3 наурыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 3 наурыз. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 3 наурызға арналған күнтізбесін ұсынады.
3 НАУРЫЗ, ДҮЙСЕНБІ
Жазушылардың дүниежүзілік күні. Халықаралық Пен-клубтың 48-ші конгресінің шешімі негізінде атап өтіледі. Клуб 1921 жылы құрылған. Ұйымның атауы ағылшынның poets - ақындар, essayists - очеркшілер, novelists - романшылар сөздерінің бастапқы әріптерінен құрылған. Сонымен қатар pen сөзі ағылшын тілінен аударғанда «қаламсап» деген мағына береді. Ұйым атауы ағылшындық жазушы Кэтрин Эми Доусон-Скоттқа тиесілі. ПЕН-клубтың алғашқы президенті - Джон Голсуорси. 1923 жылы Лондонда ПЕН-клубтың алғашқы халықаралық конгресі өтті. Аталмыш уақытта ПЕН-орталық әлемнің 11 елінде бар болатын. Бүгінгі таңда олар әлемнің 130 елінде, оның ішінде Қазақстанда да бар. ПЕН-клуб - халықаралық жазушылар бірлестігі, оның Хартиясында «әр елдің ішіндегі және барлық елдер арасындағы ақпарат бостандығы принциптерін қорғауға жақтасу» деп көрсетілген. Марокко Корольдігінің ұлттық мейрамы - Патша тағы күні. V Мұхаммед қайтыс болғаннан кейін оның ұлы ІІ Хасан 1961 жылғы наурыздың 3-де король тағына отырды. ІІ Хасан өзінің сарабдал саясаткер екендігін көрсете білді. Негізгі саяси мақсаты - отарлау заманында бөлшектеніп кеткен жерлерді қайтарып, елдің аймақтық бірлігін сақтау, сонымен бірге, араб-израиль қарым-қатынасын жолға қою болды. Соның арқасында Марокко тұрақтылық аралы болып отыр. Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігінің арасында дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы мамырдың 28-де орнатылды. Болгария Республикасының ұлттық мейрамы - Болгарияның османдық езгіден азаттық алған күні (1878). 1877-1878 жылдардағы орыс-түрік соғысында Ресейдің жеңіп шығуы Балқандағы кейбір мемлекеттердің, соның ішінде Болгарияның тәуелсіздікке жетуіне қолайлы жағдай туғызды. 1878 жылғы наурыздың 3-де Сан-Стефан бітім шартына қол қойылды. Болгарлар бұл соғысты бостандық соғысы, ал орыс патшасы ІІ Александрді - азат етуші деп атайды. Жыл сайын мереке Софиядағы Александр Невский шіркеуінде құлшылық етуден басталады. Сосын әскери шеру өткізіліп, шіркеу босағасына гүл шоқтары қойылады. Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 5-де орнатылды. Судан Республикасының ұлттық бірлігі күні. Судан Африканың солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Африка құрлығындағы ірі мемлекеттердің бірі. Астанасы - Хартум қаласы. Мемлекеттік тілі - араб тілі. Ақша бірлігі - судан динары. Мемлекеттік құрылымы - әскери тәртіп. Мемлекет және үкімет басшысы - генерал. Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 5-де орнатылды. Қырғызстанда мемлекеттік байрақ күні. Қырғызстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы маусымның 10-дағы «Қырғызстан Республикасының Мемлекеттік байрағы туралы» Жарлығымен бекітілді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
24 жыл бұрын (1990) «Молодая гвардия» журналында Сәкен Жүнісовтің (1934-2006) «Тропа» атты повесі басылып шығарылды. Бұл жазушы В.Солоухин тәржімалауымен жазылған «Заманай мен Аманай» дастанының аудармасы. 19 жыл бұрын (1995) Түрікменстанның Дашховуз қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Арал проблемалары жөніндегі кеңесі өтті. 9 жыл бұрын (2005) Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттері туралы Қырғызстанмен арадағы келісімді бекіту туралы» Заңға қол қойды. 9 жыл бұрын (2005) Алматыда «Алтын қалам» баспасынан шыққан кітаптардың таныстырылымы болып өтті. Баспаның міндеті танымдық, рухани, әдеби, тарихи, этика-эстетикалық, ғылыми және балаларға арналған мазмұнды еңбектер басып шығару болып табылады. 5 жыл бұрын (2009) Алматыда Сейдахмет Кұттықадамның «Служение нации» деген кітабы жарық көрді. Автор кітапта Рональд Рейган және Людвиг Эрхард, Франклин Рузвельт және Дэн Сяопин, Маргарет Тэтчер және Мұстафа Кемаль Ататүрік, Махатхир және Ли Куан Ю, Нельсон Мандела және Лех Валенса секілді әлемге танымал көшбасшылардың экономикалық және саяси дағдарыс кездеріндегі мемлекетті басқару ісіндегі ең жақсы тәжірибелеріне тұжырым жасады. 4 жыл бұрын (2010) қазақстандық жазушы Герольд Бельгерге Германия мен Қазақстан халықтарының арасындағы өзара түсіністікті дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін «Федеративтік Германия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» орденін табыс етілді. Бұл орден - Герольд Бельгердің халықтар достығына қосып отырған еңбегіне Германия тарапынан берілген жоғары баға. Марапаттау рәсімінің Германияның Қазақстандағы жылының аясында өтіп отырғаны да ерекше маңызға ие. Герольд Бельгер 1934 жылы қазанның 28-інде Саратов облысы, Энгельс қаласында туған. Неміс, орыс, қазақ тілдерінде жазады. Абай атындағы Қазақ педагогика институтын бітірген (1958). 1958-1960 жылдары - Жамбыл облысының Байқадам кеңшарындағы орта мектепте мұғалім, 1960-1963 жылдары - Абай атындағы ҚазПИ-дің аспиранты, 1963-1964 жылдары - «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер болды. 1964 жылдан шығармашылық жұмыста, 1992 жылдан неміс тілінде шығатын «Феникс» альманахы бас редакторының орынбасары. «Ауыл шетіндегі үй», «Даладағы шағалалар» (1976), «Алты асу», «Тас өткел» (орыс, қазақ, неміс тілдерінде), «Бауырластықтың жанды бейнесі», «Үндестік», «Уақытпен бетпе-бет» (неміс тілінде), «Үш әуен сарыны», «Гете және Абай», «Родство», «Земные избранники» атты зерттеу еңбектері, және басқа да шығармалары жарық көрген. Бейімбет Майлин, Хамза Есенжанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Дүкенбай Досжанов, т.б. қазақ жазушыларының бірқатар шығармаларын қазақшадан орыс тіліне, А.Раймген, Э.Кончак, Н.Ваккер, т.б. неміс жазушыларының жекелеген туындыларын неміс тілінен орысшаға аударды. Жиырмадай жинақтың құрастырушысы және жекелеген әңгіме, мақалалары енген 25-тей жинақтары бар. Қазақстан Жазушылар одағының Бейімбет Майлин атындағы сыйлығының иегері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Президенттің бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстандағы ПЕН-клуб сыйлығының иегері. 4 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы., профессор, Экономика институтының директоры, Қазақстан ғалымдар одағының президенті Оразалы Сәбденнің «Экономика» атты 10 томдық таңдамалы еңбектерінің тұсаукесер рәсімі өтті. 4 жыл бұрын (2010) Астанадағы «Астана-Тауэр» ғимаратында Финляндияның Қазақстандағы елшілігі ашылды. Финляндияның президенті Тарья Халонен 2009 жылғы сәуірдің 3-інде Астана қаласында Елшілікті ашу туралы тапсырма берді және Микко Киннуненді Қазақстан Республикасындағы бірінші Елші етіп тағайындады. Бұл шешімнің мақсаты фин компанияларының Қазақстанға деген қызығушылығы болып табылады. Финляндия Қазақстанның тәуелсіздігін 1991 жылғы желтоқсанның 30-ында мойындады. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы мамырдың 13-інде орнатылды. 93 жыл бұрын (1921) канадалық физиолог Фредерик Грант Бантинг (1891-1941) инсулин гормонын ойлап тапты. Осы жаңалығы үшін ол 1923 жылы Нобель сыйлығын иеленді.
ЕСІМДЕР
105 жыл бұрын (1909-2001) Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты БАТУРОВ Тимофей Иванович дүниеге келді. Ресейде туған. Дон политехникалық институтын бітірген. 1945-1962 жылдары «Алтайэнерго» тресінің бас инженері, басқарушысы қызметтерін атқарған. 1962-1980 жылдары Қазақ КСР Энергетика және электрлендіру министрі болған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 6-шы және 10-шы шақырылымының депутаты болып сайланған. «Ленин», «Қазан төңкерісі», екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, медальдармен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 100 жыл бұрын (1914-2001) актриса, әнші, Қазақстанның халық әртісі ЛИ Хам Дек дүниеге келді. Ресейде туған. 1934 жылдан Қазақстандағы қазіргі Республикалық корей музыкалық комедия театрының актрисасы болып қызмет етті. Осы театрда 1935 жылы орындаған алғашқы елеулі рөлі - Ли Ден Ним мен Ен Сен Неннің «Чун Хяы деген қыз туралы аңыз» спектакліндегі басты тұлға. Бұдан кейін ол көбіне корей авторлары пьесаларында аналар бейнесінің галереясын жасады. Ал Баян, Еңлік (Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», М.Әуезовтің «Еңлік - Кебек») секілді рөлдерді орындауда актрисаның лирика-поэзиялық дарын табиғаты жан-жақты ашылды. Ол шығармашылық тәжірибе алмасу ретінде Беатриче рөлін (К.Гольдоний «Екі мырзаға бір қызметкер») қазақ актерлерімен бірге Жамбыл облыстық драма театры сахнасында ойнады. Оның сахналық ойыны көрермендерін баурап алар тартымдылығымен, шынайы сезімімен әрі эмоциялық бояуы молдығымен ерекшеленді. Актриса есімі корей халқының байырғы әндерін («Қарлығаш әні», «Көктем туралы ән», т.б.) орындаумен де танымал болды. 1987 жылдан киноға түскен. «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған. 99 жыл бұрын (1915-1977) тарих ғылымдарының докторы, профессор, Казақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері ПАХМУРНЫЙ Павел Михайлович дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Украинаның Полтава қаласында туған. Харьковтың педагогикалық институтын бітірген. Алматы педагогикалық шет тілдер институтының (Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті) кафедра меңгерушісі, директоры, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институты директорының орынбасары қызметтерін атқарған. Ғылыми еңбектері Азамат соғысы кезіндегі Қазақстандағы партия құрылысы, Ұлы Октябрь социалистік революциясы тарихын зерттеуге арналған. 84 жыл бұрын (1930-1990) кен ісі саласындағы қазақ ғалымы, техника ғылымдарының докторы, профессор, Кеңес Одағы Мемлекеттік сыйлығының иегері МҰҚЫШЕВ Майжан Мұқышұлы дүниеге келді. Қарағанды облысының Шет ауданында туған. Мәскеу кен ісі институтын, КСРО Ғылым Академиясының аспирантурасын бітірген. Қарағанды көмір бассейнінде әр түрлі инженерлік қызметте болды. Қазақстан Ғылым Академиясы Химия-металлургия институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу және жобалау-конструкторлық көмір институтының аға ғылыми қызметкері, зертхана, бөлім меңгерушісі, директор орынбасары қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері кен қазып алу алаңдарын құлама бағандар бойынша дайындауға, қалың көмір қабаттарын қабат-қабатымен қазып алуға, қиын опырылатын үстіңгі қабатты торпедалау әдісімен бұзуға, жер қойнауындағы көмір ысырабын азайту мәселелеріне арналған. 100-ден астам ғылыми еңбектің авторы, 7 монографиясы және ондаған авторлық куәліктері бар. Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған. 83 жыл бұрын (1931) Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР халыққа білім берудің үздігі, КСРО Жоғары мектебінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ҚҰНАНТАЕВА Күләш Құнантайқызы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын (қазіргі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті) бітірген. 1952-1954 жылдары - орта мектептің мұғалімі. 1954-1959 жылдары - Ленин аудандық комитеті бөлімінің меңгерушісі. 1959-1964 жылдары - БЛКЖО Орталық комитетінің хатшысы. 1964-1967 жылдары - Қазақ КСР жоғары және орта арнайы білім министрінің орынбасары. 1967-1968 жылдары - Алматы педагогикалық шет тілдер институтының проректоры. 1968-1984 жылдары - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры қызметтерін атқарған. 1984 жылдан - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры, 1990 жылдан бастап - педагогика кафедрасының меңгерушісі. «Пионерия Казахстана», «Воспитание учащихся на революционных и трудовых традициях», «Внеучебные объединения учащихся», «К вершинам знаний», «Развитие народного образования в Казахстане» атты кітаптарының және 170-тен аса ғылыми жарияланымдардың авторы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 9-10 шақырылымындағы депутаты. Халықтар достастығы, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдарымен, «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін» төс белгісімен марапатталған. 78 жыл бұрын (1936-2008) экономика ғылымдарының докторы, профессор, аграрлық-егін шаруашылығы менеджменті және шаруа саясаты аймақаралық академиясының корреспондент-мүшесі СМАҒҰЛОВ Шаймұрат дүниеге келді. Ресей Федерациясының Омбы облысында туған. Омбы ауылшаруашылық институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1959-1961 жылдары - машина-трактор шеберханасының меңгерушісі, кеңшардың аға инженері. 1961-1963 жылдары - БЛКЖО Полудинск аудандық комитетінің бірінші хатшысы. 1963-1964 жылдары - кеңшардың бас инженері. 1965-1968 жылдары - БЛКЖО Солтүстік Қазақстан облыстық комитетінің нұсқаушысы. 1968-1969 жылдары - Бескөл аудандық ауылшаруашылық басқармасының бас инженері. 1969-1973 жылдары - Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, кеңшардың бас инженері, директоры. 1973-1978 жылдары - Солтүстік Қазақстан облыстық ауылшаруашылық басқармасы бастығының орынбасары, бөлім бастығы. 1978-1981 жылдары - Возвышенск аудандық атқарушы комитетінің төрағасы. 1981-1992 жылдары - Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандық кеңестің төрағасы. 1992-1994 жылдары - Жамбыл аудандық әкімшілігінің басшысы. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі Экономикалық реформа жөніндегі комитеттің мүшесі болды. 1995-1998 жылдары - Қазақстан Республикасындағы «Сиданко» акционерлік қоғамы өкілдігінің директоры. 1998 жылдан өмірінің соңына дейін Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, «Қожаберген жырау» қорының президенті қызметтерін атқарған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 13-ші шақырылымының депутаты. Қазақстан Республикасы Мәжіліс Парламенті 1-ші шақырылымының депутаттығына үміткер. Екі дүркін Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. 75 жыл бұрын (1939-1980) суретші-график, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі СМАҒҰЛОВ Әлімхан дүниеге келді. Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Алматы көркемсурет училищесін, Мәскеу полиграфия институтын бітірген. Өмірінің соңына дейін «Жазушы» баспасында суретші болып еңбек еткен. Ә.Смағұлов республикалық кітап өнерінің қорына өзіндік өшпес қолтаңба қалдырды. 1979 жылы Бүкілодақтық «Кітап өнері» конкурсында қылқалам шеберінің «Ақсауыт» батырлар жыры жинағына жасалған иллюстрациясы арнайы дипломмен марапатталды. 49 жыл бұрын (1965) Жезқазған қаласының әкімі ШАЙДАРОВ Серік Жаманқұлұлы дүниеге келді. Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде дүниеге келген. 1984-1986 жылдар аралығында Совет Армиясы қатарында болды. Екі жоғары білімі бар. 1990 жылы Қарағанды политехникалық институтын «Инженер-құрылысшы» мамандығы және 2001 жылы Қарағанды мемлекеттік-техникалық университетін «Экономист» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Еңбек жолын 1990 жылы «Жезқазғанмелиорация» құрылыс-пайдалану бірлестігінің өндірістік-технологиялық жабдықтау басқармасында бөлім инженері болып бастады. 1991 жылы аталған басқарманың бас инженері және «Ертісканалқұрылыс» құрылыс-монтаж тресі материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің бастығы, 1991-1994 жылдары «Ертісканалқұрылыс» құрылыс-монтаж тресі басқарушысының орынбасары болып қызмет атқарады. 1994-1997 жылдары әкімшілік басшысының орынбасары, әкімнің бірінші орынбасары, 1997-2007 жылдары - Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының әкімі, 2007-2011 жылдары - Қарағанды облысы Нұра ауданының әкімі, 2011 жылдан бастап Қарағанды облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. 2011 жылы «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының партиялық тізімі бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің V шақырылымының депутаттығына кандидат. «Құрмет» орденімен және басқа да мемлекетік наградалармен марапатталған. 49 жыл бұрын (1965) Азаматтық авиация академиясының ректоры БАЙЖҰМАНОВ Мұхтар Қазбекұлы дүниеге келді. Талдықорған облысында туған. І.Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірген. 1989 жылдан - Алматы облысы Көксу ауданындағы мектепте математика мұғалімі. 1991 жылдан - Талдықорған мемлекеттік университетінде оқытушы, аға оқытушы, деканның орынбасары, декан. 1997 жылдан - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылыми қызметкер. 1999 жылдан - Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде аға оқытушы. 2001 жылдан - ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінде бас маман, бөлім бастығы, басқарма бастығы, комитет төрағасының орынбасары, 2010 жылғы қазаннан - осы комитет төрағасы. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы ақпаннан бері. «Астананың 10 жылдығы» (2008), «Ерен еңбегі үшін» (2010) медальдарымен марапатталған. 48 жыл бұрын (1966) Атырау облысы әкімінің орынбасары НАҚПАЕВ Сәлімжан Жұмашұлы дүниеге келді. С. Нақпаев Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы селосында дүниеге келген, ұлты - қазақ, жоғары білімді. 1991 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «экономист» мамандығы бойынша бітірген. 2001-2004 жылдары Атырау мұнай және газ институтының сырттай бөлімінде оқып, «тау-кен инженері» мамандығын иемденген. Еңбек жолын 1983 жылы Мақат желілік-өндірістік басқармасында технологиялық компрессор машинисі қызметінен бастаған. 1984-1986 жылдары Совет Армиясы қатарында әскери борышын өтеген. 1986-1989 жылдары Мақат желілік-өндірістік басқармасында технологиялық компрессор машинисі, 1989-1992 жылдары Мақат экономикалық атқару комитетінің аудандық жоспарлау комиссиясының маманы, 1992-1995 жылдары «Мақсат» шағын кәсіпорынының төрағасы, 1995-1999 жылдары Мақат ауданы әкімінің орынбасары, 2000-2003 жылдары Мақат ауданының әкімі, 2003-2005 жылдары Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы, 2005-2006 жылдары Атырау облысы Жылыой ауданының әкімі, 2006-2009 жылдары Атырау облысы әкімінің орынбасары, кейіннен Атырау қаласының әкімі, 2009-2010 жылдары Атырау облысы әкімінің орынбасары, 2010 - 2013 жылдары «Аджип» ККО компаниясының жергілікті органдармен байланыс жөніндегі менеджері. 2013 жылғы ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.
43 жыл бұрын (1971) «Қазақстан Республикасындағы «Кімнің Кім екені» Баспа үйі» ЖШС президенті НҰРЛАНОВА Инна Владимировна дүниеге келді. 1971 жылы 3 наурызда Белоруссия КСР Витебск облысының Новолукомль қаласында туған. Солтүстік Қазақстан Еңбек Қызыл Ту орденді педагогикалық училищесінің бастауыш мектептің педагогикасы және методикасы факультетін (1990) бастауыш сыныптардың мұғалімі мамандығы бойынша; Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бастауыш мектептің педагогикасы және методикасы факультетін (1999) бастауыш сыныптардың мұғалімі мамандығы бойынша; Гете институтын (1997) «Неміс тілі» мамандығы бойынша; Халықаралық бизнес академиясын (2003) «Маркетингті басқару» мамандығы бойынша бітірген. ҚР Көркемөнер академиясының мүшесі-корреспонденті. 1990 жылдан - СҚО Возвышенка орта мектебінде бастауыш сыныптардың мұғалімі . 1996 жылдан - Петропавл қаласындағы №43 орта мектептің бастауыш сыныптарының мұғалімі. 2000 жылдан - «Карат-Прогноз» медиахолдингінің менеджері, маркетинг және жарнама бөлімінің бастығы (TV-LAIN телевизиялық арнасы, «Вабанк» апталық газеті, «Русское радио Казахстан», «Европа плюс Казахстан» радиоларының Солтүстік Қазақстандағы филиалы). 2002 жылдан - «ҚР Кімнің Кім екені» журналының жарнама және маркетинг жөніндегі бас маманы, жарнама бөлімінің директоры, «Алтын бұзау» баспа үйі» ЖШС РР-директоры. 2004 жылдан бері - «Алтын бұзау» баспа үйі» ЖШС, «Кімнің Кім екені» баспасы» ЖШС бас директоры, президенті. 2010 жылдан бері - «Қазақстан Республикасында Кімнің Кім екені» баспа үйі» ЖШС президенті. ҚР Көркемөнер академиясының алтын медалімен (2008); «Қосшағыл мұнай кен орнына 70 жыл» (2005), «Мақат мұнай кен орнына 90 жыл» (2005) атаулы белгілерімен марапатталған. 31 жыл бұрын (1983) ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру комитетінің төрағасы МУСИН Бағдат Батырбекұлы дүниеге келді. Білімі: 2000-2004 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Сүлеймен Демирел атындағы Университетті «Бағдарламалық қамтамасыз ету және есептеу техникасын автоматтандыру» мамандығы бойынша, 2005-2007 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын «Заңгер» мамандығы бойынша (өте жақсымен) тәмамдаған. Өзінің еңбек жолын 2004 жылы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-да Бас инженер-бағдарламашы ретінде бастады. Мемлекеттік органдардың куәландырушы орталығының бөлім бастығы (жоба менеджері) және мемлекеттік органдарда ІТ-құрылымдарды құру жөніндегі департамент директорының орынбасары қызметтерінде жұмыс жасады. 2007-2010 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Әділет министрінің Ақпараттық технологиялар жөніндегі кеңесшісі және ақпараттық технологиялар басқармасының бастығы қызметін атқарды. 2010-2011 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпараттық технологиялар саласындағы мемлекеттік саясат департаменті директорының орынбасары болып қызмет етті. 2011-2012 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет етті.
Қазіргі кезде ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру комитеті төрағасы лауазымын атқарады.
209 жыл бұрын (1805-1861) швейцариялық саясаткер, Швейцарияның тұңғыш президенті Йонас ФУРРЕР дүниеге келді. 183 жыл бұрын (1831-1897) американ өнертапқышы және өнеркәсіпші, теміржол вагондарын жасаумен айналысқан «Пулльман» компанияның негізін қалаушы Джордж Мортимер ПУЛЛЬМАН дүниеге келді. 167 жыл бұрын (1847-1922) американ ғалымы, өнертапқыш және кәсіпкер, телефонияның негізін қалаушы Александр БЕЛЛ дүниеге келді. 89 жыл бұрын (1925) кеңестік және ресейлік театр және кино актрисасы, Ресей халық әртісі МАРКОВА Римма Васильевна дүниеге келді. 84 жыл бұрын (1930) румын саясаткері, Социал-демократиялық партиядан сенатор, Румынияның 1990-1996 және 2000-2004 жылдардағы президенті Ион ИЛИЕСКУ дүниеге келді.