30 мың малға қағаз жүзінде ғана екпе салынған – Үкіметтің кеңейтілген отырысы

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мал шаруашылығын субсидиялаудың көлеңкелі тұстары толық сейілмегенін сынады.

 Ғайса Әбсатиров
Фото: Ғайса Әбсатировтың жеке архивінен

- Шаруаларды мемлекеттік қолдау жүйесі барынша ашық болуы керек. Қазір бұл жүйенің күмәнді, көлеңкелі тұстары көп. Үкімет жыл соңына дейін ақпараттық жүйелерді кіріктіру жұмысын аяқтауға тиіс. Бұл қадам субсидиялау үдерісін цифрландырып, шаруалардың міндеттемелерін бақылауға алуға мүмкіндік береді, - деді қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мал шаруашылығын тұрақты дамыту үшін ветеринарлық қауіпсіздік жүйелі жұмыс істеу керектігін атап өтті.

- Ашығын айтқанда, Қазақстанда бұл сала кенжелеп тұр. Еліміздегі 168 зертхананың жиырма жетісі ғана халықаралық стандартқа сай келеді. Мал дәрігерлерінің жұмысы толық бақылауға алынбаған. Соңғы үш жылда малға екпе салдық деп 30 мың жалған құжат жасалды. Бұл саланы біржола тәртіпке келтіру қажет. Үкімет ветеринария саласын дамытудың кешенді бағдарламасын үш айдың ішінде қабылдауға тиіс, - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Жиында елдің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалады.

Соңғы жаңалықтар