–30°С аязда да тиімді: Астанада көктайғаққа қарсы жаңа реагент қолданылмақ

АСТАНА. KAZINFORM — «Астана Тазалық» кәсіпорны магний негізіндегі қауіпсіз реагенттерді қолдануды бастады. Олар 0-ден -30°C-қа дейінгі температурада көктайғақ пен қарға қарсы жақсы әсер етеді.

Гололед Мұз зима қыс
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Астана қысы — қалың қарлы, екпінді желді, сынағы көп ерекше кезең. Осындай уақытта қала тіршілігінің тоқтаусыз жұмыс істеуі тікелей коммуналдық қызметтердің кәсіби шеберлігі мен техникалық дайындығына байланысты. Сондықтан кәсіпорын басшылығы биылғы маусымға қандай нақты шаралар қабылданғанын ашық түрде баяндап берді.

«Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Замир Сагинов, күн сайын қала көшелерінің тазалығын қамтамасыз етіп жүрген еңбек адамдарының еңбегі айрықша құрметке лайық екенін атап өтті. Оның айтуынша, қысқы кезеңде ең басты міндет — арнайы техниканың үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету.

Биыл «Астана Тазалық» кәсіпорны өз автопаркін ауқымды түрде жаңартты. Қыстың ауыр жүктемесіне төтеп беруге бағытталған жаңа техникалар қатарында:

техника
Фото: Астана Тазалық

5 автогрейдер

— 10 самосвал

— 1 кран-манипулятор

— 5 вакуумды сору-қоқыс жинау машиналары (жол пылесостары)

— 8 КДМ Volvo көпфункционалды жол машиналары

— 5 КДМ CJS

— Реагент дайындауға арналған 2 арнайы қондырғы

— 4 лапалық СМП типіндегі жүктегіш.

Жыл соңына дейін тағы бірнеше техника жеткізіледі деп күтіліп отыр.

Осы қыста кәсіпорын магний негізіндегі экологиялық таза отандық реагенттерді қолданады.

— Олардың қатарында жеке материал ретінде де, арнайы қоспалардың құрамында да қолданылатын магний хлориді (бишофит) бар. Мұндай реагенттер коррозияны азайтып, өңдеу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Олар 0-ден -30°C-қа дейінгі температурада көктайғақ пен қарға қарсы жақсы әсер береді, ал кейбір формулалар бұдан да төмен аязда тиімді жұмыс істейді. Ең басты артықшылығы — бұл реагенттердің сертификатталған, қауіпсіз және қоршаған ортаға зиян келтірмейтіндігі. Бұл фактор мегаполис жағдайында ерекше маңызды, — деді мекеме мамандары.

Осыған дейін елорда көшелерін тазалау және күтіп-ұстау жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп жатқанын жазған едік. «Астана Тазалық» мекемесінің қоймаларында 1 200 м³-ден аса құм, 4 400 тонна көктайғаққа қарсы қоспалар және 1 000 тонна реагент сақтаулы.

Сонымен қатар Астанада «Цифрлық жол қағазы» жүйесі іске қосылғаны белгілі болды. Енді Астана көшелеріне шыққан әр техника қандай бағытта жүр, қандай көлемде реагент шашты, қай уақытта жұмыс бастады — бәрін нақты уақыт режимінде көрсететін болады.

Соңғы жаңалықтар