30 тамыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 30 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

30 тамыз, СЕНБІ

Қазақстан Республикасының Ата Заңы қабылданған күн. 19 жыл бұрын (1995) елдің жаңа Конституциясы қабылданды. Ата Заңымызға сәйкес, Қазақстан Республикасында президенттік билік жарияланды. Татарстан Республикасының мемлекеттік мейрамы - Республика күні. 1990 жылы Татарстанның тәуелсіздігі туралы Декларация қабылданды. Байкал күні. Тамыз айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 70 жыл бұрын (1944) КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің 1944 жылғы шілденің 31-індегі №6279 қаулысына сәйкес түрік, күрд, хемшилдер Қазақстанға жер аударылды. 21 жыл бұрын (1993) Алматыда Халықаралық ядролық жарылысқа қарсы Конгресс өз жұмысын бастады. 14 жыл бұрын (2000) Өскемен қаласындағы Луговая көшесінің атауы Д.Серікбаев атындағы көше болып өзгерді. 15 жыл бұрын (1999) Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Жамбыл кесенесінің жанындағы сазгер Нұрғиса Тілендиев (1925-1998) қабірінің басына ескерткіш орнатылды. Нұрғиса Тілендиев (1925-1998) - атақты композитор, білікті дирижер әрі домбырашы, Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Халық әртісі, Халық Қаһарманы. Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының (1953-1961), Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің (1961-1964) бас дирижері болған. 1981 жылы Қазақ мемлекеттік фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрін ұйымдастырып, өмірінің соңына дейін оның жетекшісі болды. «Алтын таулар» операсының авторы (Қ.Қожамяровпен бірлесіп жазған), «Достық жолымен» балетінің (Л. Степановпен бірлесіп), оркестрге арналған поэмалар «Ата толғауы», «Аққу», 40-шақты өлеңдер мен романстардың авторы. Ол 100-ге тарта спектакль, көркем және деректі, мультипликациялық фильмдерге музыка жазған. 9 жыл бұрын (2005) Санкт-Петербордың Выборгск кеме жасау зауытында «Қазақстан» басты мұнай құятын танкерін тапсыру рәсімі болып өтті. «Қазақстан» кемесі шикі мұнай мен мұнай өнімдерін Каспий теңізінде тасымалдауға арналған. Танкердің ұзындығы - 149 метр, жылдамдығы - 10 теңіздік торап. 9 жыл бұрын (2007) Алматыда Түрксіб ауданы әкімшілігі ғимаратының алдында жаңа су бұрқағы салтанатты түрде ашылды. 5 жыл бұрын (2009) Астанада Елбасы - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесіне арналған алғашқы әскери шеру болып өтті. Әскери шеруге Қорғаныс министрлігінің құрлықтағы әскерлері, әуе қорғанысы күштері, әскери-теңіз күштері, сондай-ақ Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерінің сарбаздары мен Республикалық ұланның өкілдері қатысты. Бұлар 2 мыңнан астам сардарлар мен келісім шарт бойынша қызмет етіп жүрген әскери қызметшілер және мерзімді қызметтің сарбаздары. Олар алаңға әскери тәртіппен сап түзеп шығып, мерекеге жиналған көпшілікке еліміздің қорғаныс саласының зор мүмкіндіктерін көрсетті. Мерекелік шеруге Қарулы Күштердің 96 әскери техникасы мен 43 соғыс ұшақтары және тікұшақтары қатысты. Алаңда алдымен әскери техникалар сап түзеп, олардың әрқайсысының ерекшеліктері мен мүмкіндіктері және олардың соғыс кезінде атқаратын қызметтері жөнінде баяндалды. Әскери техникалардың арасында «БТР-80», «Д-30» көліктері мен «МСТА» зеңбіректері, «Ураган», «Смерч», «Точка-У» сияқты аса қуатты қарулар, сондай-ақ «С-125», «С-75», «С-200» тектес зенитті-зымыранды кешендер тамашаланды. Әскери шеруге қонақ ретінде соғыс ардагерлері, жоғары шенді әскери қызметкерлер, еліміздің министрліктері мен ведомстволарының басшылары, Парламент депутаттары қатысты. 5 жыл бұрын (2009) Қарағанды облысының Шахтинск қаласында кеңестік жауынгерлердің Ауғанстаннан шығарылуының 20 жылдығына арналған мемориалдық кешені ашылды. Ол қалалық саябақта орнатылған. Мемориалдық кешеннің ашылу салтанатында интернационалист-жауынгерлерге төсбелгілер табыс етілді. ЕСІМДЕР 80 жыл бұрын (1934-2000) Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мәдениетінің үздігі, жоғары дәрежелі төреші БОРИСОВ Михаил Григорьевич дүниеге келді. 1964-1994 жылдары коньки тебу спортынан мемлекеттік жаттықтырушы, КСРО Спорт комитетінің Қазақ КСР-і бойынша жаттықтырушысы қызметтерін атқарған. 1974-1984 жылдары әйелдер арасында Еуропа біріншіліктерін ұйымдастыруға қатысып, төрешілік жасаған. КСРО Спорт комитетінің «Дене шынықтыру және спортты дамытуға қосқаны еңбегі үшін» белгісімен марапатталған. 79 жыл бұрын (1935-1997) жазушы ЕРКЕБАЕВ Сайымжан Нұрсейітұлы дүниеге келді. Орал облысының Тайпақ ауданында туған. Алматы шет тілдері институтын бітірген. 1967-1971 жылдары - Қазақ радиосында редактор, корреспондент, редакция меңгерушісі. 1971-1974 жылдары Өзен геологиялық-барлау экспедициясында редактор және бөлім меңгерушісі. 1974-1977 - жылдары «Қазақфильм» киностудиясында. 1977-1980 жылдары - «ҚазКітап» бірлестігінде редактор. 1980-1993 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде, 1993-1997 жылдары «Парасат» журналында қызметтер атқарған. Тұңғыш әңгімесі «Мұрат» «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде жарияланған. «Алғашқы адым», «Жарылған бүр», «Ауыл кештері» повесінің, «Жолдар мен шақырымдар» романының, «Менің Қожанәсірім келеді де...» әзіл-оспақ шығармасының, «Жел өтінде» шығармаларының авторы. Еркебаев орыс жазушысы М.Е.Салтыков-Щедриннің «Бір мұжық екі генералды қалай асырады» ертегілерін, неміс жазушысы О.Шнайдераттың «Иоганн Штаус және көрікті көгілдір Дунайдағы қала» повесін, т.б. шығармаларды қазақ тіліне аударған. 78 жыл бұрын (1936) қоғамдық-саяси қайраткер, педагогика ғылымдарының кандидаты АБАЕВА Никара Бәкірқызы дүниеге келді. Семей қаласында туған. Семей педагогикалық институтын бітірген. Мектепте мұғалім, комсомол жұмыстарында, Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің хатшысы болды. 1971-1975 жылдары - Семей облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1975-1984 жылдары - Қазақ КСР Жоғары Кеңесі төралқасының хатшысы, Қазақ КСР халық ағарту министрі. 1984-1991 жылдары - Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогика ғылымдары ғылыми-зерттеу институтының директоры. Одан кейінгі жылдары республиканың қоғамдық өміріне араласты, КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1991 жылдан зейнеткерлік демалыста. Төрт мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған. 53 жыл бұрын (1961) ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы ҚАЗБЕКОВА Меруерт Айтқажықызы дүниеге келді. Көкшетау қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын, «Тұран» университетін, РФ Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. Саяси ғылымдардың кандидаты. 1973 - 1983 жылдары - Алматы халық шаруашылығы институтының студенті. 1983 - 1985 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік сақтандыруда инженер-экономист болып жұмыс істеген. 1986 - 1989 жылдары Көкшетау қалалық атқару комитетінде инженер-экономист, экономист, аға экономист болып жұмыс істеген. 1991-1992 жылдары - Көкшетау қаласында шаруашылық есептік-экономикалық топ жетекшісі. 1992-2006 жылдары - «Тілектес» ЖШС-нің директоры, «АВЗ - 007» ЖШС-нің қаржылық директоры. 2006-2008 жылдары - «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ Қаржы департаментінің басқарма бастығы. 2008 жылдан бастап «Қазақстанның кәсіпкер әйелдер одағы» Қоғамдық бірлестігінің төрайымы. 1998-2002 жылдары - Іскер әйелдер қауымдастығының Ақмола облыстық бөлімшесінің төрайымы (қоғамдық негізде). 2000 жылы АҚШ-да тағылымдамадан өткен. 2001 жылы АҚШ-да «SАBIT» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өткен. 2002-2006 жылдары - Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының төрайымы (қоғамдық негізде). 2012 жылғы қаңтардан бастап бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы. 2002 жылдан «Ақ жол» ҚДП-ның мүшесі. 2002 - 2005 жылдары «Ақжол» ҚДП-ның Ақмола облыстық бөлімшесінің төрайымы. 2012 жылдан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Ақ жол» ҚДП фракциясының мүшесі. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған. Қазақ және орыс тілдерін меңгерген. 154 жыл бұрын (1860-1900) орыс суретшісі, реалистік пейзаж шебері ЛЕВИТАН Исаак Ильич дүниеге келді. 143 жыл бұрын (1871-1937) ағылшын физигі, атом құрылысы және радиоактивтілігі туралы ілімді жасаушылардың бірі, Нобель сыйлығының лауреаты РЕЗЕРФОРД Эрнест дүниеге келді. 130 жыл бұрын (1884-1971) швед химигі әрі физигі, швед ғылым академиясының мүшесі СВЕДБЕРГ Теодор дүниеге келді. 1907 жылы Упсаль университетін бітіріп, сол жерде істеген. 1949 жылдан Ядролық химия институтының директоры болған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері коллоидты химияға, молекулалардың көлемі мен пішінін анықтауға арналған. 1906 жылы А.Эйнштейн мен М.Смолуховский жасаған броундық қозғалыс теориясын тәжірибе жүзінде дәлелдеді. 80 жыл бұрын (1934-1982) театр және кино актері Анатолий СОЛОНИЦЫН дүниеге келді. 60 жыл бұрын (1954) Беларусь Республикасының президенті Александр ЛУКАШЕНКО дүниеге келді. Витебск облысының Оршан ауданында Копысь кентінде туған. 1975 жылы Могилев педагогикалық институтын, ал 1985 жылы Беларус ауыл шаруашылығы академиясын бітірген. Армиядағы қызметін өтегеннен кейін комсомол және партия және шаруашылық жұмыстарында болды.1990 жылы депутаттық қызметін бастап, үш жыл бойы уақытша парламенттік комиссияда өкімет органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті басқарды. 1994 жылы алғашқы рет Беларус Республикасының Президенті болып сайланды. 2001 жылы екінші мерзімге сайланды 2004 жылғы қазанда үшінші референдум өткізіп, Конституциядағы бір адамның мемлекетті басқаруға екі мерзіммен шектелетін бабы алынып тасталды. Бұл Лукашенконың тағы да мемлекет басшысы қызметіне сайлауға қатысу құқығын берді. 2006 жылы сайлаушылардың 83 пайызының дауысын жинап, үшінші рет жоғарғы мемлекеттік орынтаққа сайланды. 2010 жылғы желтоқсанда Лукашенко төртінші рет Беларусь президенттігіне сайланды.

Соңғы жаңалықтар