4 жыл 6 айға сотталған Арменияның бұрынғы Мәдениет министрі жазадан сытылып кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Арменияның бұрынғы мәдениет министрі Асмик Погосян 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды, алайда оған рақымшылық қолданылды. Сот үкімі заңды күшіне енді. Бұл туралы Арменпресс агенттігі Арменияның Бас прокуратурасына сілтеме жасап хабарлады.

Арменияның бұрынғы Мәдениет министрі Асмик Погосян
Фото: Арменпресс

Армения Бас прокуратурасының мәліметінше, 2023 жылғы 18 қазанда Асмик Погосянның 2012-2016 жылдары Армения Республикасының мәдениет министрі қызметін атқара отырып, қызметтік өкілеттіктерін мемлекет мүддесіне қарсы пайдаланғаны анықталған. Ол қылмыстық топқа Ереван қаласындағы П.Чайковский атындағы орта музыкалық мектепке тегін пайдалануға берілген жер телімінен бөлінген 300 шаршы метр жерді заңсыз иемденуге жәрдемдескен.

2023 жылғы 27 қыркүйекте прокурор Асмик Погосянға қатысты жария қылмыстық қудалау ісін қозғады. Ал 2023 жылғы 4 қазанда бұрынғы мәдениет министріне қатысты іс бөлініп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сотқа жолданды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қылмыстық соттың 2025 жылғы 6 қарашадағы шешімімен Асмик Погосян қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, аса ірі көлемдегі алаяқтыққа көмектесу және оған айдап салу баптары бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Сот үкімі бүгін, 31 қаңтарда заңды күшіне енді. Алайда соттың шешімімен айыпталушы Асмик Погосян жазадан босатылды. Оған 2018 жылғы 6 қарашада күшіне енген Армения Республикасының «Еребуни–Ереван қаласының негізі қаланғанына 2800 жыл толуына және Армения Бірінші Республикасының тәуелсіздігі жарияланғанына 100 жыл толуына орай қылмыстық істер бойынша рақыншылық жариялау туралы» заңының 2-бабы 1-бөлігінің 2-тармағы қолданылды.

Еске сала кетейік, 2024 жылы ақпанда еліміздің бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Соңғы жаңалықтар