45 градус: Түркістан облысында аптап ыстықтан асфальттағы бетон плиталар көтеріліп кетті

жол
Фото: ҚазАвтоЖол

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Күн райының 45 градусқа көтерілуінен республикалық маңызы бар М-32 «РФ (Самара) - Шымкент» автожолының 2155 шақырымында цемент-бетон плиталар көтеріліп кетті.

Оқиға Түркістан бағытында болды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Қанат Жолтаевтың айтуынша, жолдың бұзылған бөлігіндегі ақауларды жою және көлік қозғалысын қалпына келтіру жұмыстарына 4 техника мен 10 адам жұмылдырылды.  

жол
Фото: ҚазАвтоЖол

«2155 шақырымда көтерілген бетон плиталар бойынша «KAZHservice» ЖШС арқылы қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Керекті жол белгілерінің барлығы орнатылды. Кеше асфальт салынды. Жалпы, жолда көлік қозғалысы тоқтаған жоқ. Бір тәулік ішінде жұмыстар толығымен аяқталды. Көліктер тоқтаусыз жүріп жатыр. Қателеспесем, өңірде күн райы 45 градустан жоғары болды», - деді Қанат Жолтаев.

жол
Фото: ҚазАвтоЖол

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында ауа температурасы 45-46 градусқа дейін көтерілетінін жазған болатынбыз. Ал облыстық Төтенше жағдай департаменті күннің қатты ысуына байланысты өрт қауіптілігінің 5-ші санаты енгізілетіндігін хабарлады.

 

Соңғы жаңалықтар