400 млн теңге салық – Джей Ло концерті Қазақстанға қандай пайда әкеледі
АСТАНА. KAZINFORM – «Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов америкалық актриса және әнші Дженнифер Лопестің Астанада өтетін концертінен қанша экономикалық пайда түсетінін айтып берді.

− Бүгін Қазақстан үшін ғана емес, тұтас Орталық Азия үшін тарихи оқиға болатын ерекше жобаны қуанышпен көрсеткім келеді. 1 тамызда «Астана Арена» стадионында әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопестің концерті өтеді, ол толығымен коммерциялық негізде ұйымдастырылған, − деді М.Хасенов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, Дженнифер Лопестің келуі – Астананың А-классты жұлдыздардың гастрольдік картасына енуіне жол ашады.
− Бұл концертке 15 мыңнан астам шетелдік турист келеді деп болжап отырмыз. Қаланың экономикасына, HoReCa жүйесіне (қонақ үй, мейрамхана, кейтеринг) 6,5 млрд теңге және концерт өткізуден 400 млн теңгеден астам тікелей салық түсімі күтіледі – деді ол.
Айта кетейік, кеше әлемдік жұлдыз Up All Night турнесінің басталғанын жариялады. Әлемдік тур 1 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасады. Ол әлемнің 17 қаласын қамтиды, соның ішінде: Анталья мен Ыстанбұл, Мадрид пен Барселона, Будапешт, Варшава, Бухарест, Әбу-Даби қалалары бар.