3,8 мыңнан астам медицина қызметкері смарт-бейнежетон тағады
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл соңына дейін 3,8 мыңнан астам медицина қызметкері мен 2,1 мың жедел жәрдем бригадасы смарт-бейнежетондармен жабдықталады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
— Қазақстанда медицина қызметкерлерін қорғау және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, полициямен шұғыл байланыс орнатуға арналған смарт-бейнежетондар мен SOS батырмалары, вакциналардың сақталу жағдайын бақылауға арналған «Суық тізбек» жүйесі, сондай-ақ ауылдық жерлердегі 655 медициналық ұйым мен ҚАЖ жүйесінің 72 мекемесінде орнатылған телемедициналық кешендер қолданысқа енгізілді, — делінген хабарламада.
«Қазақтелеком» өкілі Бахтияр Қожахметовтың айтуынша, жыл соңына дейін 2,1 мың жедел жәрдем бригадасы мен 3,8 мыңнан астам қызметкерді бейнежетондармен қамту жоспарланып отыр. Ал телемедицина қашықтан 24-ке дейін зерттеу түрін жүргізуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Көкшетауда фельдшерді балағаттағандар 10 тәулікке дейін қамауға алынғанын жазғанбыз.