300-ден астам қазақстандық курсант шетелде білім алып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық курсанттар шетелдің әскери жоғары оқу орындарында білім алып, халықаралық тәжірибені меңгеріп жүр. Бұл туралы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник Мұрат Олжабаев айтты.
— Бүгінде 300-ден астам қазақстандық курсант Қытай, Түркия, Корея Республикасы, АҚШ, Ресей, Әзербайжан, Армения және Беларусь елдерінің әскери жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Оқу халықаралық келісімдер аясында Қарулы күштер үшін сұраныс жоғары мамандықтар бойынша ұйымдастырылды. Бұл курсанттарға әскери даярлаудың заманауи тәсілдерін меңгеруге, жаңа технологиялармен танысуға және халықаралық тәжірибені игеруге мүмкіндік береді, — деді спикер.
Сонымен қатар департамент басшысының айтуынша, Қорғаныс министрлігі еліміздің жетекші азаматтық жоғары оқу орындарымен де ынтымақтастықты дамытып жатыр.
— Бірлескен білім беру бағдарламалары әскери медицина, дене даярлығы, аударма ісі, әскери құрылыс, әскери оркестр және дирижерлік қызмет, сондай-ақ басқа да сұранысқа ие бағыттар бойынша жүзеге асырылып отыр. Мұндай әріптестік әскери және азаматтық білім беру салаларының ғылыми әлеуетін ұштастырып, мамандар даярлау мүмкіндігін кеңейтуге және түлектердің кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал етеді, — деді спикер.
Еске салайық, әскери оқу орындарына құжат тапсыру жеңілдеді. Бұдан былай құжатты енді онлайн тапсыруға болады.