4 ақпан - Бүкіләлемдік рак ауруына қарсы күрес күні

АЛМАТЫ. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Рационды тамақ, темекі шегуден бас тарту, салауатты, белсенді өмір салтын сақтау шаралары қатерлі ісіктің 40 пайызын болдырмауға әкеледі.

4 ақпан - Бүкіләлемдік рак ауруына қарсы күрес күні

Бұл жайында Алматы қаласы ның Денсаулық сақтау басқармасының қызметкері Роза Қуанышбаева бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда соңғы жылдары 28-30 мыңдай адам қатерлі ісік бойынша есепте отырса, оның үштен бір бөлігі жыл сайын көз жұмады екен. Темекі шегу қазіргі таңда қатерлі ісіктің өсу қаупінің себептері мен факторларына әсер ететін басты орын алуда. Сонымен қатар, сүт безі және ас қорыту органдарының қатерлі ісіктері көптеп кездеседі.

Р.Қуанышбаеваның айтуынша, қазіргі заманғы диагностика мен емдеудің әдістері, мемлекетпен кепілденген мамандандырылған және сапалы дәрігерлік жәрдемді әрбір қазақстандыққа қол жетерліктей ету керек. «4-ақпан күні қаламыздың бүкіл емханаларында алматылықтар үшін ашық есік күні өтеді. Мұнда олар онколог-дәрігерлерден, басқа да мамандардан кеңес ала алады. Өйткені, ракты неғұрлым ерте анықтасақ, соғұрлым оны жеңу мүмкіндіктері де артады. Маммография диагностикасы - қауіпсіз зерттеу екенін халыққа жеткізуіміз керек. Сүт безі ісігі ерте кезеңдерде анықталатын болса, ол емделуге келетін ауру түрі. Бұл үшін халыққа скрингтік бағдарламаларын енгізу жолымен ерте диагностика үрдісін жөніне келтіру керек», дейді Роза Қуанышбаева.

«Здоровая Азия» қоғамдық қоры ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірігіп, «Нұр Отан» ХДП-ның әлеуметтік кеңес фракциясы және LG Electronikcs Almaty Kazakhstan компаниясының қолдауымен 5 жыл бойы «Әйел денсаулығы - ұлт денсаулығы» деген атпен кең ауқымды скрининг бағдарламасын жүзеге асырып келеді. «Жалпы, бұл бағдарлама барысында 2009 жылдың наурызынан бастап қазанға дейінгі уақытта 17 399 әйел тексерілді. Оның ішінде 7834-і сүт безінің түрлі патологиясына ұшырағандар, ал 1405-і рак алды аурулар, олар қосымша тексеруді талап етті», дейді «Здоровая Азия» қоғамдық қорының президенті Нағима Плохих. Сондай-ақ ол 2010 жылда «Мен сенімен: Хоспис - балалар үшін» қозғалысын ұйымдастыруды көздеп отырғандығын жеткізді. «Біздің емделушілердің ең панасыз тобы - емделуге келмейтін онкоауруларымен ауыратын балалар. Оларға біздің көмегіміз, жәрдеміміз, махаббатымыз керек. Ендеше Қазақстанда бірінші балалар хосписі ашылу қажет екені сөзсіз, және ілкі жоба сияқты ол біріншіден Алматыда, содан республикамыздың басқа да қалаларында ашылса жақсы болар еді», дейді Н.Плохих.