30 ШІЛДЕ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 30 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

30 ШІЛДЕ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

30 шілде, СӘРСЕНБІ Марокко Корольдігінің Ұлттық мейрамы - Тақ күні. 7 жыл бұрын (1999) VI Мұхаммед таққа отырды. Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы мамырдың 28-де орнатылды. Вануату Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1980). Вануату - Тынық мұхитының оңтүстік-батыс бөлігіндегі аралдарда орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан 11 округке бөлінеді. Астанасы - Порт-Вила қаласы. Ресми тіл - бислама (пинджин), ағылшын және француз тілдері. Ақша бірлігі - вату. 1980 жылы қабылданған Конституциясы бойынша мемлекет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы - Ұлттық ассамблея. Халықаралық достық күні - күнтізбедегі ең жас мерекелердің бірі. Оны атап өту туралы шешімді БҰҰ Бас Ассамблеясы 2011 жылдың 27 сәуірінде өткен 65-інші сессиясында қабылдады. Жаңа датаны бекітуге идеологиялық негіз - Мәдениет және бейбітшілік саласындағы әрекеттер декларациясы мен бағдарламасы, сондай-ақ 2001-2010 жылдарды қамтыған бүкіл ғаламшардың мүддесі үшін бейбітшілік мәдениеті мен зорлық-зомбылықсыз халықаралық онжылдық болды. БҰҰ мемлекеттік құрылымдарға, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдарға бұл күнді әр елдің дәстүрі негізінде атап өтуді ұсынды. БҰҰ-ның қарарында әртүрлі халықтар арасындағы достықты ңығайту аса ерекше атап өтілген. Сонымен қатар Халықаралық достық күнінің тағы бір мақсаты - түрлі мәдениеттерді құрметпен қабылдауға бағытталған қоғамдық қызметтерге жастарды, соның ішінде болашақ көшбасшыларды тарту. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 9 жыл бұрын (2005) Алматыда «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы құрылды. Жаңа қоғамдық ұжымның мақсаты - елiн, жерiн сүйетiн, ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуге, оны өзгелерден талап етiп жүрген ұлтжанды, намысшыл азаматтарымыздың қайратын жанымақ. 5 жыл бұрын (2009) физика-математика ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Байсалов Ержан Рахметоллаұлы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағына ие болды. 156 жыл бұрын (1858) ағылшын зерттеушісі Джон Спик Африкадағы Виктория өзенін ашты. 116 жыл бұрын (1898) Уилл Келлогг жүгері қауыздарын ойлап тапты. 82 жыл бұрын (1932) АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лос-Анджелес қаласында Х Олимпиада ойындары ашылды. 77 жыл бұрын (1937) КСРО Ішкі істер халық комиссариатының төтенше «үштігі» «халық жауларын» өлім жазасына кесуге құқық алды.60 жыл бұрын (1954) Қытайда Іле қазақ автономиялық ауданы құрылды. 58 жыл бұрын (1956) американдық долларда «In God We Trust» ұраны пайда болды. 39 жыл бұрын (1975) Хельсинкиде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық бойынша Кеңестің қорытынды кезеңі ашылды. 1975 жылдың 1 тамызында оның қорытындысы бойынша еуропалық елдер басшыларының көбісімен қол қойылған қорытынды акт қабылданды. Кеңестік делегацияны Леонид Брежнев басқарды. ЕСІМДЕР 179 жыл бұрын (1835-1929) әнші, ақын, композитор ЖАЯУ МҰСА Байжанұлы дүниеге келді. Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған. Жастайынан халық музыкасымен, ауылға келіп-кетіп жүрген әнші-күйшілер өнерімен танысады. Өзі де ән салып, домбыра тартады. 1851 жылы Қызылжарға (қазіргі Петропавл) келіп, орыс тілін үйренеді. Ол домбыра, қобыз тартумен қатар, сырнай мен скрипка ойнауды да меңгереді. Қаладағы оркестрлердің, әншілердің орындауындағы концерттерді қызыға тыңдайды. Бұл оның музыкалық-эстетикалық талғамын қалыптастыруда үлкен рөл атқарды. Жаяу Мұсаның Шоқан Уәлихановпен бірге жүруі, Ыбырай Алтынсариннің өлеңіне («Кел, балалар, оқылық») ән шығаруы, өлеңмен күнделік жазуы, Абайға өлең арнауы, Л.Н.Толстой кейіпкерінің атын баласына қоюы оның заман лебін терең сезінгендігін байқатады. 1854 жылы Омбы қаласындағы орыс мектебінде оқыған. Осындағы кітапханадан Санкт-Петербор, Мәскеу, Қазан, Орынбор, Ақмола, тағы басқа қалаларда шығатын газет-журналдармен, кітаптармен танысады. Жаяу Мұсаның тырнақалды туындысы «Қыздар-ай» Омбыда дүниеге келді. Ол туған ауылына сауатты азамат, музыкалық аспаптарда шебер ойнайтын өнерпаз болып оралады. Келе ауыл өміріне қызу араласты. Әкімдердің, би-болыстардың парақорлығын әшкерелеп, әсіресе, Баянауылдың аға сұлтаны Мұса Шорманов пен оның інісі Мұстафаның зорлық-зомбылығын айтып Омбы генерал-губернаторына шағым жазады. Сол үшін ағайынды Шормановтар оның астындағы атын тартып алып, «жаяу» атандырды. Осы тұста шығарған «Ақсиса» әнінде әлеуметтік теңсіздікке наразылығын білдіреді. Билігі жүріп тұрған Шормановтар әртүрлі жала жауып, 1860 жылы оны Тобылға 12 жылға жер аудартқан. «Сүйіндік», «Тұтқын зары» әндері осы кезде шыққан. Тұтқында 2 жыл болғаннан кейін өзі сұранып әскерге кетеді. Оны Литвада Орталық Азия жорығына дайындалып жатқан Г.Черняевтің отрядына жібереді. 1863-1865 жылдары осы отрядтың жүк батальоны құрамында Шымкент, Әулие-ата (Тараз), Верный (Алматы) жорығына қатысқан. Черняевтің халыққа көрсеткен зорлығына қатты наразы болып, туған ауылына оралады. Оған ата жаулары елде де тыныштық бермей, қайта қуғынға салған. Жергілікті халықтың ауыр тұрмысын, билеушілерден көрген зорлық-зомбылығын айтып түсіндіру үшін ол Санкт-Петерборға аттанады. Бірақ одан да қолдау таба алмаған соң, Латвияда, Польшада болып, соңынан Қазанға келіп аялдайды. Жаяу Мұсаның әншілік, композиторлық өнері халық музыкасымен тығыз байланыста дамыды. Сол тұста өмір сүрген Тоқсанбай, Жанақ, Түбек, Көтеш, Жаңабай сынды ақын-жыршылардың дәстүрлерін үлгі тұтып, жаңалыққа құлаш ұрды. Жаяу Мұсаның әлеуметтік теңсіздікті әшкерелейтін «Ақсиса», «Хаулау», «Шормановқа», «Толғау», «Бұзау зары», «Тұтқын зары», «Сүйіндік», туған жер табиғатын суреттейтін «Баянауыл», «Жаздың күні», «Жазда», «Ұлытау», «Сарын»; аңшылық-саятшылық туралы «Тұрымтай», «Қаршыға», «Көгершін», күлдіргі «Құлбай», «Қазан қыздары», махаббатты жырлайтын «Сұрша қыз», «Шолпан», «Сәулем қыздар», «Гауһар қыз», «Ләйлім»; өмірлік серігі Сапарға арналған «Келдім, Сапар, басыңа» атты әндері бар. Сондай-ақ ол лирикалык сипаттағы «Қыз күйі», «Қыз бала күйі», «Қызқарқара», «Қамшылау» сияқты күйлердің де авторы. Жаяу Мұсаның музыкалық шығармалары халықтың әншілік-орындаушылық дәстүрі, сондай-ақ қала әсерінен пайда болған марш, би ырғағындағы туындылар негізінде дамыған. Жаяу Мұсаның әндерінде қазақ халык әндерінде аса сирек кездесетін құбылыс - классикалық музыканың формасын құрайтын ерекшеліктер «Ақсиса», «Ескендір», «Тұрымтай» әндерінен анық байқалады. Жаяу Мұса композитор, әнші ғана емес, өз әндеріне лайықтап, өлең шығарған ақын. Көптеген мысқыл өлеңдерімен қатар «Шал мен торғай», «Бөдене мен қаншыр» атты мысалдары да бар. Жаяу Мұса көңілге түйгендерін орысша, қазақша қағазға түсіріп отырған. Қазақ қоғамының әлеуметтік. істеріне белсене араласып, ұлт мәдениетіне елеулі үлес қосқан. Көптеген колжазбалары Алматы, Қазан, Санкт-Петербор, Омбы мұрағаттарынан табылған. Оның әндері мен күйлерін алғаш нотаға түсіріп, жазып алғандар - А.Затаевич, А.Жұбанов, Б.Ерзакович, М.Лалинов; әндерін айтып берушілер - Қ.Бабақов, Қ.Байжанов, Ә.Қашаубаев, Қ.Лекеров, Ж.Елебеков және Жаяу Мұсаның баласы Салық Мусин. Оның музыкалық мұрасын қазақ композиторлары опера («Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Біржан - Сара», «Бекет»), симфония, эстрада жанрларында пайдаланған. Жаяу Мұсаның әндері қазіргі әншілердің репертуарынан орын алды. Әнші бейнесі көркем шығармаларда, З.Ақышевтің «Жаяу Мұса» романында сомдалған. 103 жыл бұрын (1911-1992) қолданбалы математика және есептеу техникасы саласының ғалымы, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының корреспондент- мүшесі АКУШСКИЙ Израиль Яковлевич дүниеге келді. Украинаның Днепропетровск қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 1953-1956 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясы машина және есептеу математикасы зертханасында меңгеруші болған. Ол есептеу математикасы мен техникасы саласында қалдықтар кластары жүйесіндегі жаңа бағыттың, есептеу процестерін ұйымдастыру мәселелерінің негізін салған. Сондай-ақ есептеу теориясын, бағдарламалау негіздерін, қолданбалы инженерлік шешімдер мәселесін зерттеген. Ғалымның елімізде және шет елдерде кеңінен танымал 200-ден астам еңбегі және оның ішінде 12 монографиясы бар. 90 өнертабыстың авторы, олардың көпшілігі АҚШ-та, Жапонияда, ГФР-де патент алған. 85 жыл бұрын (1929-1993) тарих ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты ӘУЕЗОВА Ләйлә Мұхтарқызы дүниеге келді. Ташкент қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультетін, КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының аспирантурасын бітірген. 1956-1962 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының ғылыми қызметкері болған. 1963 жылдан М.Әуезов әдеби-мемориалдық мұражайының, «Әуезов үйі» мұражайының директоры қызметтерін атқарды. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері Қазақстан тарихына, Қазақстанда жер шаруашылығының дамуына, М.Әуезов шығармашылығындағы Қазақстан тарихының мәселелеріне арналған. 63 жыл бұрын (1951) әнші, КСРО мен Қазақстанның Халық әртісі, Бүкілодақтық комсомол сыйлығының, кәсіпқой әншілердің Михаил Глинка атындағы бүкілодақтық, Р.Шуман атындағы халықаралық конкурсының және Рио-де-Жанейрода өткен Халықаралық байқаудың лауреаты ДІНІШЕВ Әлібек Мұсаұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Алматы музыкалық училищесін, Алматы консерваториясын бітірген. 1976-1979 жылдары Қазақ филармониясының, 1978-1996 жылдары Қазақ опера және балет театрының әншісі болған. 1997 жылдан бастап «Әлібек Дінішев театры және вокал академиясын» құрып, соған басшылық жасауда. Ол театр сахнасында Ленский (Петр Чайковскийдің «Евгений Онегинінде»), Владимир (Александр Бородиннің «Князь Игорінде»), Айдар (Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абайында»), Төлеген (Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде») т.б. партияларды орындап, халыққа концерттік-орындаушылық қызметімен де кеңінен танылды. Оның репертуарында қазақтың халық әндері, халық композиторларының әндері, сонымен қатар шетел композиторларының да шығармалары бар. «Парасат» орденімен, медальмен марапатталған. 52 жыл бұрын (1961) А.И.Бараев атындағы «Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты ҚАСҚАРБАЕВ Жексенбай Айтошұлы дүниеге келді. Ақмола облысында туған. Целиноград ауылшаруашылығы институтын бітірген, Торғай облыстық ауылшаруашылығы тәжірибе стансасында агроном, кіші, аға қызметкер, директордың ғылым жөніндегі орынбасары болды. 1994-2002 жылдары - Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында зертхана меңгерушісі, егіншілік бөлімінің меңгерушісі, директордың ғылым жөніндегі орынбасары. 2002-2007 жылдары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Александр Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры міндетін атқарушы, директоры. Қазіргі қызметінде 2007 жылдан бері. 60-тан астам ғылыми жарияланымдардың авторы. Екі медальмен марапатталған. 51 жыл бұрын (1963) Қазақстанның Катар мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі БЕРДІБАЙ Азамат Рахманқұлұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, филолог, араб тілінің, қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы. 1990 жылдан - С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқытушы. 1992 жылдан ҚР СІМ аймақтық басқармалары мен департаменттерінде түрлі қызметтер атқарды. 2006 жылдан - ҚР-ның Дубай қаласындағы бас консулы. Қазіргі қызметінде - 2007 жылғы сәуірден бері. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен марапатталған. 47 жыл бұрын (1967) Батыс Қазақстан облысының әкімі НОҒАЕВ Нұрлан Асқарұлы дүниеге келді. Білімі жоғары, И.Губкин атындағы Мәскеу мемлекеттік мұнай және газ академиясын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Ресей Сыртқы істер министрлігі жанындағы "Халықаралық қатынастар университеті" Мәскеу мемлекеттік институтын, тау-кен инженері, экономист, халықаралық қатынастар маманы, әкімшілік іскерлік жөніндегі шебер мамандықтары бойынша бітіріп шыққан. Орыс, түрік, ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Еңбек жолын Ақтөбе облысы, Қандыағаш стансасында электр шебері болып бастаған.1993-1995 ж.ж. - Мәскеу қаласындағы "Гили-Паскер" ЖШС-ында мұнай өнімдері жөніндегі аға сарапшы, бөлім бастығы, бас директор. 1995-1996 ж.ж. - Алматы қаласындағы "Отрар Лтд" шағын кәсіпорны бас директорының орынбасары. 1996-2006 ж.ж - "Қазақтүрікмұнай" ЖШС-ында маркетинг жөніндегі инженер, мұнай және мұнай өнімдерін сату, маркетинг бөлімінің бастығы, бас директор. 2006 жылдың ақпан айынан бастап "ҚазМұнайГаз Ұлттық компаниясы" АҚ-ның атқарушы директоры. 2006 жылдың тамыз айынан ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігі мұнай өнеркәсібі департаментінің директоры болып істеген. 2007 жылдың қыркүйегінен 2010 жылдың сәуір айына дейін - облыс әкімінің орынбасары. 2010 жылдың сәуір айынан 2012 жылдың қаңтарына дейін - облыс әкімінің бірінші орынбасары. 2012 жылдың 20 қаңтарында Мемлекет басшысының Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. 2010 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған. 23 жыл бұрын (1991) конькимен жүгіру спортының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, шорт-тректен спорт шебері АЙДОВА Екатерина Валерьевна дүниеге келді. Қарағанды қаласында туған. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде оқыды. 500 метрге жүгіруден жастар арасындағы Әлем кубогында (Германия, 2008 жыл) 2-інші орын; 500 метрге жүгіруден жастар арасындағы әлем кубогында (Голландия, 2009 жыл) 2-інші орын; 1000 метрге жүгіруден ХХІ қысқы Олимпиада ойындарында (Ванкувер, Канада, 2010 жыл) 16-ыншы орын; 500 метрге жүгіруден жастар арасындағы Әлем кубогында 1-інші орын, 1 000 метрге жүгіруден 1-інші орын (Берлин, Германия); 500 метрге жүгіруден жастар арасындағы Әлем чемпионатында 1-інші орын (Мәскеу, Ресей) алды. 151 жыл бұрын (1863-1947) американдық өнеркәсіпші, «Форд» компаниясының негізін қалаушы Генри ФОРД дүниеге келді. 105 жыл бұрын (1909-1993) ағылшын тарихшысы, жазушы, драматург ПАРКИНСОН Сирил Норткот дүниеге келді. Жазушы оқырмандарына «Parkinson's Law» («Паркинсон заңдары») әзіл-оспақ кітаптың авторы ретінде жақсы таныс. Оның әскери-теңіз тарихшысы ретіндегі беделі өте зор. Қаламгердің британдықтардың теңіздегі беделі және Наполеон дәуіріндегі теңіз саудасы жөнінде жазылған кітаптары өзінің ғылыми құндылығын әлі күнге дейін жойған жоқ. С.Паркинсонның көптеген әңгімелері, романдары, пьесалары және энциклопедиялар мен журналдарға арналған мақалалары бар. 67 жыл бұрын (1947) американдық актер, кәсіпкер және саяси қайраткер Арнольд Алоис ШВАРЦЕНЕГГЕР дүниеге келді.