36 сағаттық ауа райы болжамын компьютер 3,5 сағатта есептеп шығады — маман

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда ауа райы болжамының дәлдігін арттыру мақсатында қуаттылығы жоғары суперкомпьютерлер қолданысқа енді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен қолға алынған бұл жоба төтенше жағдайлардың алдын алуға және экономикалық шығындарды азайтуға септігін тигізбек. Жаңа технологияның жұмыс істеу принципі мен метеорологиядағы маңызы туралы ЭТРМ сандық әдістер және деректерді өңдеуді автоматтандыру басқармасының жетекші инженері Ербұлан Серікжан түсіндіріп берді. 

36 сағаттық ауа райы болжамын компьютер 3,5 сағатта есептеп шығады — маман
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Бүгінде көпшілік ауа райын түрлі сайттар мен қосымшалардан қарағанымен, олардың дәлдігі әрдайым көңілден шыға бермейді. Маманның айтуынша, суперкомпьютер осы олқылықтың орнын толтырып, болжам сапасын жаңа деңгейге көтермек.

— Суперкомпьютер — қарапайым тілмен айтқанда, есептеу қуаты өте жоғары машина. Ол ауа райын өлшеу, жел жылдамдығы мен бағытын есептеу сияқты күрделі математикалық амалдарды орындайды. Біз қазір 2 шақырымдық ажыратымдылықпен жұмыс істеп жатырмыз. Теория жүзінде бұл болжам сапасын 5 есеге дейін жақсартуы тиіс. Қазіргі модельдеріміздің дәлдігі 80 пайыздан асады деген сенімдеміз, — дейді маман Jibek Joly телеарнасының Bugin LIVE бағдарламасында.

Еркебұлан Серікжан
Фото: видеодан алынған скрин

Бұл технологияның уақытты үнемдеуге көмектеседі. Бұрын сағаттап, тіпті күндер бойы өңделетін деректер енді санаулы уақытта дайын болады. Бұл әсіресе экстремалды ауа райы құбылыстары кезінде аса маңызды.

— Біз қазір 36 сағаттық алдағы уақытқа болжам жасауды бастадық. Біздің компьютер бұл көлемдегі деректерді 3 жарым сағаттық циклде есептеп шығады. Алдағы уақытта болжам мерзімін бір аптаға, тіпті бір айға дейін ұзартуды жоспарлап отырмыз. Су тасқыны, боран, экстремалды температура сияқты құбылыстарды алдын ала білу ауыл шаруашылығы мен жалпы ел экономикасына тікелей оң әсерін тигізеді, — деп атап өтті Ербұлан Серікжан.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Қазгидромет» РМК Қазақстан Республикасының аумағы үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Суперкомпьютерлік орталығының есептеу ресурстарында кеңістіктік ажыратымдылығы 2 км болатын Weather Research and Forecasting (WRF) сандық ауа райын болжау моделін іске қосқанын жазған едік.