17:09, 06 Қаңтар 2009 | GMT +5
41 жастағы ақтөбелік әйел ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп айыпталуда
АҚТӨБЕ. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбелік полицейлер 41 жастағы әйелге қатысты есірткі сату жөніндегі ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген айыппен қылмыстық іс қозғады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Облыс ІІД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, оған Ақтөбе қаласының екі тұрғыны көмектескен, олардың бірі 70 жасқа таяп қалған кейуана. Бұл үш әйел өткен жылы да есірткі заттарын сатқаны үшін ұсталған болатын. Олардың бірінен жеке үйдің ауласына көмілген 196 грамм героин табылған еді. Қылмыстық топ бір жылдан бері Есірткімен күрес басқармасының бақылауында болып келді. Осы кезеңде полицейлер бірнеше рет бақылау ретінде олардан есірті сатып алып, олардың қылмыстық ісін хаттап қойды. Топ құрды деп айыпталып отырған әйел бұрын Оңтүстік Қазақстан облысында тұрған, онда да есірткі сатқаны үшін істі болған. Ал оның күйеуі қазір осындай қылмысы үшін жазасын өтеуде.
Ұсталған үш әйел қазір оқшаулау абақтысында отыр.