4 сағатқа дейінгі кезек: Жаңа биометриялық жүйе Еуроодақ әуежайларының жұмысын тежеді

АСТАНА. KAZINFORM — Алты еуропалық елдің әуежайларында EES биометриялық сәйкестендіру жүйесі бірнеше сағатқа созылған кезек тудырды. Әуе компаниялардың басшылары дабыл қағып, жаздың соңына дейін жүйенің жұмысын тоқтатуды талап етті, деп хабарлайды DW.

4 сағатқа дейінгі кезек: Жаңа биометриялық жүйе Еуроодақ әуежайларының жұмысын тежеді
Фото: Pexels

Еуропалық Одақтың кіру/шығу жүйесінің (EES) толық іске қосылуы ЕО-ның бірнеше еліндегі әуежайлардың жұмысында елеулі іркілістерге әкелді.

Airports Council International мәліметінше, Франция, Германия, Бельгия, Италия, Испания және Греция елдеріндегі жолаушылар шекаралық бақылауда үш сағатқа дейін аялдады.

ACI-дің Еуропадағы бөлімшесінің басшысы Оливье Жанковец жағдайдың қарбалас уақытта күрт нашарлап жатқанын және жазғы демалыс маусымы басталғанда ірі көлік дағдарысына айналуы мүмкін екенін айтты.

Ryanair компаниясының бас директоры Майкл О’Лири де жаңашылдықты қатаң сынға алды. Ол жүйені енгізуді «бейберекетсіздік» деп атап, оны толық пайдалануды күзге дейін кейінге қалдыруды ұсынды. Сондай-ақ кейбір әуежайларда күту уақыты 4 сағатқа дейін жететіні айтылды.

Ал Еуропалық комиссия күрделі проблемалардың барын мойындамай отыр. Олардың мәліметінше, жүйе тұрақты жұмыс істейді, бір жолаушыны тексеріп, өткізудің орташа уақыты шамамен 70 секунд.

ACI өкілдері процедураның нақты ұзақтығы бірнеше есе жоғары болуы мүмкін екенін айтып, Еуропалық комиссияның көрсеткен шамасы ең төменгі уақыт деп санайды.

EES жүйесі паспорттарға мөр басудың орнына енгізілген және ЕО-ға кірмейтін елдердің азаматтары үшін міндетті биометриялық тіркеуді көздейді — оған фотоға түсіру және саусақ іздерін алу кіреді.

2026 жылғы 10 сәуірге қарай жүйеге Шенген аймағына кіретін барлық 29 ел қосылды. Ал ЕО азаматтары, тұруға рұқсаты бар адамдар және дипломаттар бұл рәсімнен босатылған.

Бұған дейін жолаушылар ағыны бойынша көшбасшы әуежайлар туралы жаздық.

Астана әуежайында ұшу-қону жолағында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты рейстер кестесіне уақытша өзгерістер енгізіледі.