«400 тәтті тақпақ»: балаларға арналған тақпақтар жинағының таныстырылымы өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордада белгілі қаламгер Баянғали Әлімжановтың балаларға арналған «400 тәтті тақпақ» атты тақпақтар жинағының таныстырылымы өтті.

«400 тәтті тақпақ»: балаларға арналған тақпақтар жинағының таныстырылымы өтті
Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы/Kazinform

Кітапта Отан, отбасы, ана тілі, оқу-білім, адамгершілік құндылықтар, мерекелер, қазақтың тыйым сөздері сынды балаларға арналған түрлі тақырыптар қамтылған.

Баянғали Әлімжанов
Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы/Kazinform

– Бұл еңбегім балалар үшін құнды рухани азық болады деп ойлаймын. Үшінші рет басылып, таратылып жатыр. Өмірден алынған қысқа-нұсқа, тәтті тақпақтар. Балаларды телефоннан алыстатып, кітап оқуға баулуымыз қажет. «400 тәтті тақпақ» кітабында балаларға қажетті барлық тақырып қамтылған. Жинақ ата-аналарға, балабақша тәрбиешілеріне және бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған таптырмас көмекші құрал. Ана тілімізді балалардың санасына сіңіріп, оның қасиетін сезініп өсуіне өте пайдалы кітап, – дейді ақын Баянғали Әлімжанов.

Жинаққа енген өлеңдер оқуға жеңіл, жаттауға ыңғайлы және есте тез сақталады. Сондай-ақ кітап әсем суреттермен безендірілген.

Баянғали Әлімжанов
Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы/Kazinform

Айта кетейік, тақпақтар жинағы Marwin/Meloman дүкендері желісінде өтіп жатқан BOOKFEST 2025 фестивалі аясында таныстырылды. Фестиваль аясында тек кітап сатып алу мүмкіндігі ғана емес, әртүрлі жастағы адамдарды біріктіретін үлкен әдеби орта қалыптасады. Басты мақсат – оқырмандарды әлемдік әдеби жауһарлармен таныстыру, оқу мәдениетін күнделікті өмір салтына айналдыру және отандық авторларды қолдау.

Жыл сайын мыңдаған оқырманды біріктіретін шара биыл да ауқымды бағдарлама ұсынды:

• үздік кітаптар жеңілдік бағамен;

• сыйлықтар мен тосынсыйлар ұтысы;

• отандық және шетелдік авторлармен кездесулер;

• танымал кәсіпкерлермен ашық сұхбаттар;

• шеберлік сағаттары, дәрістер және автограф-сессиялар.

Қазан айында бүкіл Қазақстан бойынша кітап фестивалі өтетінін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар