31 қаңтар. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 31 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.
31 қаңтар ЖҰМА
Үндістан тәуелсіздігі үшін құрбан болғандарды еске алу күні. Махатма Гандидің қаза тапқан күніне (1869-1948) орай атап өтіледі. Ол Үндістан ұлт-азаттық қозғалысының басшысы, «гандизм» деп аталатын ілімнің негізін қалаушы ретінде белгілі. Қаңтардың соңғы жексенбісінде атап өтіледі.
Халықаралық зергерлер күні
Науру елінің тәуелсіздік күні. Мереке Науру Республикасының 1968 ж тәуелсіздік алуына арналған.
Қытай Жаңа жылы. Қытай халқы ай күнтізбесі бойынша жаңа жыл мерекесін тойлайды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
18 жыл бұрын (1996) Қазақстанның екі палаталы тұңғыш Парламентінің алғашқы сессиясы Сенат пен Мәжіліс депутаттарының бірлескен отырысымен басталды.
8 жыл бұрын (2006) Павлодарлық зейнеткер Мұрат Якубов араб-орыс-қазақ сөздігін құрастырып шықты. Онда үш тілдегі түсіндірмесі, жіктелген және тәуелденген формадағы түрлері берілген 20 мыңдай сөз бар. М.Якубовтың еңбегі 900 жазба беттен тұрады. Автордың айтуынша, бұған дейін мұндай сөздіктер басып шығарылмаған.
8 жыл бұрын (2006) Қазақстан бойынша алғашқы несиелік бюро құрылды. Америкалық «Creditinfo Group» компаниясының ұйытқы болуымен құрылған бұл бюро құрамына Қазақстандағы «Альянс» банкі», «АТФ Банкі», «ТұранӘлем Банкі», «ЦентрКредит Банкі», «Қазкоммерцбанк», «Қазақстанның Халық Банкі» мен «Цесна» банкі» акционерлік қоғамы секілді ең ірі қаржы институттары кіреді.
8 жыл бұрын (2006) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңға қол қойды. Бұл заң жеке және заңды тұлғалардың жеке кәсіпкерлік қызметтерін жүзеге асыру барысында туындайтын қоғамдық қарым-қатынастарды реттейді.
7 жыл бұрын (2007) Берлинде (Германия) Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде» деп аталатын кітабының таныстырылымы өтті.
7 жыл бұрын (2007) Алматыда кешенді ғылыми-техникалық «Қазақстан Республикасының Ұлттық атласы» және «Қазақстан Республикасы» атты монография жарыққа шықты. Аталмыш еңбектердің әрқайсысы 3 томнан тұрады. Атластың 1-ші томы табиғи-ресурстық ахуалға арналған. Оған еліміздің жағрафиялық орны, бедері, геологиялық құрылысы, минералдық ресурстары, климаты, жерасты және жербеті сулары, топырақтары, жер ресурстары, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, ландшафтары мен физикалық-жағрафиялық ерекшеліктері қамтылған. Онда 116 карта жарияланған. Атластың әлеуметтік-экономикалық ахуалға арналған 2-ші томында еліміздің халқы, әлеуметтік саласы, туристік орындары, ауыл шаруашылығы, аумақтардың әлеуметтік-экономикалық саласы, сыртқы экономикалық байланыстар, тарихы және археологиясына қатысты 116 карта берілген. Ұлттық атластың 3-ші томынан еліміздің табиғи-шаруашылық жүйелерінің экологиялық жағдайына арналған 89 картамен танысуға болады. Ал «Қазақстан Республикасы» монографиясының «Табиғи жағдайлары мен ресурстары» деп аталатын 1-ші томында еліміздің литосферасы, гидросферасы, атмосферасы және биосферасы туралы айтылады. «Әлеуметтік-экономикалық дамуы» деп аталатын 2-ші томда еліміз өз конституциясын қабылдағаннан кейінгі әлеуметтік-экономикалық жағрафиясы сипатталса, «Қоршаған орта және экология» деп аталатын 3-ші томда экологиялық ахуалдың жай-күйі қамтылып отыр.
7 жыл бұрын (2007) Семейде танымал ақын және прозашы Николай Алексеевтің «Свет Незакатный» атты жаңа кітабы жарық көрді. Кітапқа очерктер, қысқа әңгімелер енгізілген. Басылымның 7 тарауы автордың туған өлкесі Семейдің Ертіс жағалауына арналған.
6 жыл бұрын (2008) Алматыда Мұқағали Мақатаев атындағы жаңа сыйлық тағайындалды.
Ол Мұқағали мұраларын насихаттауға үлес қосқан және ғылыми-зерттеу жұмыстарына атсалысқан шығармашылық өкілдеріне берілмек.
6 жыл бұрын (2008) Атырауда облыстық мәдениет басқармасының жанынан құрылған археологиялық орталық өз жұмысын бастады. Орталықтың негізгі мақсаты - археологиялық іздестіруді белсендіру.
Қазір Атырау облысында археологиялық қазбалар кем дегенде аумақтың 10 пайыз жерінде жүргізілді. Қарабау құмдарының, Жылыой ауданы үстіртінің құпиясы ашылмай, танымал Сарайшық - Ұлы Жібек жолы қалаларының бірі зерттелген жоқ.
8 жыл бұрын (2006) ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Кәсіпкерлік мәселелері бойынша кейбір заңнама актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. Ол жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бақылау және тексеру қызметін атқаратын мемлекеттік органдармен қатынасын реттеуге бағытталған.
3 жыл бұрын (2011) Алматыда VII қысқы Азия ойындарының мәдени бағдарламасы аясында «Азиадаға-Қазақ концерті» ән кеші өтті. 3 жыл бұрын (2011) Алматыда Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық театрда қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына арналған кеш өтті.
2 жыл бұрын (2012) Алматыда тұңғыш рет Мағжан Жұмабаевтың «Табалдырық. Манифест» кітабының баспа нұсқасы шықты.
300 жыл бұрын (1714) Ресейдегі алғашқы мұражай - Кунсткамера ашылды. Мұражай коллекцияларының алғашқы тобын I Петрдің шет елге барған сапарынан алып келген кеме, машина, астрономиялық құрал-жабдық үлгілері мен аң-құстардың тұлыптары құрады. Мұражай 1719 жылы көпшілік үшін есігін айқара ашты. Көрермен тарту үшін мұражайға келген әрбір адамға бір кесе кофе немесе арақ берілді. Бұл қонақжайлық үшін мемлекет қазынасынан 400 рубль бөлініп тұрды.
121 жыл бұрын (1893) The Coca-Cola Company компаниясының негізін салушы А.Кендлер «Кока-Кола» тауар белгісін тіркеді.
ЕСІМДЕР
104 жыл бұрын (1910-1988) қазақстандық геолог, металлогения саласының маманы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Социалистік Еңбек Ері СМИРНОВ Владимир Иванович дүниеге келді.
Ресейдің Мәскеу қаласында туған. Мәскеу геологиялық-барлау институтын бітірген.
Негізгі ғылыми еңбектері терең қабаттағы кендерді іздеудің, барлаудың және қорын бағалаудың әдістерін зерттеу мен металлогения мәселелеріне арналған. Ол эндогендік факторлардың руда түзудегі мәнін, Орта Азия, Кавказ аймақтарында рудалы кендер қалыптасуы мен орналасуының аймақтық заңдылықтарын ашты.
Үш рет Ленин орденімен, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.
70 жыл бұрын (1944) экономика ғылымының докторы, профессор ЖАТҚАНБАЕВ Ержан Байғожаұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Талғар ауданында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген. 1968-1984 жылдары Қазақстан Жоғары оқу орындары министрлігінде, Алматы халық шаруашылығы институтында қызмет істеген. 1984 жылдан Қазақ мемлекеттік университетінде ғылыми-педагогикалық жұмыстармен айналысты, 1997 жылдан проректор, 2001 жылдан - халықаралық қатынастар факультетінің деканы, 2005 жылдан экономика және бизнес факультетінің деканы болды. Негізгі еңбектері аралас экономика, мемлекет және нарық мәселелерін зерттеуге арналған. 4 ғылыми кандидаттарын даярлаған, 70-тен аса еңбектің авторы.
66 жыл бұрын (1948-2008) жазушы-драматург, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, Қырғызстан Республикасы Т.Әбдімомынов атындағы әдеби сыйлығының лауреаты МҰҚАЙ Баққожа дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын Кеген аудандық «Коммунизм нұры» газетінен бастаған. 1970-1988 жылдары «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеген. 1990-1995 жылдары Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық алқасында бас редактор, бас басқарма бастығы болған. Жазушының «Жалғыз жаяу», «Өмірзая» атты романдары, «Жаңбыр жауып тұр», «Өмір арнасы», «Аққу сазы», «Мазасыз маусым», «Дүние кезек», «Тоят түні», «Жеті желі», «Алғашқы махаббат», «Ертегідей ертеңім» атты кітаптары жарық көрген. Шығармалары тәжік, қырғыз, белорус, якут, татар, башқұрт, чех, орыс, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, корей тілдеріне аударылған. Орыс тілінде 1984 жылы «Водоворот», 1988 жылы «Белая птица» атты кітаптары шыққан. Оннан астам драмалық шығармалары Қазақстандағы және шет елдердегі театрларда қойылған. Бірқатар жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Бірнеше медальмен марапатталған.
63 жыл бұрын (1951) тарих ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің оқу-методиалық бөлімінің бастығы, Теоретикалық-қолданбалы саясаттану және әлеуметтану кафедрасының профессоры ОРЫМБАЕВ Сәкен Тиесұлы дүниеге келді.
Қызылорда қаласында туған. Евней Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасын, Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті академиясының докторантурасын бітірген.
1977-1979 жылдары - Қарағанды мемлекеттік университеті комсомол комитетінің хатшысының орынбасары, хатшысы. 1979-1986 жылдары - М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспиранты, стажер-зерттеушісі. 1986-1993 жылдары - КСРО ІІМ Қарағанды Жоғары мектебінің, Қазақ КСР ІІМ Алматы Жоғары мектебінің оқытушысы. 1993-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Әскери институтының кафедра бастығы. 1998-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті академиясының бөлім бастығы. 1999-2001жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің инспекциясында, кадрлар департаментінде лауазымды қызметтер атқарды. 2001-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті академиясының докторанты. 2003-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Әскери институты бастығының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, доценті, Тарих факультетінің ғылым ісі жөніндегі деканның орынбасары, деканы қызметтерін атқарған.
Қазіргі уақытта Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті Теоретикалық-қолданбалы саясаттану және әлеуметтану кафедрасының профессоры қызметі атқаруда. 60-тан астам ғылыми жарияланымдар мен монографиялардың авторы. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «За заслуги в развитии науки и техники» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.
61 жыл бұрын (1953) Еуразия гуманитарлық институтының оқу және ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, тарих ғылымының докторы, профессор АХМЕТОВ Қадыр Әбіржанұлы дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Целиноград инженерлік-құрылыс институтының оқытушысы, аға оқытушысы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті, тарих факультетінің деканы болған. 1999-2003 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға ғылыми қызметкері, тарих кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2004 жылдан бастап істейді. 70-тан астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 1 оқулық пен 1 монографияның авторы. Ғалымның жетекшілігімен 2 ғылым кандидаты диссертация қорғаған.
53 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары БЕЙСЕНБАЕВ Асқар Асанұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында туған. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын (М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті Технологиялар және ақпараттық жүйелер институты), Ресей-Қазақстан Қазіргі заманғы Гуманитарлық университетін бітірген. 1983-1988 жылдары - Түлкібас консерві зауытының ауысым инженер-технологы, «Ленин жолы» кеңшарының консерві цехының бас технологы, бастығы, ЛКЖО Сайрам аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы. 1988-1994 жылдары - Түлкібас консерві зауытының бас инженері, директоры, Түлкібас нантағамдары комбинатының директоры. 1994-1998 жылдары - президент АО «Көктерек» акционерлік қоғамының президенті. 1998-2001 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 2001-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің екінші шақырылымының депутаты. 2004-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің үшінші шақырылымының депутаты -Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті жанындағы «Отбасы» депутаттық тобының мүшесі,Қазақстан Республикасы Парламенті жанындағы «Ауыл» депутаттық тобының мүшесі. 2007-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төртінші шақырылымының депутаты - Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі болған.
«Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған.
4 9 жыл бұрын (1965) Венгриядағы Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі, ҚР-нвың Сербия Республикасындағы, бұрынғы Югослав Республикасының Македониясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы РҮСТЕМОВ Нұрбах Тұрарұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында туған.
Алматы шетел тілдері институтын, БЛКЖО ОК жанындағы Жоғары комсомол мектебін, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің Дипломатиялық академиясын, Қазақстан-Ресей университетін бітірген.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің IV-шақырылым депутаты. Қазақстан Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды. 2009-2010 жылдары Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі. 2010-2013 жылдары - ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі. «Құрмет», «Достастық» (ТМД ПАА) ордендерімен, мерекелік медальдармен марапатталған.
46 жыл бұрын (1968) Қарағанды облысы Абай ауданының әкімі ЕЛЖАСОВ Алтай Аралбайұлы дүниеге келді.
ҚазКСР-да туған. Білімі жоғары, 2010 жылы Көкше академиясын оқып бітірген. Мамандығы бойынша алған білімі финанс бакалавры. 2012 жылы Б.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заңгері мамандығын алды. Еңбек жолын 1986 жылы Целинная темір жол жүйесінен бастады. 1992-2009 жылдары «Астана Строй Транс» ЖСШ бас директорының орынбасары қызметінде болды. 2009-2012 жылдары «Қарағанды Су» ЖСШ бас директорының бірінші орынбасары қызметін апқарып, кейін Қарағанды қаласы әкім орынбасарының міндетін атқарушысы, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары болып қызмет етті. Алтай Аралбайұлы «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойларына арналған медальдармен, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталған.
128 жыл бұрын (1886-1959) колумбиялық дипломат және президент Альфонсо Лопес ПУМАРЕХО дүниеге келді.
103 жыл бұрын (1911-1996) бүкіл әлемге Ванга есімімен таныс атақты болгар көріпкелі Вангелия ДИМИТРОВА дүниеге келді.
90 жыл бұрын (1924-1994) грузин және кеңес кинорежиссері, Грузия халық әртісі АБУЛАДЗЕ Тенгиз Евгеньевич дүниеге келді.
76 жыл бұрын (1938) Нидерландының 1980 жылдан тақты ұлына 2013 жылғы 30 сәуірде бергенге дейінгі Патшайымы Беатрикс Вильгельмина АРМГАРД дүниеге келді.
149 жыл бұрын (1865-1929) орыс көпесі, меценат, әдеби-театр мұражайын құрушы БАХРУШИН Алексей Александрович дүниеге келді.
112 жыл бұрын (1902-1986) швед дипломаты, саясаткер, жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты Альва МЮРДАЛЬ дүниеге келді.