30 СӘУІР . ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 30 сәуір. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2013 жылғы 30 сәуірге арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

30 СӘУІР, СЕЙСЕНБІ

Вьетнамда жеңіс күні. 1975 жылы Оңтүстік Вьетнамның басты қаласы Сайгон азат етілді. Бұл соғыстың аяқталуына және оңтүстік пен солтүстіктің бірігуіне жол ашты.

Швеция Корольдігінің ұлттық мейрамы - Корольдің туған күні (1946). Швеция - Батыс Еуропада орналасқан мемлекет. Скандинавия түбегінде оңтүстік, оңтүстік-батыстан солтүстік, солтүстік-шығысқа қарай 1600 шақырымға, шығыстан батысқа 400 шақырымға созыла орналасқан. Батысында Норвегиямен, солтүстік-шығысында Финляндиямен шектеседі. Оңтүстігі мен шығысы Балтық теңізі мен Ботния шығанағымен шайылады. Оңтүстік-батыс жағалауы Скагеррак, Каттегат, Эресунн бұғаздары арқылы Даниямен ұласады. Сонымен қатар Балтық теңізіндегі Готланд және Эланд аралдары да осы мемлекетке қарайды. Астанасы - Стокгольм қаласы. Мемлекеттік тілі - швед тілі. Ақша бірлігі - швед кронасы. Швеция - конституциялық монархия. Мемлекет басшысы - король. Жоғарғы атқарушы органы - Үкімет. Заң шығарушы жоғары органы бір палаталы парламент - Риксдаг.

Қазақстан Республикасы мен Швеция Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 7-інде орнатылды.

Нидерланды Корольдігінің ұлттық мейрамы - Королева күні. Нидерланды - Батыс Еуропада орналасқан мемлекет. Бейресми атауы - Голландия. Солтүстігінен және батысынан Солтүстік теңіз қоршап жатыр. Оңтүстігінде Бельгиямен, шығысында Германиямен шектеседі. Сонымен қатар батыс Фриз аралдары да осы корольдіктің құрамына кіреді. Әкімшілік жағынан 12 провинцияға бөлінеді. Астанасы - Амстердам қаласы. Бірақ король резиденциясы, парламенті, үкіметі және дипломатиялық өкілдіктері Гаага қаласында орналасқан. Мемлекеттік тілі - нидерланд тілі. Ақша бірлігі - еуро. Нидерланды - конституциялық монархия. Мемлекет басшысы - король. Жоғарғы атқарушы органы - Министрлер Кабинеті. Заң шығарушы жоғары органы екі палаталы парламент - Бас штат.

Қазақстан Республикасы мен Нидерланды Корольдігінің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қыркүйектің 10-ында орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

21 жыл бұрын (1992) Қазақ опера және балет театрында «Баттерфляй ханым» балетінің премьерасы қойылды. Авторлары - Дж.Пуччини - Ғ.Жұбанова. Белгілі операның балеттік нұсқасын жазуды қазақ композиторынан жапон балетмейстерлері өтінген.

7 жыл бұрын (2006) Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық компаниясы «Дала экспресі» деп аталатын жаңа көркем фильмнің тұсаукесерін өткізді. Фильмнің сценарийін Қуат Ахметов пен Одельша Агишев жазған. Оны Арман Асеновтің продюсерлігімен режиссерлер Аманжол Айтуаров пен Сатыбалды Нарымбетов түсіріп отыр. Қоюшы оператор - Хасен Қыдыралиев. Шығармаға әке мен баланың арасындағы қарым-қатынас тақырыбы өзек болған.

95 жыл бұрын (1918) Ташкентте өткен Түркістан кеңестерінің V төтенше аймақтық съезінде РКФСР құрамындағы Түркістан Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы жарияланды.

8 жыл бұрын (2005) корейлік Юнг Сеук Парк (Оңтүстік Корея) жаяу Солтүстік полюсқа жетті.

74 жыл бұрын (1939) Нью-Йоркта Бүкіләлемдік өндірістік көрме ашылды. Осы көрменің ашылуын көрсетумен АҚШ-та тұрақты түрде телехабарлар тарату басталды.

68 жыл бұрын (1945) Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Рейхстагқа ту тікті.

8 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль туралы» Жарлыққа қол қойды.

6 жыл бұрын (2007) Болгарлардың Қазақстан жеріне қоныс аударуының 100 жылдығына орай Павлодар облысының Ақтоғай ауылындағы Жеңіс саябағында Достық аллеясы отырғызылды.

Столыпин реформасы жылдары болгарлар Ақтоғай ауданында бірнеше село құрған болатын. Өткен ғасырда қазақтың қонақжай жері болгар диаспорасының бірнеше буын өкілдеріне отан болып отыр. Достық аллеясына алғашқы көшеттерді көнекөз қариялар, ардагерлер және облыстық болгар ұлттық мәдени орталығының белсенділері отырғызды.

4 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасының Конституциясы нормаларына сәйкестендіру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

4 жыл бұрын (2009) Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентіндегі орталық саябаққа облысқа танымал тұлға, ауданның шаруашылық саласын қалыптастырып, дамытуға еңбек сіңірген басшы Қыдырбай Жүсіповтың есімі берілді.

Қыдырбай Жүсіпов (1933-1994) жетпісінші жылдары Шетпе ауылының коммуналдық-шаруашылық жұмыстарына басшылық етіп, негізінен мал шаруашылығымен айналысқан ауылды өркендетуге үлес қосқан азамат.

282 жыл бұрын (1731) Петр I басқарған кезеңдегі танымал мемлекет қайраткері Қазақ жерін қосу жоспары көрсетілген арнайы патша жарлығы жобасы авторларының бірі А.Тевкелев Әбілқайыр ханға жіберілген өкілдерімен бірге Санкт-Петербордан шығып, Уфа арқылы қазақ жеріне табан тіреді. Бұл оқиға Қазақстанның Ресейге қосылуына бастама болды. Саяхат және соған сәйкес Ресей елшісінің миссиясы тек екі жылдан кейін ғана аяқталды..

ЕСІМДЕР

80 жыл бұрын (1933-1969) жазушы НҰРМАНОВ Ақан дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Қостанай облысының Амангелді аудандық «Социалистік шаруа», Қостанай облыстық «Коммунизм таңы», республикалық «Жас алаш» газеттерінде істеген. 1964 жылдан өмірінің соңына дейін «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі болған. Жазушының «Арайлы таң», «Аққу жұлдызы», «Құланның ажалы» атты кітаптары жарық көрген.

55 жыл бұрын (1958) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің АҚШ-тағы өкілі (әскери атташесі), генерал-майор СЫЗДЫҚОВ Бақтияр Омарұлы дүниеге келді.

Өзбекстанның Ташкент қаласында туған. Алматы жоғары шекаралық-командалық училищесін, Коломна жоғары артиллериялық-командалық училищесін, М.Фрунзе атындағы Әскери академияны, Ресей Федерациясы Қарулы күштері бас штабының Әскери академиясын бітірген. Офицерлік қызметтін мотоатқыштар дивизиясының артиллериялық барлау және батарея басқармасы барлау взводының командирі болып бастаған. 1991-201 жылдары - Қазақстан Республикасы Ішкі әскерлерінің батыс бригадасы полк командирінің орынбасары, командирі, штаб бастығы, батыс бригадасының командирі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары. 2002-2003 жылдары - Шығыс әскери округі әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы. 2003-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы, қолбасшы болған. 2007 жылдан - ҚР Қорғаныс министрлігінің Шетел тілдері әскери институтының бастығы. Қазіргі қызметінде 2011 жылдан бастап істейді.

Бірнеше медальмен марапатталған.

34 жыл бұрын (1979) шахматтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, халықаралық гроссмейстер, Жасөспірімдер арасында шахматтан Әлем чемпионы, Қазақстан жастар Конгресінің мүшесі СӘДУАҚАСОВ Дәрмен Қанатұлы дүниеге келді.

Астана қаласында туған. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. Жаттықтырушысы - Асанов Болат. Ол 1998 жылы 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды. 1999-2004 жылдары Қазақстанның ерлер арасында үш дүркін чемпионы болды. 2004 жылдың тамызында Копенгаген (Дания) қаласында шахматтан өткен халықаралық турнирде алтын жүлдені жеңіп алды. 2007 жылдан Карнеги Меллон (АҚШ) университетінде оқиды.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

103 жыл бұрын (1910-1998) кескіндемеші, ұлттық кәсіби бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР-нің халық суретшісі ЫСМАЙЫЛОВ Әубәкір дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. Омбы көркемөнеркәсіп техникумын, Мәскеу мемлекеттік театр өнері институтын бітірген.

«Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан») газеті мен Петропавл қаласындағы өлкетану мұражайының суретшісі, Қазақстан Суретшілер одағы ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының суретшісі әрі режиссеры қызметтерін атқарған.

Ұлттық кескіндеме өнерінің реалистік бағытындағы суретші, стилі халық шеберлері туындаларымен астасып жатады. «Көртоғай», «Хантәңіріндегі жайлау», «Шалкөде алабы» атты шығармалардың авторы.

Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

92 жыл бұрын (1921-1996) балалар жазушысы ТӨРЕЖАНОВ Мәдіхат дүниеге келді.

Ақмола облысының Ақкөл ауданында туған. Семей педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын мектеп мұғалімдігінен бастап, кейінірек Ақмола мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру институтының кабинет меңгерушісі болған.

Оның «Бітпеген ойын», «Тең ойын», «Шегіртке мен ара», «Қанатбек пен Жанатбек», «Кім ақылды», «Түйе қалай өз көлеңкесін жоғалтты» атты кітаптары бар.

«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.

82 жыл бұрын (1931) техника ғылымының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, Қазақ КСР-інің және КСРО-ның еңбек сіңірген энергетигі ЫСҚАҚОВ Кежек дүниеге келді.

Еңбек жолын Алматы ЖЭС-1 кәсіпорнында бас инженер болып бастаған. Зейнет демалысына шыққанға дейін «Қазтехэнерго» директоры болған. Бірнеше мәрте Алматы қалалық және Ленин аудандық кеңесіне депутат болып сайланған.

Оның 60-тан астам ғылыми еңбегі және «Қазақстанның бүгіні мен ертеңі», «Энергетика мамандығы» атты оқулықтары бар.

«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.

72 жыл бұрын (1941) қоғам қайраткері, сыншы, әдебиеттанушы, теледраматург, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, КСРО телевизиясы мен радиосының және КСРО баспасөзінің үздігі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, Халықаралық Абай атындағы әдеби сыйлықтың иегері, бірнеше институттардың құрметті профессоры, Халықаралық телевизия және радио академиясының (JATR) академигі ОРАЗАЛЫ Сұлтан Шәріпұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Қазақ радиосы мен телевизиясының редакторы, аға редакторы, бас редакторы қызметтерін атқарған. 1967-1984 жылдары Қазақ телевизиясы бағдарламалар бас редакциясының бас редакторы. 1984-1986 жылдары - Қазақстан Компартиясы ОК мәдениет бөлімінің нұсқаушысы, көркем әдебиет секторының меңгерушісі. 1986-1993 жылдары - «Өнер» баспасының директоры. 1993-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Тіл комитетінің төрағасы. 1995-1997 жылдары - Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының бірінші орынбасары. 1997 жылы - Қазақстан Республикасы Білім және мәдениет министрлігі Тіл саясатын үйлестіу департаментінің директоры. 1998-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Энергетика, инустрия және сауда министрлігі Авторлық құқық жөніндегі агенттіктің төрағасы. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Авторлық құқық жөніндегі комитетінің төрағасы. 2001-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Құқықтық насихат, мемлекеттік тілді дамыту және жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры. 2005 жылдан бастап зейнеткерлік демалыста, «Заң - насихат» ЖШС-інің бас директоры болып қызмет атқарады.

Ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің, Қазақстан халықтары Ассамблеясы кеңесінің, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі мемлекеттік комисиясының мүшесі болып сайланған. Қазақстанның ономастикалық, терминологиялық комиссияларының жұмысын басқаруға қатысып, көптеген жер атауларының тарихи қалпына келуіне зор үлес қосқан. Ондаған әдеби-зерттеу мақалалары, «Өмір шындығы және көркемдік шешім», атты монографиясы, «Авторды қорғау - руханиятты қолдау», «Жүректің көзі ашылса» атты кітаптары, орыс және шетел жазушыларының роман, повестерін қазақшалаған еңбектері жарық көрген. Сондай-ақ қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі «Абай елі» атты альбом-шежіресі әлемнің 70-ке жуық еліне тараған. Ол «Сұхба», «Халық қазынасы», «Шұғыла», «Қымызхана», «Кездесу», «Айтыс» хабарларын алғаш ұйымдастырып, сценарийлерін жазып, эфирде жүргізген, 300-ге жуық әдеби сценарий мен 40 шақты ғылыми-зерттеу мақалалардың авторы.

Осы жылдары оның қаламынан жүздеген әдеби телесценарийлер мен телепьесалар туып, көгілдір экранда қойылды. Олардың ішінде «Сұхбат», «Қымызхана», «Кездесу», «Шұғыла», «Айтыс», «Халық қазынасы», т.б. хабарлар циклі мен «Кек», «Отырар ойраны», «Өлім фабрикасы», «Қашқын», т.б. телеқойылымдары халыққа кеңінен танылды. Оның әдеби телехабарлары Ресейде, Молдавияда, Грузияда, Өзбекстанда, Қырғызстанда көрсетілді. Ш.Айтматов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, І.Есенберлин, Т.Ахтанов, С.Бегалин туралы «Сұхбат» сериясынан көрсетілген бейнефильмдері қазақ телевизиясының алтын қорына қосылған үздік шығармалар болып табылады.

«Парасат» орденімен, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын барыс» және Әділет минстрлігінің «Фемидаға адал қызметі үшін» белгілерімен марапатталған.

72 жыл бұрын (1941) Қазақ қатынас жолдары университетінің ректоры ОМАРОВ Амангелді Жұмағалиұлы дүниеге келді.

Новосібір теміржол көлігі инженерлері институтын бітірген.

20-дан астам монографиялардың, сондай-ақ 250-ден астам ғылыми мақалалардың авторы, 6 авторлық куәлігі бар.

«Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, "Құрметті теміржолшы" белгісімен марапатталған, «ҚР құрметті білім қызметкері», «ҚР еңбек сіңірген көлік қызметкері».

63 жыл бұрын (1950) ҚР Жоғарғы сотының судьясы ЛИННИК Анатолий Васильевич дүниеге келді.

Украинаның Запорожье облысында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген, заңгер. Еңбек жолын ұжымшарда есепші болып бастады. 1979 жылдан Қарағанды қаласы Совет аудандық сотының судьясы. 1981 жылдан - Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының мүшесі. 1985 жылдан Қарағанды облыстық әділет бөлімі бастығының орынбасары. Қазіргі қызметінде - 1986 жылдан бері. Жоғары біліктілік шені бар.

«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008) мерейтойлық медальдарымен марапатталған. .

57 жыл бұрын (1956) ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің білім, ғылым және адам ресурстары департаментінің директоры ХАМЗИНА Нұргүл Қалиқызы дүниеге келді.

Целиноград қаласында туған. Целиноград мемлекеттік медицина институтын және аспирантурасын бітірген.

1979 жылдан - ЦМИ патофизиология кафедрасының аспиранты. 1982 жылдан - ЦМИ патофизиология кафедрасында асистент, доцент. 1998 жылдан Ақмола мемлекеттік медицина академиясының патофизиология кафедрасының меңгерушісі, сонымен қатар ҚР ҰҒА тамақтану проблемалары аймақтық ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері. 2000 жылдан - ҚР ҰҒА «Тағамтану институты» ЖАҚ клиникалық бөлімінің меңгерушісі, Қазақ медицина институтының профессоры. 2002 жылдан ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медицина ғылымы және білім департаментінде бөлім бастығы, директордың орынбасары. 2004 жылдан - қазіргі қызметінде.

52 жыл бұрын (1961) «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасының орынбасары ТАРАКОВ Александр Юрьевич дүниеге келді.

Украинаның Черкасск облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, журналист; Қазақстандық менеджмент, экономика және болжамдау институтын бітірген, саясаттанушы. «Ленинская смена», «Арай-Заря», СұхбатПозиция», «АЗиЯ» басылымдарында тілші, бөлім меңгерушісі, бөлім редакторы, бас редактордың орынбасары, шолушы болып қызмет жасады. 1994 жылдан «Казахстанская правда» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары, вице-президент, президент болды. Қазіргі қызметінде - 2011 жылғы шілдеден бері.

«Құрмет» (1999) орденімен; «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Тыңға 50 жыл» (2004), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен марапатталған; ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты.

Бірнеше кітаптардың авторы.

46 жыл бұрын (1967) Қазақстандағы «Шеврон» корпорациясы аймақтық өкілдігінің жетекшісі ҚАНАПЬЯНОВА Замира дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы шетел тілдері педагогикалық институтын бітірген, 1992 жылға дейін ағылшын тілінен сабақ берді.

1992-1994 жылдары - ЮСАИД бағдарламасының маманы болды. 1994 жылдан «Шеврон» компаниясында - әуелі Алматыда «Шеврон МұнайГаз Инк» компаниясының үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері; 2002-2005 жылдары - «Шеврон» корпорациясының Сан-Рамондағы (АҚШ) штаб-пәтерінде менеджер, 2005-2007 жылдары - «Шеврон» корпорациясының Еуразиялық бөлімшесінде үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері. Қазіргі қызметінде - 2007 жылғы қаңтардан бері.

37 жыл бұрын (1976) «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры СҰЛТАН Нұрбол Сарыбайұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (1997) экономист мамандығы бойынша; Guildholl University (Лондон қ., 1997) «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірген. 1997 жылдан - «Қазақмұнайқұбыры» ҰМК ЖАҚ инвестициялық жобалар департаментінің маманы, менеджері, корпоративтік қаржыландыру департаментінің бас менеджері. 1999 жылдан - «ҚазТрансОйл» ҰМТК» ЖАҚ мемлекеттік активтерді басқару департаментінің бастығы. 2001 жылдан - «Мұнай және газ келігі» ҰК» ЖАҚ корпоративтік қаржыландыру департаментінің бастығы. 2002 жылдан - «ҚазМұнайГаз» ҰК» ЖАҚ корпоративтік қаржыландыру департаментінің директоры. 2003 жылдан «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының даму жөніндегі орынбасары. 2009 жылдың қаңтарынан бері-«ҚазТрансОйл»АҚ бас директоры. «KazTransCom» ААҚ Директорлар кеңесінің мүшесі. Қазіргі қызметінде - 2011 жылдың қазанынан бері.

143 жыл бұрын (1870-1948) венгр композиторы және дирижері Франц ЛЕГАР дүниеге келді.

46 жыл бұрын (1967) кеңестік және ресейлік әнші, компоитор, продюсер, Ресей халық әртісі КИРКОРОВ Филипп Бедросович дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар