4 айдың ішінде балаларға қатысты 1 309 қылмыс тіркелген — Динара Зәкиева
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл елімізде алғашқы 4 айдың ішінде балаларға қатысты 1 309 қылмыс тіркелген. Оның 60%-ы зорлық-зомбылықпен байланысты. Бұл туралы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Kazinform тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.

— 2025 жылдың алғашқы төрт айында 5 765 ата-ана Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша, яғни балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеу үшін жауапкершілікке тартылды. Бүгінгі таңда 6 мыңнан астам ата-ана ішкі істер органдарының есебінде тұр, - дейді Динара Зәкиева.
Қазақстандық жеткіншектер көбіне сыныптастарымен қарым-қатынаста қиындыққа ұшырайды екен. Одан бөлек зорлық-зомбылық пен буллинг мәселесі де өршіп тұрған көрінеді.
— Балалардан түскен қоңыраулар мен хабарламалардың ішінде ең өзекті мәселелер — сыныптастармен қарым-қатынас, зорлық-зомбылық, буллинг және психологиялық сұрақтар. Мысалы, осы жылғы төрт айда 264 бала психологиялық сұрақпен хабарласты. 111 байланыс орталығының операторлары 25 суицидтің алдын алды. Сонымен қатар ауыр депрессияда жүрген балалар жазып жатыр, олардың бәрімен Балаларды психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істеп жатыр. Одан бөлек, 480 қылмыстық іс бойынша жұмыс жүргізіп, уәкілетті органдарға 800-ден астам сұрау салдым, - дейді маман.
Байланыс орталығына бала құқығы мәселесімен ересектер де жиі хабарласады екен.
— Мысалы, бір әйел Алматы облысынан хабарласып, өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төніп тұрған балалар туралы хабарлады. Бұл ақпарат мектепке, полицияға және қамқоршылық органдарына жолданды. Тексеріс нәтижесінде балалардың анасы алкогольге тәуелді екені анықталып, балалардың қаіпті ортада өмір сүріп жатқандығы расталды. Осыған байланысты олар Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Ана емделуге жіберіліп, онымен кешенді жұмыс басталды, - дейді уәкіл.
Динара Зәкиева мектептердегі бала қауіпсіздігі мәселесі аса мәз еместігін айтады. Tүрлі қиындықтарын айтып, дабыл қаққан балалардың жан айқайын мектеп қызметкерлері ескерусіз қалдырған көрінеді. Ол мұндай жағдайлардың әсіресе оңтүстік, батыс өңірлері мен Алматы облысында жиі кездесетінін жеткізді.
— Өкінішке қарай, Түркістан, Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында білім беру саласындағы өзекті жүйелі мәселелер анықталды. Мысалы, балалар зорлық-зомбылық, ақша бопсалау, дедовщина, тамақ тартып алу, буллинг, дене шынықтыру мұғалімдерінің сексуалдық әрекеттері туралы психологтардың анкеталарында, мұғалімдерге, директорларға хабарлаған. Бірақ олар полицияға, уәкілетті органдарға хабарламады. Инспекторлар мектептен буллинг бойынша ақпарат сұратқанда, олар буллингті 0% деп берген. Бір мектепте балалар күзде 50 оқушы қатысқан жаппай төбелес болғанын айтты, бірақ мектеп бұл фактіні жасырып отыр. Ал мектеп тарапынан болған бұндай әрекет кейін одан да ауыр қылмыстарға әкелуі мүмкін, - дейді ол.
Мұндай қателікке мемлекеттік орган қызметкерлері де жол береді.
— Кейбір өңірлерде, атап айтқанда, Жетісу және Алматы облыстарында полиция, білім беру, денсаулық сақтау басқармалары қиын жағдайдағы отбасылар, қолайсыз отбасылар туралы, зорлық-зомбылық фактілері туралы ақпаратты Отбасын қолдау орталықтарына бермейді. Соның салдарынан мыңдаған отбасы көмексіз қалып жатыр. Бұл мәселелерді әкімдіктердің алдында көтердік, - дейді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Алайда, маман заңдағы біршама өзгерістерден кейін балалар мен жасөспірімдерге қатысты қылмыс біршама азайғанын тілге тиек етті.
— Президент тапсырмасымен қабылданған заңдар мен іс-шаралар нәтижесінде елімізде бала құқықтарының бұзылуы, оның ішінде балаларға қатысты аса ауыр қылмыстардың саны азайды. Мәселен, биылғы төрт айдың қорытындысына келсек, жыныстық зорлық-зомбылық фактілеріне қатысты бес бап бойынша қылмыстар 24,7%-ға, ал педофилияға қатысты екі бап бойынша қылмыстардың саны 41%-ға азайды, - дейді Зәкиева.
Еске сала кетейік, бірнеше ай бұрын Динара Зәкиева кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық жасаған 25 адам өмір бойына сотталғанын хабарлаған еді.