4,5 млрд теңге жымқырған есепшілер ісі: екі фигуранттың жазасы жеңілдеді
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысында атышулы «есепшілер ісі» апелляциялық сотта қаралды. 4,5 млрд теңге мемлекет қаржысын қолды еткен бухгалтерлерге қатысты үкім биыл жазда жарияланған. Облыстық қылмыстық істер сотының судьясы 18 есепшіні 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырған болатын. Солардың екеуі апелляция арқылы жазаларын жеңілдетті.
![Жетісу облыстық соты сот](/static/img/plug.webp)
Судья сотталған Шарипова мен Барғанаеваның жеті жылдық мерзімдерін шартты түрдегі жазаға ауыстырды. Өйткені олар мемлекетке келтірген шығынды толық өтеген екен.
![Жетісу облыстық соты сот](https://img.inform.kz/kazinform-photobank/media/2024-11-27/b8a6d8c5-29ed-4338-b0ab-8265bb1cb70d.jpeg)
Ал қалған есепшілерге қатысты үкім өзгерген жоқ. Осыдан 4 ай бұрын қылмыстық істің негізгі 3 ұйымдастырушысын 12 жылдан 15 жылға дейін, 15 сотталушыны 7 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айырған болатын.
![Жетісу сотында жемқор есепшілерге үкім кесілді жемқор есепшілер](https://img.inform.kz/kazinform-photobank/media/2024-11-27/bc6c2897-db22-478b-9e45-bedca90770f1.jpeg)
Тағы 2 есепші шартты түрде сотталып, біреуіне қатысты іс оның қайтыс болуына байланысты тоқтатылған еді. Алайда сотталғандардың қорғаушылары «Ұйымдасқан қылмыстық топ құру» бабын өзгертуді сұрап отыр.
![судья судья, сот](https://img.inform.kz/kazinform-photobank/media/2024-11-27/5608030e-d934-49d7-a318-284b6263194a.jpeg)
«Негізі «ОПГ» деген сөз бұл жерде болмауы керек еді. Меніңше, «хищение» болатын еді. Әркімнің өзінің қанша жасағанын қарау керек еді. Бірінші сатыдағы сот ұйымдасқан қылмыстық топ туралы заңда жоқ, күші жойылған Жоғарғы соттың қаулысын қолданған. Бір сөзбен айтқанда мына отырған адамдар 262-бап бойынша сотталып отыр. Қолданыста жоқ заңмен», — дейді адвокат Бауыржан Балтабаев.
![адвокат Бауыржан Балтабаев адвокат Бауыржан Балтабаев](https://img.inform.kz/kazinform-photobank/media/2024-11-27/feaca3f1-a7d2-42e0-8702-ec6a857010d9.jpeg)
Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында білім бөлімінің үш бухгалтері 34 млн ақша жымқырғанын жазғанбыз.
Сонымен қатар, жақында СҚО-да 4,5 млн теңге сомасында бюджет қаражатын ұрлаған аудандық білім бөлімінің бухгалтері сотталғаны белгілі болды.
Бұдан бөлек, Шымкентте 5 164 921 теңгені қолды еткен бухгалтер 3 жылға сотталғаны хабарланды.