№38 мектеп-лицейде «Сыңғырла, күміс қоңырау» атты салтанатты шара болып өтті - Астана

Бұл рәсім Мемлекеттік Әнұранның шырқалуымен басталды.
Мектеп-лицейдің директоры Жамал Базарқұлқызы Қасымбек өз сөзінде бүгінгі алғашқы қоңырау салтанаты осы білім ордасының 15 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырғанын айтты. «1999 жылы 1 қыркүйек күні Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келіп, мектепті ашу салтанатына қатысқаны әлі күнге дейін көз алдымызда. Мектеп табалдырығын алғаш аттағалы тұрған балдырғандарды көріп, Елбасы «Осы балалардың бәрі де бірінші сыныпқа бара ма?» деп сұраған болатын. Мемлекет басшысы оқушыларға өз тілегін білдіріп, Қазақ елінің болашағы балалар екенін, мемлекетіміз дамуы үшін олардың жақсы білім алуы тиіс екенін айтқаны да есімізде. 15 жылдың ішінде мектебіміз білім беру саласында үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Республикадағы үздік мектеп атанды. Биылғы түлектеріміздің түгелге жуығы мемлекеттік грантқа ие болып, жоғары оқу орындарына түсті. Ал жаңа оқу жылында 250-ге жуық бала мектеп табалдырығын аттағалы тұр. Бәрінің де оқуда алда болуын, биік белестерді бағындыруын тілеймін»,- деді ол.
Келесі кезекті білім ордасының құрметті қонағы болып осы шараға қатысқан ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Амандық Төлешов сөз алды. Ол бүгін еліміздің барлық мектебінде алғашқы қоңырау соғылып, балдырғандар білім ұяларына барып жатқанын айта келіп, мектеп-лицейдің ұжымына, оқушыларға ізгі тілегін жеткізді.
Салтанатты шарада ұстаз бен білім ұясына арналған әндер шырқалды.