4 ай ішінде 33 адам суға кетті - ТЖМ

АСТАНА. 15 мамыр. ҚазАқпарат - Төтенше жағдайлардың құтқару қызметі суда орын алатын апаттарға, оқыс оқиғаларға байланысты жедел көмек көрсету үшін ұдайы жауынгерлік дайындықта тұр.
None
None

Алайда жүргізіліп жатқан шараларға қарамастан 2012 жылдың 4 айы ішінде республика аумағында 363 адам судағы оқыс оқиғаларға тап болып, 330 адам құтқарылды. 33 адам суға кетіп, қаза болды. Оның ішінде 5 бала бар.   Бұл туралы бүгін аталған ведомствода өткен брифинг барысында ресми өкіл Любовь Шапошникова мәлім етті.

Ресми өкілдің айтуынша, 2011 жылдың осы кезеңдегі 4 айымен салыстырғанда бұл айтарлықтай үлкен көрсеткіш болып отыр. Өйткені, былтырғы жылдың 4 айында 93 адам судағы оқыс оқиғаларға тап болса, оның ішінде 70 адам құтқарылып, 20 адам суда қаза болған еді.

«Биылғы жылы судағы оқиғаларға байланысты апатқа ұшырағандар санының көбеюінің өз себебі бар. Өйткені, 2012 жылғы 22 сәуірде Күршім өткелінде төтенше жағдай орын алған болатын. Онда «Самай» паромы қатты желдің салдарынан жағаға тоқтамақшы болып, оған оншақты метр жете алмай қайраңға тұрып қалған еді. Осыған орай, Шығыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаменті суда құтқару қызметімен жағаға 191 адам құтқарылып, жеткізілді», - дейді Л. Шапошникова.

Келтірілген мәліметтерге қарағанда, су нысандарында адамдардың қаза болуының басты себебі судағы қауіпсіздіктің міндетті қағидаларының сақталмауы, оны өрескел бұзудан туындайды екен. «Мәселен, суға  түсу маусымында қаза болу оқиғасының 75 пайызы тыйым салынған және арнайы жабдықталмаған, күзет қызметі қарастырылмаған тоғандарда, су айдындарында  орын алады. Ал су нысандарының жанында ата-ана қарауынсыз қалған балалардың суға кету фактілері 15 пайызды құраса, мас күйінде суға түсіп, оның соңы өліммен аяқталатын оқиғалар 10 пайызды құрап отыр», - дейді ресми өкіл.

Оның айтуына қарағанда, суға түсу маусымы барысында жазатайым оқиғалардың басым бөлігі Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Жамбыл облыстарының су нысандарында орын алып келеді. «Қапшағай су қоймасының жағалауында да жыл сайын оқыс оқиғалар жиілейтінін атап өткен жөн. Бұнда 100 шақырымнан астамға созылып жатқан су жағалауында 500-ге тарта демалыс базасы қызмет етуде. Дегенмен олардың басым бөлігі су нысандарына қатысты қауіпсіздік қағидаларын дұрыс сақтап отырған жоқ», - дейді Л. Шапошникова.

Соңғы жаңалықтар