31 ШІЛДЕ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 31 шілде. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 31 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

31 шілде, СЕЙСЕНБІ

Африка әйелдерінің күні. 1962 жылы Бүкілафрикалық әйелдер конференциясының ұйымдастыруымен бекітілген.

Гавайи туының күні. Гавайи туын монарх ойлап тапқан. 1816 жылы Ұлы Камеамеа патшасы ұлттық байрақтың дизайнын ұсынды. Горизонтальды түрде кезек-кезегімен орналасқан - ақ, қызыл және көк сызықтар штаттың негізгі сегіз аралын білдіреді. Олар - Оаху, Мауи, Ланаи, Кауаи, Кахоолаве, Молокаи, Ниихау және Үлкен арал.

1990 жылы Гавайи губернаторы ІІІ Джон Вайхее 31 шілдені Гавайи туының күні деп жариялады.

 

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

36 жыл бұрын (1976) Орал қаласында облыстық ғылыми-техникалық кітапхана ашылды. Онда ғылым мен техниканың әр түрлі саласынан, сондай-ақ өндірістік  және әлеуметтік-экономикалық әдебиеттер жинақталған. Кітапханадағы кітап қоры шамамен 815 000 дана.

26 жыл бұрын (1986) КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының Жарлығымен қазақстандық интернационалист-жауынгер Шахворостов Андрей Евгеньевичке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

83 жыл бұрын (1929) белгілі ғалым-астроном Николай Степанович Черных сансыз жұлдыздардың арасынан белгісіз № 2402-ші ғаламшарды ашып, оны ғұлама-ғалым Қаныш Сәтбаев есімімен атады. Шағын ғаламшар Жерге әрбір 5 жылда жақын келеді.

20 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Молдова арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

58 жыл бұрын (1954) итальяндық альпинисттер Ахилл Компаньони мен Лино Лачеделли әлемдегі 2-ші биік шың - Чогориді (8611 м) бағындырды.

48 жыл бұрын (1964) американдық «Рейнджер-7» ғарыш кемесі алғаш рет Жерге Айдың үлкен көлемдегі түрлі-түсті суретін жіберді.

7 жыл бұрын (2005) «Қазпошта» АҚ «Сәулет» сериясынан Бейбітшілік және Келісім сарайы бейнеленген жаңа пошталық маркасын айналымға енгізді.

Бейбітшілік және Келісім Сарайы Қазақстан халықтарының конфессия аралық келісімдерін нығайтады. Оның құрылысы туралы шешiм 2003 жылы Әлемдік дәстүрлі діндер съезінде қабылданған болатын. Ғимарат Есіл өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан.

Марканың тиражы - 50000 дана.

5 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Талдықорған қаласындағы «Гранита плюс» ЖШС-ның керамикалық-граниттік тақта өндіретін зауыттын іске қосты. Құны 6 млн. евролық итальяндық «Сакми» фирмасы жабдықтаған кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 2 млн. шаршы метр керамикалық-граниттік тақтаны құрайды.

3 жыл бұрын (2009) Павлодар облысының Екібастұз қаласына қарасты Өлеңті ауылдық округының Тай ауылында Сұлтан қожа атындағы жаңа мешіт ашылды.

500-ге тарта адам сиятын ғимарат қызыл кірпіштен күміс күмбезден салынған.

514 жыл бұрын (1498) Колумбтың төртінші экспедициясы Тринидад аралын ашты.

292 жыл бұрын (1720) І Петр Финляндия жағалауына саяхатқа шықты.

222 жыл бұрын (1790) АҚШ-қа алғашқы патент берілді.

105 жыл бұрын (1907) Кубада дуэльдерге тыйым салынды.

88 жыл бұрын (1924) польша үкіметі Шығыс Галицияның мемлекеттік мекемелерінде украин тілін пайдалануға тыйым салды.

51 жыл бұрын (1961) Израильге миллионыншы иммигрант келді.

47 жыл бұрын (1965) Ұлыбританияда телеарналарда темекінің жарнамасына тыйым салынды.

40 жыл бұрын (1972) Канада үкіметі марихуананы пайдаланғаны үшін түрмеге отырғызу жазасын айыппұлмен алмастыру шешімін қабылдады.

16 жыл бұрын Нью-Йорктың федералды соты Интернетте сөз бостандығын шектейтін заңнамалық акті алып тастады.

 

 ЕСІМДЕР

64 жыл бұрын (1948) техника ғылымының кандидаты, профессор ДӘУКЕЕВ Ғұмарбек Жүсіпбекұлы дүниеге келді.

Семей қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын және аспирантурасын бітірген. Алматы энергетика институтының аға оқытушысы, кәсіподақ комитетінің төрағасы, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарған. 1989-1994 жылдары - Алматы энергетика институты партия комитетінің хатшысы, проректоры. 1994-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ғылым және техника жөніндегі жоғарғы кеңестің аппарат жетекшісі - жауапты хатшысы. 1996-1997 жылдары - Қазақ ұлттық техникалық университеті энергетика және телекоммуникациялар оқу-ғылыми кешенінің директоры. 1997 жылдан бастап Алматы энергетика және байланыс институтының ректоры болып істейді. 50-ден астам ғылыми еңбектің және 5 авторлық куәлік пен патенттің авторы.

158 жыл бұрын (1854-1932) американдық бизнесмен әрі өнертапқыш, Eastman Kodak компаниясының негізін қалаушы ИСТМЕН Джордж дүниеге келді.

Американың Уотервилл қаласында туған. Дж.Истмен 24 жасында Санто-Домингоға барып демалып, қаланың барлық әсем жерін фотопленкаға түсіріп алмақ болады. Бірақ сатып алған фотоаппараты тым үлкен әрі ебедейсіз болып,  алып жүруге қолайсыздық тудырады. Осы кезден ол аталған қиын үдерісті жеңілдету жолдарын ойластыра бастады.

1879 жылы  Истмен құрғақ бромды-желатинді фотографиялық пластинка дайындайтын машина құрастырып, бір жылдан кейін алғашқы өнімін шығарады. 1881 жылы «Истменнің құрғақ пластинка компаниясы» тіркелді. 1883 жылы оның фирмасы барлық фотоаппаратқа сәйкес келетін орамды пленка шығара бастады. 1888 жылы жаз айында Kodak маркасымен алғашқы фотоаппарт шығарылды. Бастапқы құны 25 долларды құрады. 1888 жылы қыркүйектің 4-інде Kodak тауар белгісі ретінде тіркелді. 1889 жылы Eastman Company концерні құрылды. 1901 жылы компания Нью-Джерси штатында Eastman Kodak Company of New Jersey атауымен тіркелді, ол қазір де осы атауымен қызмет жасайды.

68 жыл бұрын (1944) американдық киноактриса, Чарли Чаплиннің қызы ЧАПЛИН Джералдин дүниеге келді.

Ол 8 жасынан киноға түсе бастаған. Ең алғаш сомдаған бейнесі - «Доктор Живаго» атты  фильмдегі басты кейіпкердің әйелі. Оның Андрон Михалков-Кончаловскийдің «Одиссей» фильміндегі бейнесі елге танымал қылды. Өз әкесі туралы Р.Аттенборо түсірген «Чаплин» атты кинобиографияда әжесінің бейнесін сомдауы Джералдин өміріндегі ұлы оқиға болды.

92 жыл бұрын (1920-1944) Кеңес Одағының Батыры СУХАМБАЕВ Ағаділ дүниеге келді.

Жамбыл облысының Байзақ ауданында туған. 1939 жылы «Диқан» орта мектебін бітірген.

Туған ауылы «Қарасуда» тракторшы болып жұмыс істеген. 1940 жылғы қазанда Қызыл Армия қатарына шақырылған. Әскери борышын Томск қаласында өтеп жүрген жерінен соғысқа аттанған. 31-Армияның 628-Қызыл Тулы атқыштар полкі құрамында неміс басқыншыларына қарсы соғысып, автоматшылар бөлімшесінің командирі болған. 1944 жылы шілде айында поляк деревнясын азат ету үшін болған ұрыста Александр Матросов ерлігін қайталап, дзоттың ауызын кеудесімен жапқан. Батырдың сүйегі Литва Республикасының Друскиненкай қаласында жерленген.

КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1944 жылғы наурыздың 24-де оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

2005 жылы Тараз қаласында оған ескерткіш орнатылған. Авторы - мүсінші Сейіткерім Момыш, сәулетшісі - Рүстем Бодаубеков. Ескерткіш қалалық әскери комиссариаты ғимаратының алдында, Абай мен Қонаев көшелерінің қиылысына орнатылған.

57 жыл бұрын (1955) журналист, әдеби сыншы, «Central Asia Monitor» газетінің бас редакторы ҒАБДУЛЛИН Бигелді Қайырдосұлы дүниеге келді.

Ақмола облысының Макин ауданында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

«Ленинская смена» газетінің әдеби бірлестігінде жетекші, «Казахстанская правда» газетінде тілші, Қазақстан Жазушылар одағы насихаттау бюро директорының орынбасары, «Жібек жолы» халықаралық қоры бас директорының орынбасары, «Таң» телекомпаниясының бас редакторы, «Новое поколение» газетінің бас редакторы, «Биік Ел» ЖШС-ның бас директоры, «XXI век» газетінің бас редакторы, Вашингтон қаласында Languages «Institute Inlingua» оқытушы, «Азаттық» радиосында тілші қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2004 жылдың желтоқсанынан.

300-ден астам жарияланған жұмыстардың авторы. Орыс тіліне Қ.Жұмаділовтың «Земля отцов», Х.Рахимованың «Сеңгірдің құпиясы», Т.Жұртбаеваның «Каллеки» романдарын тәржімалаған.

106 жыл бұрын (1906-1977) жазушы, аудармашы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ШУХОВ Иван дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. Петропавл педагогика техникумын, Омбы жұмысшылар факультетін, Мәскеудегі Әдебиет институтын бітірген. 1928-1934 жылдары «Рабочий путь» (Омбы), «Красная Башкирия» (Уфа), «Волжская коммуна» (Самара), «Советская Сибирь» (Новосибирск), «Сельскохозяйственный работник» (Мәскеу) газеттерінде әдеби қызметкер болып істеген. 1934-1937 жылдары Солтүстік Қазақстан облысындағы Пресновка аудандық «Ударник» газетінің редакторы болған.

Шығармалары 1926 жылдан жариялана бастады. «Өшпенділік» романында әлеуметтік, саяси-экономикалық, адамгершілік мәселелері көтеріліп, орыстар мен қазақтардың жаңа заман орнату жолындағы еңбегі, достығы баяндалады. «Қасірет белдеуі» романы қазақ, орыс халықтарының Қазан төңкерісіне келу жолдарын суреттеуге арналған.

Иван Шухов шығармашылығына Максим Горький зор баға берген, жазушының қазақтар өмірі тым қатал әрі нанымды етіп суреттелгеніне баса назар аударған. Солтүстік Қазақстандағы коллективтендіру тақырыбы «Отан» романында жалғасын тапқан. «Майдандағы армия» романында көтерілген тарихи оқиғалар Бірінші дүниежүзілік соғыспен, Қазан төңкерісі, Азамат соғысы жылдары «Алтын алқап» кітабы, «Американың күндері мен түндері», «Югославия күнделігі», т.б. очерктер жинағы, «Туған ел және жат жер» атты прозалық топтамасы, «Пресновка әсерлері» атты өмірбаяндық повестер шоғырының алғашқы бөлімі, «Қазақстан желі өтінде» очерктер жинағы жарық көрді. Көркем аударма саласында жемісті еңбек етіп, Сәбит Мұқановтың «Ботагөз», «Өмір мектебі» романдарын, Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің, Ғабиден Мұстафиннің, Әлжаппар Әбішевтің бірқатар шығармаларын орыс тіліне аударған.

«Халықтар достығы» орденімен, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған. Алматы қаласындағы бір көше, мектеп, Петропавл қаласындағы бір көше мен орталық қалалық кітапхана, Преснов стансасындағы мектеп жазушының есімімен аталады. Жазушының туған жерінде әдеби-мемориалдық мұражай үйі ашылған.

56 жыл бұрын (1956) «ҚазАгро» Ұлттық басқару холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, экономика ғылымының кандидаты, заңгер, «Еуразия» Халықаралық экономика академиясының корреспондент мүшесі МУСИНА Лейла Сәкенқызы дүниеге келді.

Павлодар қаласында туған. Мәскеу экономика-статистика институтын, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын бітірген. 1978-1980 жылдары - Павлодар облыстық қаржы басқармасының экономисі. 1980-1982 жылдары - Еңбек ғылыми-зерттеу институтының Қазақ филиалы бөлімінің аға экономисі. 1982-1988 жылдары - Павлодар облыстық атқару комитетінің аға маманы, бөлім бастығының орынбасары, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы. 1991-1993 жылдары - Павлодар облыстық экономика басқармасының бөлім бастығы. 1993-1995 жылдары - «Октябрь» зауыты» АҚ-ының вице-президенті. 1995-1997 жылдары - Павлодар облыстық экономика басқармасы бастығының орынбасары. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Аймақтық даму және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі комитетінің мүшесі. 1999 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1999-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі. 2007 жылдың ақпанынан - «Қазагро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры, басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Астана» мерекелік медальдарымен марапатталған.

46 жыл бұрын (1966) Алматы облысының әкімі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты МҰСАХАНОВ Аңсар Тұрсынханұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Алматы мал дәрігерлік институтын, Қазақ ұлттық аграрлық университетін бітірген, мамандығы бойынша - мал дәрігері, мемлекеттік және жергілікті басқару менеджері. Еңбек жолын Күрті ауданындағы «Құйған» совхозында жұмысшы болып бастады. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін әр жылдары «КСРО-ның 60 жылдығы» атындағы кеңшарда мал дәрігері, Күрті ауданының бас мал дәрігері, Жамбыл ауданы Ұзынағаш станциясы мал учаскесінің меңгерушісі, Теміржол ауылдық округінің әкімі, Ақсеңгір тәжірибелік шаруашылығының директоры, «Қазыбек бек» ЖШС директоры болып жұмыс істеді. Алматы облысының мемлекеттік басқару органдарында басшы лауазымдарда қызмет атқарды. 2003-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Қарасай аудандық аумақтық басқармасының бастығы. 2005-2006 жылдары - Іле ауданы әкімінің орынбасары. 2006-2009 жылдары - Жамбыл және Қарасай аудандарының әкімі. 2009-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы. 2010-2011 жылдары - Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2011 жылдың сәуір айынан - қазіргі қызметінде істейді.

Екі медальмен марапатталған.

61 жыл бұрын (1951) Қарағанды облысы Теміртау қалалық сотының төрағасы МАРДАНОВ Асқар Сейітқазыұлы дүниеге келді.

 1981 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін аяқтаған.
Еңбек жолы:
1971 жылдың мамырынан 1973 жылдың мамыры аралығында Совет Армиясы қатарында әскери міндетін атқарды. 1981 жылдың тамызынан 1982 жылдың қаңтары аралығында-  халықтық судья тәлімгері, ал соңынан Семей облысы Мақаншы ауданының халықтық судьясы болып тағайындалды. 1987  жылдың маусымынан -  Семей облысы Жаңасемей аудандық халықтық сотының халықтық судьясы. 1989 жылдың мамырынан - Семей облыстық сотының мүшесі. 1992 жылдың шілдесінен - Семей облыстық халықтық депутаттар советінің мемлекеттік- құқықтық сұрақтары бойынша кеңесшісі. 1993 жылдың наурызынан 1994 жылдың сәуірі аралығында -  Семей облысы әділет басқармасы бастығының бірінші орынбасары. 1994 жылдың сәуірінен - Қарағанды облыстық соты төрағасының орынбасары, 1995 жылдың қарашасынан - Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының төрағасы. 1996 жылдың қаңтарында Қарағанды облыстық сотының шаруашылық істер бойынша сот алқасының төрағасы болып тағайындалды. 2002 жылдың наурызынан - Қарағанды қаласы Қазыбекби ауданы №2 аудандық сотының төрағасы.   
Қазақстан Республикасының  28.11.2008 жылғы Жарлығымен Теміртау қалалық сотының төрағасы лауазымына тағайындалды.

 «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.

64 жыл бұрын (1948) Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры ДӘУКЕЕВ Ғұмарбек дүниеге келді.

55 жыл бұрын (1957) «Бәйтерек» журналының бас редакторы РАХМЕТОВА Гүлнәр дүниеге келді.

35 жыл бұрын (1977) «Назарбаев Университеті» АҚ Білім беру саясаты орталығының директоры САҒЫНТАЕВА Аида дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар