385 млрд теңгелік жоба: екі рет виза ала алмаған қытайлық инвесторға прокуратура көмектесті

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында құны 385 млрд теңге болатын инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатқан қытайлық компания бас директоры инвесторлық визаны екі рет ала алмаған. Бұл туралы Прокуратура мәлім етті.

385 млрд теңгелік жоба: екі рет виза ала алмаған қытайлық инвесторға прокуратура көмектесті
Фото: Kazinform\ЖИ

Қытайлық Dalian Hesheng Holdings компаниясы Ақмола облысында «Азия Алтын Дан» ЖШС-мен бірлесіп, құны 385 млрд теңге болатын ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр.

— Жоба аясында шамамен 800 жұмыс орнын құру көзделген. Алайда шетелдік компанияның бас директорының Қазақстанда жұмыс істеуіне қажетті инвесторлық визаны рәсімдеу туралы өтініші екі рет құпталмаған.Осыған байланысты инвестор Ақмола облысының прокуратурасына жүгінген, — делінген хабарламада.

Прокуратура уәкілетті мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізіп, мәселені реттеуге ықпал етті. Нәтижесінде Dalian Hesheng Holdings компаниясының бас директоры үшін инвесторлық виза рәсімделді.

Енді компания басшысы Қазақстанда болып, зауыт құрылысы мен инвестициялық жобаның іске асырылу барысын жеке өзі бақылай алады. Инвесторлық визаның рәсімделуі компания басшысына жобаны жүзеге асыруға тікелей қатысуға, зауыт құрылысын бақылауға және туындайтын мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.

Ақмола облысының прокуратурасы инвесторлардың құқығын қорғау және инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіруі мүмкін әкімшілік тосқауылдардың алдын алу бағытындағы жұмысты жалғастыра бермек.

Бұған дейін Қызылордада кәсіпкердің қызметіне заңсыз араласқан СЭС басшысы жазаланғанын жазған едік.