМАҒАМБЕТОВА Қазына дүниеге келді. Ақтөбе облысында туған. Қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің география факультетін бітірген. 1958-1961 жылдары «Балдырған» журналында, 1961-1970 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Педагогикалық ғылыми зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, 1970-1980 жылдары осы институттың мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің меңгерушісі, 1980 жылдан бастап Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында факультет деканы, жаратылыс пәндері және бастауыш білім әдістемесі кафедрасының меңгерушісі. Оның 100-ден астам еңбегі жарық көрген. Бастауыш сыныптарға арналған оқулықтары мен оқу құралдары республика мектептерінің қазақ, орыс, ұйғыр сыныптарында қолданылып келеді. 70 жыл бұрын (1944) «Алатау» санаторийі» акционерлік қоғамының президенті, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері ТҮКТІБАЕВ Оразгелді Беденұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Ресейдің Калинин қаласындағы Медицина институтын, Мәскеудегі Дәрігерлер білімін жетілдіру орталық институтының аспирантурасын бітірген. 1965-1977 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында учаскелік емхананың бас дәрігерінен аудандық медициналық бірлестіктің бас дәрігеріне дейінгі еңбек жолынан өткен. 1977-1984 жылдары «Сарыағаш» бальнологиялық курортының директоры болған. Қазіргі қызметінде 1984 жылдан бері істейді. Ғалымның негізгі ғылыми жұмыстары курортология мәселелеріне арналған. Ол республика тұрғындарының қай өлкеде тұруына байланысты оларда болатын жоғары тыныс жолдарының патологиясын санатория-курорт жағдайында емдеудің тиімділігін дәлелдеп, оған экономикалық баға берді. Қазақстанның аридтік (құрғақ) белдемде тұратын тұрғындарының денсаулығын қорғаудың әлеуметтік-экономикалық аспектісін анықтады. О.Түктібаев жұмыс істеп тұрған курорттардың және әлі іске қосылмаған курорттық жерлердің емдік қасиеттері туралы, медициналық тұрғыдан курорт жұмысын дұрыс ұйымдастыру мәселелерін қарастыруға байланысты ұсыныстар жасады. Қазақстан Республикасы бойынша санаторийлік-курорттық қызмет және денсаулық сақтау жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері бойынша заңнамалық актілерді жасауға қатысты. Ол республикалық мәні бар «Алатау» курорттық кешені құрылысының салынып бітуіне басшылық жасады. Осы курорттық кешенге Түктібаевтің бастамасымен әлемдік деңгейдегі республикада жалғыз гольф алаңы мен сауықтыру және ойын-сауық аттракциондары бар жабық аквапарк салынды. Ғалымның 50-ден астам ғылыми жұмысы мен 3 монографиясы бар. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, медальдармен марапатталған. 66 жыл бұрын (1948) заң ғылымының докторы, профессор БАЛТАБАЕВ Қуаныш Жетпісұлы дүниеге келді. Ақмола облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін, Қазақ КСР Ғылым академиясы Философия және құқық институтының аспирантурасын бітірген. Еңбек жолын Қарағанды мемлекеттік университетінің қылмыстық құқық және процесс кафедрасында оқытушы болып бастап, доценті, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1998-2001 жылдары - Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қылмыстық құқық және процесс кафедрасының доценті, кафедра меңгерушісі. 2001-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Заңдар және құқықтық реформа жөніндегі комитеті хатшылығының меңгерушісі. 2002-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі болған. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған. 64 жыл бұрын (1950) Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ҚР Парламент Сенатындағы өкілі, «Патриоттар» партиясының төрағасы ҚАСЫМОВ Ғани Есенкелдіұлы дүниеге келді Атырау қаласында туған. КСРО Сыртқы істер министрлігі Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген. Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты және Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің халықаралық бөлімінің меңгерушісі, Париж қаласында Қазақстан Республикасының сауда уәкілі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Кеден комитетінің төрағасы, Қаржы министрлігі Кеден комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 1999 жылдың қазан айынан - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты - экология және табиғатты пайдалану сауалдары бойынша комитет мүшесі. 2000 жылдың қаңтарынан - Республикалық Ардагерлер және Қазақстан жастары спорты одағының төрағасы. 2000 жылдың маусымынан - Қазақстан патриоттары партиясының төрағасы. 2007-2013 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалған - Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. 2013 жылдың қазанына бастап қазіргі қызметінде. 2-дәрежелі «Достық», ТМД ПАА «Содружество» ордендерімен бес медальмен марапатталған. Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері. 54 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты - Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі БОРТНИК Михаил Михайлович дүниеге келді. Павлодар қаласында туған. Павлодар Индустриалдық институтын бітірген. Еңбек жолын Ақтау пластмас зауытында шебер болып бастаған. 1985-1989 жылдары - пластмас зауыты комсомол комитетінің хатшысы, Шевченко қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. 1989-1998 жылдары - учаске бастығы, зауыттың бас энергетигі орынбасары, бас энергетик міндетін атқарушы. 1999-2008 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің коммуналдық шаруашылық, көлік, құрылыс, білім алу және денсаулық сақтау жөніндегі орынбасары, Маңғыстау облысы әкімінің құрылыс, көлік, коммуналдық шаруашылық және энергетика жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 2008 жылдан - Маңғыстау облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған. 46 жыл бұрын (1969-2005) журналист ӘБДІЛДИНА Жанар Сәкенқызы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Алматы сәулет-құрылыс институтын, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебін бітірген. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мүлік комитетінде, қаржы полициясы органында істеген. 2002-2004 жылдары - «Еуразия+ОРТ» жабық акционерлік қоғамының әкімшілік мәселелер жөніндегі директоры, бас директордың орынбасары. 2004-2005 жылдары «Хабар» агенттігі» акционерлік қоғамының бас директоры, басқарма төрағасы болған. Жыл сайын «Хабар» агенттігі мен «Дегдар» қайырымдылық қоры журналистика факультетінің студенттері арасында «Жастар жанары» атты дәстүрлі байқау өткізіп келеді. 36 жыл бұрын (1978) әнші ҚАСПАҚОВА Гауһар дүниеге келді. Жамбыл облысының Меркі ауданында туған. Тараз қаласындағы мәдениет және өнер колледжін, Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Театр және кино институтын бітірген. Әншілік жолын 1996 жылы бастаған. Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық «Менің Қазақстаным» ән байқауында озып шығып, «Алтын қанат» аталатын бірінші жүлдені жеңіп алған. 1998 жылы Азия құрлығының музыка өнеріндегі танымал әндер мен талантты орындаушылардың халықаралық байқауы «Азия дауысының» дипломанты атанған. 1999 жылы «Ыстықкөл» халықаралық ән байқауында бірінші орынды иеленген. 2000 жылы Жастар одағы сыйлығының ең жас лауреаты болған. Әншінің репертуарында қазақтың халық әндерімен қатар орыс, түрік, қытай, қырғыз тіліндегі әндер бар. Ол, әсіресе, «Алғашқы көктем», «Құс жолы», Әсеттің «Хисмет», қырғыз халқының «Жамғыр», сондай-ақ «Мен сені ойлайтынмын», «Сүйеді екенмін» әндерін шебер орындайды. 545 жыл бұрын (1469-1527) итальян ойшылы, әскери теоретик, тарихшы, жазушы МАКИАВЕЛЛИ Николо дүниеге келді. Ол күшті мемлекеттік билікті жақтады. Оның «Патша» атты әйгілі кітабы өз уақытында көптеген еуропалық монархтардың әліпбиі болды. 73 жыл бұрын (1941) грузин шахматшысы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, дүние жүзінің 5 дүркін чемпионы, әйелдер арасынан шыққан тұңғыш халықаралық гросмейстер, ерлер арасындағы халықаралық гросмейстер, шахматтан «Оскар» сыйлығының лауреаты, көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы ГАПРИНДАШВИЛИ Нона Терентьевна дүниеге келді. Грузияның Зугдиди қаласында туған. Тбилисидегі шет тілдер институтын бітірген. 1980-1986 жылдары ФИДЕ-нің әйелдер комиссиясының төрағасы болған. Ол шахмат ойнаумен 5 жасынан әуестеніп, 12 жасынан түрлі жарыстарға қатыса бастаған.