30 қыркүйек. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 30 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.30 қыркүйек, СЕЙСЕНБІ
Ботсвана Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1966). Ботсвана -Оңтүстік Африкада орналасқан мемлекет. Астанасы - Габороне қаласы. Ресми тілі - ағылшын және сетсвана тілдері. Ақша бірлігі - пула. Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - бір палаталы Ұлттық жиналыс.
Дүниежүзілік аударма күні (Аудармашылар күні). 1991 жылы Халықаралық федерация (FIT) 30 қыркүйекті Халықаралық аудармашылар күні деп жариялады.
Бүкіләлемдік теңіз күні. 1978 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 10-сессиясының шешімімен қабылданған. Бүкіләлемдік теңіз күнінің мақсаты - теңіздер мен мұхиттарда балықты шектен тыс аулаудың, суаттарды ластау мен жаһандық жылынудың қаншалықты орны толмас зиян шектіретініне халықаралық қоғамдастық назарын аудару. Мейлінше маңызды екі міндет - теңіздегі қауіпсіздікті арттыру және теңіз аумағын, соның ішінде мұнаймен ластаудың алдын алу.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
22 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті жастар үшін Мемлекеттік «Дарын» сыйлығын тағайындау туралы қаулы қабылдады.
18 жыл бұрын (1996) Қазақстан Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы Шарт мәтініне қол қойды.
190 жыл бұрын (1824) Ресей Сенатының шешімімен Көкшетау қамалы империяның бекітілген аудандар жөніндегі ресми тізіміне енгізген. 1839 жылы Көкшетауға әскери гарнизон енгізіліп, казактар стансасы құрылған. 1868 жылы әскери құрылымдардың жойылуына байланысты қамал жергілікті азаматтық қоныстарға айналған.
95 жыл бұрын (1919) Қырғыз (Қазақ) революциялық комитетінің Әділет бөлімін құру туралы шешімі қабылданды.
14 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Білім» мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қойды.
9 жыл бұрын (2005) Алматыда Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерінің қатысуымен Балқаш көлінің мәселелеріне бағытталған халықаралық экологиялық форум болып өтті.
Форумға Қытайдың, Қырғызстанның белгілі ғалымдары, экологтары, мамандары, Алматы, Жамбыл, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімшіліктері және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, барлығы 400-ден астам делегаттар қатысты. Форумның мақсаты Балқаш көлінің мәселелеріне әлемдік қоғам назарын аудару, бірлескен іс-әрекеттің кешенді бағдарламасын құрастыруға Қазақстанның қоғамдық, үкіметтік және бизнес ұйымдардың қызығушылығын біріктіру, сонымен қатар Балқаш көлі бассейнінің барлық аумағындағы экологиялық және экономикалық ынтымақтастық аймағын құрастыру болып табылады.
73 жыл бұрын (1941) Мәскеу үшін шайқас басталды.
ЕСІМДЕР
111 жыл бұрын әнші (лирикалық-колоратуралық сопрано), Қазақ КСР-нің халық әртісі САМЫШИНА Надежда Николаевна (1903-1994) дүниеге келді. Баку қаласында туған. Баку консерваториясын профессор Н.Сперанскийдің класы бойынша бітірген. Әнші 1932-1938 жылдары Ресей қалаларының (қазіргі Самара, Иваново, Ярославль, Пермь, Саратов) опера және балет театрлары құрамында, ал 1938 жылдан Алматыда Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрында жеке дауыстағы әнші болып қызмет еткен. Осы театр сахнасында қойылған орыс және Батыс Еуропа композиторларының классикалық операларында негізгі кейіпкерлердің сахналық бітім-болмысын өзіне тән әсем лирикалық даусымен әдемі кестелеген. Осындай опералық партиялар қатарында Антонина (Д.Кабалевский «Тарастың отбасы»), Маро (З.Палиашвили «Даиси»), Татьяна (П.Чайковский «Евгений Онегин»), Антонида, Людмила (М.Глинка «Иван Сусанин» және «Руслан мен Людмила»), Қарлы ханым (Н.Римский-Корсаковтың осы аттас операсы), Маргарита (Ш.Гуно «Фауст»), Лакме, Чио-Чио-сан (Л.Делибтің және Дж.Пуччинидің осы аттас опералары), Дездемона, Джильда, Виолетта (Дж.Верди «Отелло», «Риголетто» мен «Травиата») бар. 1948 жылдан Алматы музыка училищесінде, ал 1952-1964 жылдары Алматы мемлекеттік консерваториясында педагогикалық қызметпен шұғылданған. Шәкірттері - А.Байқадамова, Б.Төлегенова, Н.Нүсіпжан, Н.Шәріпова, В.Финогенова, Н.Юмашева. «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.
130 жыл бұрын (1884-1940) Алаш қозғалысының қайраткері ЖАЙНАҚОВ Ыбырайым дүниеге келді. Жетісу облысы Верный уезінде туған. Алаш қозғалысының қайраткері. Верный ерлер гимназиясын бітірген. Жетісу облысы басқармасында тілмаштық қызмет атқарған. 1911 жылы 21 қазанда Жайнақовтың бастамасымен Жетісу облысының болыстары және құрметті ақсақалдарының кеңесі өтіп, онда облыс әкімшілік пен қоныстандыру басқармаларының іс-әрекеттері жөнінде және саяси іздестіру бөлімдерінің облыстағы көшпелі халықтың ісіне араласпауы туралы Ресей империясының астанасы Санкт-Петербургтегі Мемлекеттік дума мүшелеріне өтініш айтып, өкілдер жіберу мәселесі шешілді. Нәтижесінде көрнекті қазақ зиялыларының бірі Барлыбек Сырттанов Санкт-Петербургке барып, Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясы мүшелеріне Жетісудағы жергілікті халықтың өтініш-тілектерін білдіріп қайтты. Жайнақов Бүкілресейлік мұсылмандар съезінің даярлануына және өтуіне ат салысты. Ол Ресей патшасының 1916 жылғы 25 маусым жарлығына байланысты шиеленіс туындаған жағдайда халықтың көтеріліске шықпауын жақтады. 1916 жылы 14 шілдеде Верный қаласында Үлкен Алматы болыстығына қарасты жергілікті халық өкілдерінің мәжілісін ұйымдастырушылардың бірі ретінде халықтың көтеріліске шығып босқа қырылмауын, мәселенің бейбіт түрде шешілуін халыққа түсіндірді. Жайнақов 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін елдегі қоғамдық-саяси өзгерістерге белсене араласты. Жетісу облысы қазақ комитетінің төрағасы болып сайланды. 12 - 23 сәуірде 81 делегат қатысқан Жетісу облысы қазақ 1-съезін даярлап өткізуге көп еңбек сіңірді, съезге төрағалық етті. 1917 жылы 19 шілдеде Уақытша үкіметтің Жетісу облыстық комиссарының орынбасары болып тағайындалды. 1917 жылғы 1-, 2-жалпықазақ съездерінің жұмысына белсене араласты. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына Жетісу облысынан депутаттыққа ұсынылды. 1917 жылы шілде, тамыз айларында Ә.Бөкейханов, М.Шоқаев, Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедовтермен бірге Жайнақов Челябинск қаласында өткен Сібір үкіметі мен Құрылтай жиналысының мүшелері комитетінің мәжілісіне қатысты. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысынан кейін босқыншылыққа ұшырап, Қытайға ауған Жетісудың жергілікті қазақ және қырғыз халықтарын Отанына қайтару, оларға көмек көрсету, ашаршылыққа тап болған Жетісудың жергілікті халықтарын азық-түлікпен қамтамасыз ету, қоныс аударушылар мен жергілікті халықтың арақатынасын реттеу ісіне қазақ және қырғыз зиялыларымен бірге ат салысты. 1918 жылы 10 - 31 тамыз аралығында Лепсі қаласында өткен Жетісу облысы қазақтарының 2-съезіне төрағалық етті, съезге жиналғандарға қазақ және қырғыз тілдерінде облыстық газет шығаруды ұсынды. Большевиктер билік басына келіп, елдегі қоғамдық-саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты Жайнақов Жетісудағы Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерімен бірге Қытайға қоныс аударып, сол жақтан большевиктерге қарсы қарулы қарсылық ұйымдастыру әрекеттерін қолдады.
91 жыл бұрын заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты ЕРЕНОВ Әбдуәлі (1923-2004) дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ташкент заң институтын, КСРО Ғылым академиясы Мемлекет және құқық институты аспирантурасын бітірген. Қазақстан Ғылым академиясының Философия және құқық институтының ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері болған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері жер қатынастарының тарихы мен проблемалары, табиғатты кешенді қорғаудың құқықтық мәселелері, нарықтық экономика жағдайында экологиялық және аграрлық қарым-қатынастардың құқықтық негіздерін жетілдіруге арналған. Бірнеше орденмен және медальдармен марапатталған.
114 жыл бұрын (1900-1996) кеңес геофизигі және астрономы, КСРО Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, КСРО-дағы гравиметриялық зерттеулердің негізін қалаушылардың бірі ПАРИЙСКИЙ Николай Николаевич дүниеге келді. Санкт-Петербор қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. Мәскеу мемлекеттік университетінде, КСРО Ғылым академиясының Жер физикасы институтында қызмет істеген. Курск және Мәскеу гравитациялық аномалияларына алғашқы жүргізілген зерттеулерге қатысты. Негізгі ғылыми еңбектері гравиметрияға, космогонияға, астрофизикаға, жердегі су тасқындарына және жер айналысына арналған. Ол 1942 жылы КСРО ҒА Қазақ филиалының Астрономия және физика институтында үш дененің шектелген гиперболалық мәселесі бойынша есептеулер жүргізді. Бұл есептеулер, Күннің маңынан басқа бір жұлдыздың өтуі кезінде Күннен бөлініп шыққан материялар ағынынан ғаламшарлық жүйе пайда болған деген Джинс гипотезасының дәйексіздігін дәлелдеп берді. Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.
64 жыл бұрын (1950) «Ресей Сбербанкі» АҚ ЕК директорлар кеңесінің мүшесі - тәуелсіз директоры, экономика ғылымдарының кандидаты ИСЕНҒАЛИЕВ Бақытжан Ізтілеуұлы дүниеге келді. Қостанай облысының Қарабалық ауданында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын (Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті), Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. 1979-1980 жылдары - Алматы халық шаруашылығы институтының аға ғылыми қызметкері. 1984-1992 жылдары - Алматы халық шаруашылығы институтының оқытушысы, деканның орынбасары. В 1992-1995 жылдары - «Әлемсистем» қаржы-инвестициялық компаниясының вице-президенті. 1995-1999 жылдары - Қазақстан Республикасының Майн - Франкфурт қаласындағы консулы, бас консулы. 1999-2002 жылдары - ГФР-дағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің кеңесшісі. 2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар вице-министрі. 2003-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің кеңесшісі. 2004-2006 жылдары - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ президентінің кеңесшісі. 2006-2008 жылдары - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ газды жобалау блогiнiң атқарушы директоры қызметтерін атқарған. 2008 жылғы мамыр айынан - «ПетроҚазақстан» АҚ компаниялар тобының вице-президенті. Қазіргі қызметінде - 2011 жылғы қарашадан бері.
73 жыл бұрын (1941) заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты жанындағы ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі СҮЛЕЙМЕНОВ Майдан Күнтуарұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), КСРО Ғылым Академиясы мемлекет және құқық институтының аспирантурасын бітірген. 1966-1991 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясы Философия және құқық институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі. 1991-1992 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясы Мемлекет және құқық институтының директоры. 1992-1994 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясы Төралқасының бас ғалым хатшысы. 1995 жылдан Қазақ мемлекеттік заң университеті Ғылыми-зерттеу орталығының директоры болып істейді. Қазақстан Республикасы Конституциясын, Азаматтық кодексін, тұрғын үй заңын және басқа да экономикалық реформаға қатысты заңдарды жасауға қатысқан. «Құрмет» орденімен марапатталған.
123 жыл бұрын (1891-1956) кеңес математигі, астроном, солтүстікті зерттеуші ШМИДТ Отто Юльевич дүниеге келді.
119 жыл бұрын (1895-1977) кеңестік әскери қайраткер, Кеңес Одағының Маршалы ВАСИЛЕВСКИЙ Александр Михайлович дүниеге келді.
115 жыл бұрын (1899-1984) композитор, дирижер, Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер ИВАНОВ-СОКОЛЬСКИЙ Михаил Михайлович дүниеге келді. 1937-1938 жылдары Қазақ филармониясының Ұйғыр музыкалық-драмалық симфониялық оркестірінің дирижері. 1942 жылдан Қазақстанда тұрды. «Аманкелді батыр» батырлық маршы шығармасының, Мәншүк Мәметоваға арналған патетикалық фортепьяноға арналған трионың, «Жамбыл не туралы шырқады», «Ұлы сәулеткер» шығармаларының, «Жетісу даласында» әндер циклының, спекткальдерге арналған музыкалық шығармалардың авторы. «Қызыл жұлдыз» орденімен, медальдармен марапатталған.
97 жыл бұрын (1917-1979) оңтүстіккореялық әскери қолбасшы және саясаткер, 1963-1979 жылдардағы Оңтүстік Кореяның президенті Пак Чжон Хи дүниеге келді.
80 жыл бұрын (1934) жазушы-көсемсөзші, ақын, аудармашы, Қазақстан мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер АҚТАЕВ Сарбас дүниеге келді. Көкшетау облысының Көкшетау ауданындағы Жылымды ауылында дүниеге келді. Орта мектепті бітіргеннен кейін аудандық «Колхоз жолы» газетінде жауапты хатшы болып қызмет атқарды. 1957 жылы Қарағанды педагогика институтын бітіріп, сегіз жылдық мектепте бір жылдай ұстаздық еткен. 1958 жылы Көкшетау облыстық газетінің редакциясына қызметке ауысқан ол содан бері баспасөз саласында үзбей еңбек етіп келеді. Республикалық саяси сықақ журналы «Ара»-»Шмель» редакциясында фельетоншы, Алматы облыстық «Жетісу» газетінде бірқатар жыл редактордың орынбасары, бірінші орынбасары, он жеті жыл бойы «Егемен Қазақстан» газеті редакторының орынбасары, «Халық кеңесі» газетінің Бас редакторы, «Ақиқат» журналының Бас редакторы болып қызмет еткен. Қазір «Ақиқат» журналында бөлім редакторы. Әдебиеттегі алғашқы қадамын өлеңмен бастаған ол әдебиеттің әр саласына атсалысып келеді. Ш.Уәлиханов атындағы университеттің Құрметті профессоры. Оның аударуында СетонТомпсон мен М.Шолоховтың әңгімелері, В.А.Обручевтің «Жұмбақ жер», Н.И.Ановтың «Ән қанаты», А.ДжапарЗаденің «Отаныңа орал», А.Камьюдің «Оба» және «Бөгде», Булгаковтың «Ақ гвардия» және «Майталман шебер мен Маргарита» романдары мен Р.Фраерманның «Түз тағысы Динго» повесі, Мамин-Сибиряктің әңгімелер мен повестер жинағы, т.б. жеке-жеке кітап болып шықты. Екі мәрте «Құрмет Белгісі» орденімен және медальдармен, екі мәрте Қазақ КСР Құрмет Грамотасымен марапатталған. Бірнеше мәрте Қазақстан Журналистер одағы сыйлығына ие болған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Парасат» орденінің және «Баспасөз үздігі» атағының иегері.
60 жыл бұрын (1954) ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор МЫРЗАМАДИЕВА Анжелла Атжомартқызы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1976-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Физиология институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1996 жылдан - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Физиология институтының лимфоайналыс зертханасының бас ғылыми қызметкері. 80-нен астам ғылыми еңбектердің, соның ішінде 1 монографияның, 4 патенттің авторы.
56 жыл бұрын (1958) Батыс Қазақстан облыстық табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы ДӘУЛЕТЖАНОВ Амангелді Медхатұлы дүниеге келді. Орал қаласында туған. Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтын (1980) зооинженер мамандығы бойынша; Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетін (2004) экономист мамандығы бойынша бітірген. 1980 жылдан - Орал облысы Шыңғырлау аудандық ауылшаруашылық басқармасының зоотехнигі, Шыңғырлау аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, хатшысы. 1984 жылдан - Орал облысы Шыңғырлау ауданының Жаңакөш арнайы кеңшар бірлестігінің бас зоотехнигі. 1985 жылдан - Орал облысы Шыңғырлау аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. 1986 жылдан - Орал облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. 1987 жылдан - Орал облыстық агроөнеркәсіптің біріккен кәсіподақ комитетінің жетекші маманы, жалпы бөлім бастығы, төрағасы. 1989 жылдан - Орал облыстық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі. 1991 жылдан - Орал облыстық Халық депутаттары кеңесі төрағасының рөференті, төраға көмекшісі, Батыс Қазақстан облыстық әкімшілігі басшысының бірінші орынбасарының көмекшісі. 1992 жылдан - «Интурист-Қазақстан» Шетелдік туризм жөніндегі ұлттық компаниясы агенттігінің директоры, «Яссауи» туризм жөніндегі МАҚ Орал агенттігінің директоры. 2002 жылдан - Орал қаласының әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, аппарат жетекшісі. 2006 жылдан - БҚО Шыңғырлау ауданының әкімі. 2008 жылдан бері - БҚО әкімі аппаратының жетекшісі. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы қыркүйектен бері. «Астананың 10 жылдығы» медалімен (2008); ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен (2007) марапатталған.
75 жыл бұрын (1939) француз химигі, супрамолекулярлық химияның негізін салушы, Нобель сыйлығының лауреаты ЛЕН Жан Мари дүниеге келді. 132 жыл бұрын (1882-1945) неміс физигі, радиоактивтік сәулелендіру бөлшектерінің есептегішін жасаушы (Гейгер есептегіші) ГЕЙГЕР Ганс (Ханс) Вильгельм дүниеге келді.
50 жыл бұрын (1948) итальяндық киноактриса және фотомодель Моника БЕЛУЧЧИ дүниеге келді.