4,1 млрд теңгелік жоба: Созақ ауданы табиғи газбен қамтыла бастады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Созақ ауданына барып, Шолаққорған ауылдық округінде табиғи газбен жабдықтау желілерін іске қосу салтанатына қатысты.
Облыс басшысы аудан тұрғындарын тарихи оқиғамен құттықтап, Созақ ауданына тұңғыш рет табиғи газ беріліп отырғанын атап өтті.

– Бүгін қарт Қаратаудың баурайындағы Созақ ауданында тарихи сәтке куә болып отырмыз. Шолаққорған ауылында табиғи газ желілері іске қосылып, елдің көптен күткен арманы орындалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ауылдық елді мекендерді әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл бағытта өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. 2025 жылы облыста 87 газ нысанының құрылысы қолға алынды. Оның ішінде 45 жоба аяқталып, 70 мың халқы бар 41 елді мекен табиғи газға қосылды. Өткен жылдың қорытындысымен 606 елді мекен газбен қамтылып, 1,9 млн-нан астам тұрғын «көгілдір отынның» игілігін көрді. Бүгінгі жоба – сол жұмыстың нақты нәтижесі. Созақтағы АГТС-ы бар магистральды газ құбырының маңызы ерекше. Бұған дейін облыстың барлық аудан, қаласы газбен қамтылып, тек Созақта ғана бұл мәселе шешілмеген еді. Енді аудан тұрғындары да газдың игілігін көріп, тұрмыс сапасын жақсартады. Сонымен қатар экологияны жақсартуға, инвестиция тартуға және кәсіпкерлікті дамытуға жол ашылады, – деді Нұралхан Көшеров.

Салтанатты шара барысында Шолаққорған ауылдық округіндегі табиғи газ желілері ресми түрде іске қосылып, тұрғын үйде газ жағу рәсімі өткізілді.
Жобаның жалпы құны 4,1 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталып, 2025 жылдың желтоқсан айында аяқталған. Жобаның қуаттылығы – сағатына 30 000 текше метр. Жоба толық іске қосылған жағдайда Шолаққорған ауылдық округіндегі 4 600 тұрғын үй табиғи газбен қамтылады.

Сондай-ақ аталған автоматтандырылған газ тарату станциясы арқылы ауданның өзге де елді мекендерін кезең-кезеңімен газбен қамту жоспарланған.
Созақ тұрғындары жобаны жүзеге асыруға атсалысқан облыс, аудан әкімдіктеріне және «QazaqGaz» АҚ-на алғыс білдірді.