37.8 млн. теңгелік «Ержан Тәтішев қоры» биыл 11 стипендиятқа берілді
АЛМАТЫ. Тамыздың 28-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - «Ержан Тәтішев қоры» 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламалар бойынша білім гранттарының жеңімпаздарын марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ержан Тәтішевтің қайырымдылық қорының биылғы байқауы қаңтардың 20-сы күні жарияланған болатын. Үміткерлердің өтініштері 31-ші наурызға дейін қабылданды. Жалпы 3 кезеңнен тұратын қабылдау сынақтарының нәтижесінде 11 стипендиат анықталды. Биылғы жылы «Ержан Тәтішев қорының» білім гранттарының бюджеті 37.8 млн. теңгені құрап отыр.
«Семейде 11 сыныпты бітірер кезде ЖОО-ға түсу мүмкіндіктерін қарастыра бастадым. Іздену барысында осы Тәтішев қоры мені қызықтырды. Қажетті құжаттарды тапсырып, сынақтардан жақсы өттім. Менің таңдауым - Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты. Бұл ЖОО менің болашақта жақсы, халықаралық деңгейдегі экономист болуыма көмектеседі деп ойлаймын», дейді стипендиат Аслан Әділбеков.«Ержан Тәтішев қорынан» 2010 жылы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары үшін 28 176 282 теңгелік 5 білім гранты және мүгедек жастар үшін 5 960 130 теңгелік 6 грант бөлінген.
Бакалавр дәрежесінде оқу бағдарламасы бойынша білім гранттарын жеңіп алған стипендиаттар Қормен әріптестік байланыс орнатқан Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты, Халықаралық Бизнес Университеті және Халықаралық бизнес академияларында білім алады. Қор бакалавр дәрежесіндегі студенттерді толық оқу ақысымен, айлық стипендиямен және жатақхана ақысымен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, сырттан келгендер үшін жылына бір рет жол ақысы беріледі.