4 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні
1992 жылғы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді - бұл күн ел тарихында жаңа мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Мемлекеттік рәміздер - мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі. Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран мемлекеттің негізгі рәміздері саналады. Көгілдір түсті туымыз бен ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан елтаңбамыз бүкіл әлемге Қазақстан Республикасы аталатын жаңа тәуелсіз Мемлекет бейнесін паш етті. 1992 жылы суретші Шәкен Ниязбеков салған Мемлекеттік ту бекітілді. Егемен Қазақстанның бүгінгі Елтаңбасы - екі танымал сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың қыруар еңбегінің жемісі. 1992 жылы республикамызда әнұранның әні мен мәтініне конкурс жарияланды. Тұңғыш Қазақстан әнұран әнінің авторлары - Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди. 2006 жылы жаңа Мемлекеттік әнұран қабылданды. Өткен ғасырдың елуінші жылдары жарық көріп, халық арасында кең танылған патриоттық ән «Менің Қазақстаным» жаңа Әнұран негізіне айналды. Қазақстан Республикасы жаңа Мемлекеттік әнұранның авторлары - Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
Халықаралық агрессияның жазықсыз құрбаны болған балалар күні
1982 жылғы 19 тамызда Палестина мәселесі бойынша өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының төтенше арнайы сессиясының шешімімен, 1982 жылғы 4 маусымдағы Израиль Қарулы Күштерінің Бейруттағы тұрғын үй аудандарын бомбалауының бір жылдығына орай, 1983 жылдан бастап атап өтіледі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1943 жылы Қазақ КСР-нің алғашқы Мемлекеттік Әнұранын жазуға байқау жарияланды. Әнұран сөзі бойынша өткізілген байқауда 27 жастағы Қайым Мұхамедхановтың мәтіні таңдап алынса, сол кезде 30 жаста болған композитор Мұқан Төлебаев жас ақынның сөзіне тамаша ән жазды. Бұл ән 50 жылдан астам уақыт бойы салтанатты жағдайларда, маңызды шараларда әнұран ретінде шырқалып тұрды.
1944 жылы қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Әлия (шын есімі Ілия, майдандас достары «Лия» деп атаған) Нұрмұхамбетқызы Молдағұлова (1925-1944) - Совет Одағының батыры, снайпер, ефрейтор.1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты. Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 жылы 4 маусымда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды. Новосокольники ауданының Монаково ауылында жерленген. Әлия есімімен көшелер, ондаған мектеп (Мәскеудегі № 891 орта мектебі, Шымкенттегі № 29 орта мектебі, Новосокольники № 72 орта мектебі, Оралдағы № 38 орта мектебі), Әскери-теңіз флотының кемелері, Каспий жүк таситын теплоходы аталған. Ақтөбе, Астана, Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосокольники қалаларында ескерткіштер орнатылған. Ақтөбеде облыстық мемориалдық музей жұмыс істейді. Ақтөбедегі Халықаралық әуежайға Әлия Молдағұлованың есімі берілген.
1992 жылы Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туы туралы», «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасы туралы», «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдар күшіне енді. ҚР мемлекеттік туының авторы - суретшi Шәкен Ниязбеков. Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасының авторлары - Ж.Мәлiбеков пен Ш.Уәлиханов. 2006 жылғы 6 қаңтарда Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының әнұраны болып бекітілді.
2000 жылы Алматы облысының Жаңалық ауылында сталиндік геноцид құрбандарын қайта жерлеу рәсімі өтті. Бұрынғы Дихамбай және Әли ауылдарының орнында (мұнда адамдар аштықтан қайтыс болды, ауылдан тек 16 тұрғын тірі қалды) бауырластар қабірінде 30-шы жылдардың соңында атылған 2,5 мың адам жерленген. Үлкен қабірдің ішінде Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров және қазақ интеллигенциясының басқа да өкілдерінің сүйектері бар болуы мүмкін.
2000 жылы Қазақстан мен Иран арасындағы еңбек және әлеуметтік істер саласындағы ынтымақтастық хаттамасына сәйкес алғаш рет қазақтардың тарихи Отанына оралуы басталды. Барлығы 732 отбасы немесе 3661 адам көшіп келді.
2007 жылы Астанада Шешенстан Республикасының Президенті Рамзан Қадыров ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Шешенстанның алғашқы президенті «Ахмет Қадыров» орденін тапсырды. Қазақстан басшысы бұл орденмен екі ел арасындағы байланыстарды дамытуға қосқан үлесі және депортация жылдарында қазақ елінің шешен халқына көрсеткен қолдауы үшін марапатталды.
2007 жылы Мемлекет басшысының «Маңғыстау облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгеріс туралы» Жарлығы шықты. Жарлыққа сәйкес, Маңғыстау облысының құрамында әкімшілік орталығы Маңғыстау ауылында болатын әкімшілік-аумақтық бірлік - Мұнайлы ауданы құрылды.
2010 жылы ғалымдар Қостанай облысының аумағында бірегей геоглифтерді тапты.
2013 жылы Астана, Мәскеу, Лондон, Вашингтон және Шанхайда қазақстандық жастар Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранын онлайн режімде орындады.
2018 жылы қазақстандық Ерасыл Мұрат Тиранада (Албания) өткен ITF G5 теннис турнирінде жеңіске жетті.
2019 жылы Хорватиядағы Корчула аралында Халықаралық «Марко Поло» арт-фестивалі аясында Қазақстанның поэзия, музыка және киноөнер күндері табысты өтті. Қазақстан алғаш рет фестиваль ұйымдастыру комитетінің серіктес елі ретінде өнер көрсетті. Фестиваль Корчула қаласындағы Бейбітшілік бақшасында ағаш отырғызу акциясымен ашылды. Қазақстанның елшісі Төлежан Барлыбаев Қазақстан елордасының құрметіне «Нұр-Сұлтан» зәйтүн ағашының көшетін отырғызды. Хорватия Президентінің қамқорлығындағы Арт-фестиваль жыл сайын Корчула аралында өткізіледі, онда XIII ғасырда Орталық Азия мен Қытайға барған саяхатшы Марко Поло туған. Фестивальдің «Ұлы Жібек жолы - диалог пен ынтымақтастық жолы» ұраны Азия мен Еуропа елдері арасындағы мәдени-тарихи байланыстың маңызын көрсетеді.
2020 жылы Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында «StopMusor» әлеуметтік жобасын іске қосты. Жоба қала тұрғындарының экологиялық сауаты мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, мәдениетті дамытуға, қоқысты азайту үшін тұрғындар арасында тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратуға бағытталған.
2021 жылы Қазақстан Республикасының 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, Конституциясы және Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заңы бар ақпараттық файлдар Арктика әлемі мұрағатына (ARA) орналастырылды. Бұрын файлдар AWA басқаратын Piql арнайы технологиясы арқылы мұрағатталған.
Арктикалық әлем мұрағатында тарихи және мәдени маңызы бар цифрлық деректер, маңызды үлкен деректер, зияткерлік меншік және басқа да ақпарат бар. Деректер мәңгі мұзда терең болат қоймада 500 немесе одан да көп жыл қызмет етуге арналған тасымалдағышта сақталады.