4 шілде. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 4 шілде. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 4 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.
4 шілде, СӘРСЕНБІ
Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні. 1776 жылы Томас Джефферсон «АҚШ Тәуелсіздігі декларациясына» қол қойды. АҚШ - Солтүстік Америкада орналасқан мемлекет. Оңтүстігінде Канадамен, оңтүстік-батысында Мексикамен шектеседі. Шығысын Атлант мұхиты, оңтүстік-шығысын Мексика шығанағы, батысын Тынық мұхиты қоршайды. Әкімшілік жағынан 50 штатқа бөлінеді. Астанасы - Вашингтон қаласы. Ресми тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - доллар.
Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1991 жылғы желтоқсанның 26-ында орнатылды. АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Джон Ордвей.
Кооператорлардың халықаралық күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының кооперативтік альянстың 100 жылдық мерейтойына орай шақырылған 49-шы сессиясының шешімімен шілде айының бірінші сенбісінде атап өтіледі (1994 жылғы желтоқсанның 23-індегі 49/155 қарарының негізінде).
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
80 жыл бұрын (1932) бір топ қазақ зиялылары - Ғ.Мүсірепов, М.Ғатаулин, Е.Алтынбеков, М.Дәулетқалиев, Қ.Қуанышев БК (б) П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.Голощкинге хат (бесеудің хаты) жолдады. Бастапқыда хат И.Сталинге арнап жазылған болатын. Бесеудің хаты республикадағы мал шаруашылығының күйрегендігі салдарынан елді алапат ашаршылық жайлағандығын айтып сақтандырған алғашқы дабылдардың бірі болды. Хатта қазақ ауылындағы социалистік қайта құрулар бүкілхалықтық қасіретке айналып, барлық әлеуметтік топтарды - байларды, орта шаруаларды, кедейлерді қамтығаны, күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, алым-салық жинаудағы қиянаттар жұрттың жаппай аштық пен індетке, ауа көшуіне әкеліп соққандығы шыншылдықпен баяндалды.
20 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Халықаралық валюта қорына, Халықаралық қайта құру және даму банкіне, Халықаралық қаржы корпорациясына, Халықаралық даму қауымдастығына, Инвестициялар кепілдігінің көп жақты агенттігіне және Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталыққа мүшелікке өтті.
20 жыл бұрын (1992) Алматы эстрада-цирк училищесіне Жүсіпбек Елебековтың есімі берілді.
12 жыл бұрын (2000) Атырау қаласында қазақ халқының ұлы күйшісі, композитор, дүлділ домбырашы, қазақтың аспаптық музыкасының классигі Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткіші ашылды. Ол, 1823 жылы қазіргі Құрманғазы ауданының Жиделі елді мекенінде дүниеге келіп, 1896 жылы Астрахан облысының Алтынжар ауылында қайтыс болған.
12 жыл бұрын (2000) Шығыс Қашағанда мұнайдың орасан мол мұнай қорының ашылу салтанаты болып, оған Елбасы Н.Ә.Назарбаев қатысты. Онда әлемдегі ең үлкен баржа құрастырылып, жеті мемлекеттен мамандар тартылған. Шығыс Қашағандағы «қара алтын» қоры 7 миллиард тоннаны құрайды. Осы Каспий табанындағы «қара алтын» елімізге 1 триллион доллардан астам табыс әкеледі. Сарапшылар жаңа кеніштен жылына 100 миллион тонна мұнай өндіруге болатындығын айтуда.
12 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қазақстандық спортшы, 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен қысқы Олимпиадада, 50 шақырымға созылған шаңғы жарысының жеңімпазы Владимир Смирновқа «Даңқ» орденін табыс етті. Жалпы қазақстандық спортшылар қысқы Олимпиада өткен 46 жылда 11 медальді (1алтын, 5 күміс, 5 қола) жеңіп алса, соның жетеуі (1алтын, 4 күміс, 2 қола) Смирнов еншісінде.
9 жыл бұрын (2003) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Автомобиль көлгі туралы» Заңға қол қойды.
193 жыл бұрын (1819) Кронштадттан «Восток» және «Мирный» шағын қайықтары жер шарын айналған саяхатқа шықты. Осы экспедиция барысында алтыншы континент Антарктида ашылды.
128 жыл бұрын (1884) Азаттық ескерткіші Франциядан Америкаға әкелінді. 92 метр, 255 тонналық мүсіннің ашылу салтанаты 1886 жылы қазанның 28-інде болды.
7 жыл бұрын (2005) Ақтөбеде кәсіпкерлік және ішкі саясат департаменті ұйымдастыруымен облыстық әйелдердің ойлары мен тауарларынан құралған «Қанатты әйел-2» жәрмеңкесі болып өтті.
Шараға облыстың 80-нен астам қолөнерші, табысқа жеткен кәсіпкерлер, модельер мен суретші, мәдениет пен өнер саласының қызметкерлері, ұйымдар мен кәсіпорынның басшы әйелдері қатысты. Жәрмеңкеге өндіріс, денсаулық сақтау, білім, қоғамдық және ғылыми-өндірістік бірлестік саласының идеялары мен өнімдері көрсетілген 60 жәдігер қойылған.
Жәрмеңкенің басты мақсаты - әйел мәртебесін жоғарлату, әйел кәсіпкерлігін көрсету және насихаттау.
3 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Президенті Астанада жетім балаларға арналған 300 орынды мамандандырылған кәсіби-техникалық лицейді ашты.
Құрылысты «Қазақмыс» корпорациясы жүргізген.
Бұл оқу орнында токарь, газбен және электрмен дәнекерлеуші, экскаватор және бульдозер жүргізушісі, кранда жұмыс істеуші, электр монтері, аспаз, бармен, түрлі санаттағы жүргізуші сияқты мамандарды даярлайды. Лицейде алаңы 360 шаршы метрлік оқу-жаттығу бассейні, алаңы 180 шаршы метрлік зал және қала мектептерінің ішіндегі ең үлкен - ұзындығы 42 метрлік спортзал және 204 орындық трибуна бар.
3 жыл бұрын (2009) Ақмола облысында «Семізбай-U» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылдық қуаты 500 тонна уран өндіретін жаңа кәсіпорынды іске қосты.
Барлау және қазба жұмыстарында саладағы озық технологиялық жетістік кеңінен қолданылып, қоршаған ортаға еш зиян келтірмеу қамтамасыз етілген. Шикізатты өңдеуде «Степногор тау-химия комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өндірістік қуаты пайдаланылады.
3 жыл бұрын (2009) Алматыда «Шаңырақ-1» ықшамауданында Алатау ауданының тұсау кесер рәсімі болып өтті.
2008 жылы Алматы қаласының әкімшілігі мен мәслихатының бірлескен шешімі бойынша Әуезов, Жетісу және Алмалы аудандарының аумағынан ұйымдастырылған Алатау ауданы құрылды. Жаңа ауданың аумағы 7190 гектар жерді алып жатыр. Оның құрамына «Өжет», «Красный трудовик», «Заря Востока», «Ұлжан» - 1,2, «Дархан», «Байбесік», 6-градкомплекс, «Шаңырақ» - 1, 2, 3, 4, 5, 6, «Көкқайнар», «Әйгерім» - 1, 2, «Құрылысшы», «Түркістан», «АДК», «Ақбұлақ», «Алғабас» атты қосылған ауылдар кiредi.
Жаңа әкiмшiлiк ауданды құрудың басты мақсаты қосылған ауыл тұрғындарының хал-жағдайларын жақсарту, сонымен бiрге Алматы қаласын солтүстік және солтүстiк-батыс бағыттарында әрі қарай дамыту болып табылады.
16 жыл бұрын (1996) Қытай Халық Республикасының бұрынғы Төрағасы Цзян Цзэминь тұңғыш ресми сапармен Қазақстанға келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы бірлескен декларацияға қол қойылды.
ЕСІМДЕР
194 жыл бұрын (1818-1886) орыс шығыс зерттеушісі, түрколог, тарих ғылымының докторы, Қазан, Петербор университеттерінің профессоры БЕРЕЗИН Илья Николаевич дүниеге келді.
Оның негізгі еңбектері: «Петербург кітапханаларында сақтаулы түрік-татар қолжазбаларының сипаттамасы», «Шығыс елдерінде өткен үш жылдық саяхатқа шолу», «Шығыс тарихшыларының кітапханасы», 16-томдық «Орысша энциклопедиялық сөздік». «Шығыс тарихшыларының кітапханасы» атты жинаққа Рашид ад-Дин, Шайбани, Қадырғали Қосынұлы Жалаири, Әбілғазы еңбектерінің орысша аудармасы енді. 1842-1945 жылдары ғылыми мақсатпен Кавказ сырты, Дағыстан, Иран, Түркия елдерін аралап қайтты. Филология саласындағы еңбектері түркі халықтарының ауыз әдебиетін, диалектілерін зерттеуге арналған. «Хан жарлықтары» еңбегіне Ш.Уәлиханов сын жазып, кейбір тарихи-этнографиялық терминдердің мәнін ашуына көмектесті.
88 жыл бұрын (1924) филология ғылымының докторы, профессор САРМУРЗИНА Масура Ғайсақызы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Аталған университеттің доценті, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1962-1969 жылдары - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры. 1969-2000 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің доценті, филология факультетінің деканы. 2000 жылдан зейнет демалысына шыққан.
Медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
48 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі, «Алтын жұлдыз» конкурсының лауреаты КИЯНИЦА Виктор Витальевич дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бтірген. «Комсомольская правда» газетінің тілшісі, «Московские новости» газетінің Қазақстан және Орта Азия бойынша арнаулы, меншікті тілшісі, «Огонек» журналының Қазақстан бойынша меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. 1997-1998 жылдары - «Gala-TV» телекомпаниясының шеф-редакторы, «Хабар» агенттігі «Жеті күн» бағдарламасының жетекшісі. 1998-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз хатшысы - баспасөз қызметінің жетекшісі. 2000-2001 жылдары - Нұрсұлтан Назарбаев білім қоры Қоғамдық байланыс орталығының жетекшісі. 2001-2002 жылдары - «Мұнай және газ көлігі» жабық акционерлік қоғамының департамент директоры. 2002-2003 жылдары - «Комсомольская правда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры. 2003-2005 жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК» жабық акционерлік қоғамының департамент директоры, «АсТВ» телекомпаниясының бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамының Алматы қаласындағы баспасөз орталығының жетекшісі, «Страна и мир» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2005 жылдан бастап істейді.
67 жыл бұрын (1945) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Жаратылыстану Ғылымдары Академиясының академигі ШЕРИЯЗДАНОВ Ғалым Бекенұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Көксу ауданында туған. Т.Шевченко атындағы Киев мемлекеттік университетін және оның аспирантурасын бітірген.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті теориялық механика кафедрасының аға оқытушысы, доценті, тұтас орта механикасы кафедрасының доценті, профессоры қызметтерін атқарған. 2000 жылдан - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті механика кафедрасының профессоры.
Физика-математика ғылымдарының 6 кандидатын дайындады. 110 ғылыми жұмыстардың, 1 оқулық және 5 оқу құралдарының авторы.
Медальдармен, КСРО Жоғарғы оқу орындары министрлігінің «За отличные успехи в работе» және Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «За заслуги в развитии науки Республики Казахстан» төс белгілерімен марапатталған. 2007 жылғы «Жоғарғы оқу орындарының үздік оқытушысы» атты мемлекеттік гранттың иегері.
37 жыл бұрын (1975) Д.Қонаев атындағы Гимназия және колледж директорының орынбасары ДҮЙСЕНОВ Асқар Кеңесұлы дүниеге келді.
Астана қаласында туған. Қызылорда медициналық училищесін, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген.
«За будущее Казахстана» Республикалық жастар қозғалысының облыстық кеңесі бөлімшесінің төрағасы, Республикалық студенттік құрылыс отряды штабының төрағасы, Қоғамдық ұйымдарда кадрлық-ұйымдастыру мәселелері жөніндегі кеңесші, «Родители - ради детей» Қоғамдық ұйымы кеңесінің төрағасы «Дәнекер» Халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтының (Д.Қонаев атындағы университетінің бөлімшесі) тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры, Д.Қонаев атындағы гимназияның директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдың қазан айынан.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10-жылдығына орай Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталған.
86 жыл бұрын (1926) әнші (лирикалық баритон), Қазақстан Республикасы Музыка қайраткерлері одағы басқармасының төрағасы, Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жеке орындаушысы, КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, профессор, Социалистік Еңбек Ері СЕРКЕБАЕВ Ермек Бекмұхамедұлы дүниеге келді.
Петропавл қаласында туған. Петр Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесін (Петр Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі), Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген.
Ермек Серкебаев орындаған партиялардың ішінде Ахмет Жұбанов және Латиф Хамидидің операсындағы - Абайды, «Біржан мен Сара» операсындағы Қожағұл, Амангелді, Петр Чайковскийдің «Евгений Онегин» және «Пиковая дамасында» Онегин мен Елецкиді, Джоаккино Россинидің «Севиль шаштаразы» Фигароны, «Укрощение строптивой» Петруччионы, Евгений Брусиловский мен Еркеғали Рахмадиевтің операсындағы Ер Тарғын және Алпамыс батырлар және басқа да көптеген операларда ойнаған. Кино өнері саласында да атсалысып, «Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер», т.б. фильмдерге түскен. Гастролдік сапармен әлемнің 50-ден аса елдерінде болған. 1973 жылдан қазіргі кезге дейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында вокал класы бойынша дәріс береді. 2006 жылы - Мәскеу консерваториясының үлкен залында ән шырқаған. Қазіргі қызметінде 1947 жылдан бастап істейді. КСРО Жоғарғы Кеңесі 7-шақырылымының депутаты, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 8, 11- шақырылымдарының депутаты.
«Отан», Еңбек Қызыл Ту, Қазан революциясы, 2 мәрте Ленин ордендерімен, медальдармен марапатталған. КСРО мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық вокалистер конкурсының лауреаты, вокалистер мен балет әртістерінің бүкілодақтық конкурсы сыйлығының және «Тарлан» сыйлығының иегері. 2011 жылы желтоқсанның 22-сі күні Алматыда Ирина Серкебаеваның «И жизнь, и молодость, и счастье» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітап Қазақстанның халық әртісі, атақты әнші Ермек Серкебаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған.
55 лет назад (1957) ҚР Президенті Әкімшілігінің құқық жүйесі бөлімінің меңгерушісі ШПЕКБАЕВ Алик Жатқамбайұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Қаскелең ауданының Абай ауылында туған. КСРО ІІМ Шымкент орта арнайы мектебін (1980); КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін (1987) заңгер мамандығы бойынша; РФ ІІМ академиясын (1993) бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты (2005). 1975 жылдан - Кеңес Әскерінің қатарында қызметте. 1977 жылдан - Каменск ҚЖМК слесарі. 1980 жылдан - Алматы облыстық атқару комитетінің ІІБ ЕТК-71 жедел белімінің отряд бастығы, инспекторы, СИ-1 жедел белімінің инспекторы. 1984 жылдан - Алматы облысы Қас- келең АІІБ ҚІБ жедел екілі, аға жедел екілі. 1988 жылдан - Қаскелең ауылдық милиция белімінің бастығы. 1989 жылдан - Апматы облысының Балқаш АІІБ бастығы. 1992 жылдан - Алматы облыстық ІІБ Криминалдық милиция басқармасының бастығы, ҚІБ бастығы. 1994 жылдан - Апматы облысының ҚаскелеңАІІБ бастығы. 1995жылдан - Апматы облысы бойынша МТКБ бастығының орынбасары, Апматы облысы бойынша МТКД Аса қауіпті қылмыстарды тергеу басқармасының бастығы. 1997 жылдан - ҚР ІІМ ¥йымдасқан қылмысқа қарсы күрес бас басқармасында басқарма бастығы, ¥йымдасқан қылмысқа қарсы күрес бас басқармасы бастығының орынбасары, 1998 жылдан- ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары. 2000 жылдан - Алматы облыстық ІІББ бастығы. 2003 жылдан - ҚР ішкі істер вице-министрі. 2008 жылдың қараша айынан бері - ҚР Президенті Әкімшілігіндегі құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі. ҚР Шыңға ермелеушілер федерациясының президенті. II дәрежелі «Айбын» (1999), II дәрежелі «Даңқ» (2005) ордендерімен, ҚР ¥лттық олимпиада комитетінің Алтын орденімен (2010); медальдармен марапатталған.
38 жыл бұрын (1974) Астана қаласы әкімінің орынбасары БАЛАЕВА Аида Ғалымқызы дүниеге келді.
Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген. 2000 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. 2007 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. 1999 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Қызметін Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Алматы облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының қоғамдық-саяси процестерді талдау және үйлестіру бөлімінің жетекші маманы болып бастаған. Аталған министрлік жүйесінде 2004 жылға дейін жетекші маманнан бастап Алматы қаласының Ақпарат басқармасы бастығының міндетін атқарушысына дейін түрлі қызметтер атқарған. 2004 жылы Алматы қаласының Ішкі саясат департаменті бастығы директорының бірінші орынбасары болып тағайындалды. 2006 жылы Алматы қаласының Ішкі саясат департаментінің директоры болып ауысты. 2008 жылдың 16 сәуірінен бастап Астана қаласы Ішкі саясат департаментінің директоры, кейін басқарма бастығы болып жұмыс істейді. 2010 жылғы ақпаннан бастап Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметінде.