37 өткізу пункті жаңғыртылып, шекарадан өту уақыты қысқарады
АСТАНА. KAZINFORM – Автомобиль инфрақұрылымын дамыту мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі болып қала береді. 2026 жылы жол жұмыстарының барлық түрлерімен шамамен 11 мың шақырым қамтылды, оның ішінде 3,4 мың шақырымда құрылыс жұмыстары жүрсе, 5 мың шақырымға жуық республикалық жолдарға және 2,4 мың шақырым жергілікті маңызы бар жолдарға жөндеу жүргізілді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Солардың ішінде ірі жобалар – «Ақтөбе – Қызылорда», «Бейнеу – Сексеуіл», «Сарыағаш стансасын айналып өту», «Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы», «Орталық – Батыс» және «Қарағанды – Жезқазған» трассалары.
«Бейнеу – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Қызылорда – Сексеуіл» жобалары да ерекше маңызға ие, олардың құрылысына осы жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасының Президенті бастау берді. Үш магистральдың жалпы ұзындығы 1 574 шақырымды құрайды, құрылысты 2029 жылға дейін аяқтау көзделген.
Дәл осы жобалар Қазақстан аумағы арқылы Қытай – Еуропа бағыты бойынша жүктерді жеткізу мерзімін іс жүзінде үштен біріне қысқартуға, транзит уақытын үш тәулікке дейін азайтуға мүмкіндік береді, бұл Мемлекет басшысының негізгі халықаралық көлік дәліздерін дамыту жөніндегі тапсырмаларымен тікелей ұштасып отыр.
Сонымен қатар қолданыстағы жол желілерінің сапасы да артып келеді. Жыл соңына дейін нормативтік жағдайдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 95%-ға, жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 92%-ға жетпек.
Ақылы автомобиль жолдары желісін дамыту жалғасуда, олардың ұзындығы 2026 жылдың соңына дейін 6,3 мың шақырымнан 6,7 мың шақырымға дейін ұлғаяды.
Автомобиль өткізу пункттерін жаңғыртуға үлкен көңіл бөлінуде. ЕАЭО-ның ішкі шекарасындағы қолданыстағы 39 пункттің 37-сінде реконструкция жүргізілуде, бұл олардың өткізу қабілетін айтарлықтай арттырып, мемлекеттік шекарадан өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
5 мың шақырым теміржол, 33 млн тонна транзит және 124 вокзалды реконструкциялау
Теміржол инфрақұрылымын дәйекті дамыту еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтудың негізгі факторларының бірі болып табылады.
Соңғы бес жылда 5 мың шақырымға жуық теміржол жолы салынды және жаңғыртылды – бұл шамамен алдыңғы үш онжылдықтағыдан екі есеге көп. Транзиттік тасымал көлемі 33 млн тоннаға жетті, ал саланың кірісі 3 трлн теңгеден асты.
«Достық – Мойынты» және «Алматы стансасының айналма теміржол желісі» жобалары аяқталғаннан кейін Дарбаза – Мақтаарал, Мойынты – Қызылжар, Аягөз – Бақты жаңа желілерінің құрылысы, сондай-ақ қолданыстағы желіні жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы үш жыл ішінде тағы 2,2 мың шақырым теміржол жолын салу және жаңғырту қарастырылуда.
Локомотив және вагон паркін жаңартуға ерекше көңіл бөлінуде. Отандық Alstom және Wabtec кәсіпорындарымен ынтымақтастықтың арқасында биыл тамыз айында 200-ші және 700-ші мерейтойлық локомотивтер шығарылды.
Заманауи қауіпсіздік жүйелері, бейнебақылау, биодәретханалар және қолжетімді интернетпен жабдықталған жолаушылар вагондарын жаңарту жалғасып жатыр. 2026 жылы 191 жаңа жолаушылар вагонын жеткізу жоспарлануда.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 124 теміржол вокзалын реконструкциялау бойынша ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде 100 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, бұл жолаушыларға қызмет көрсету сапасын айтарлықтай арттырмақ.
Айта кетелік Қазақстан авиациялық хабтарды дамытып жатыр.